10.02.2026, 16:00
Оқылды: 14

Орманшыларға қыста да тыным жоқ

 

Олар жабайы жануарлар мен балықтарға қамқорлық жасауда.

Өзге өңірлердегідей Ақ Жайық өңірінде де аңшылық шаруашылықтарды дамыту, жабайы аң-құстардың санын сақтау және көбейту, сондай-ақ табиғи тепе-теңдікті қамтамасыз ету мақсатында биотехникалық және есептік іс-шаралар кешенді түрде жүргізіледі. Бұл жұмыстарды облыс әкімдігіне қарасты орман  және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемелер жоспарлы негізде атқарады.

cdd02d98-0ecd-44b4-b3b2-5f43efc4184e (1)

Қыс мезгілінде жер бетін жауған қар мен қатқан мұз жабайы жануарлар мен құстардың табиғи азығын табуына қиындық келтіреді. Осыған байланысты орман шаруашылығы мекемелері тарапынан аң-құстарды қосымша азықтандыру жұмыстары ұйымдастырылады. Олардың табиғи ортада шығынсыз қыстап шығуына барлық жағдай жасалуда.

– Облыс аумағында сегіз орман шаруашылығы мекемелері бар. Осы мекеме инспекторлары  жабайы аңдарды қамқорлау үшін 262 келі тұз (солонец), 14,4 тонна шөп, алты тонна жем, көктерек, қайың бұтақтарынан жасалған 4666 дана сыпыртқы дайындады. Дайындалған азық түрлері  орман-тоғайдағы арнайы орындарға қойылуда. Бұдан бөлек, жануарларды азықтандыру мақсатында 59 дана қоректендіргіш астау орнатылды. Аталған жұмыстар жабайы аңдардың қыстан аман шығуына, күйін тұрақтандыруға және олардың санын сақтауға оң әсерін тигізуде, – деді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқарма басшысының орынбасары Дархан Закарин.

Орманшылар қысқы кезеңде су айдындарындағы балықтарды да қамқорлайды. Мұз қабатының қалыңдауынан су құрамындағы оттегі мөлшері азайып, балықтардың жаппай қырылу қаупі туындайды. Мұндай келеңсіздікті болдырмау үшін аэрация жұмыстарына ерекше көңіл бөлінуде. Осыған байланысты облыс аумағында жүйелі түрде үлкенді-кішілі ойықтар ойылып,  су айдындарына ауа жіберу жұмыстары жүргізілуде. Басқарма басшысы орынбасарының айту­ынша, жыл басынан орман шаруашылығы қызметкерлері өңір аумағындағы айдындарда 27 үлкен және 589 шағын ойық ойған. Бұл бағыттағы шаруалар әлі де жалғасуда.

Бұдан басқа жабайы жануарлар мен құстардың санын нақтылау мақсатында есептік жұмыс­тар тұрақты түрде жүргізілуде. Орманшы инспекторлары жүргізетін мұндай санақ жұмыстары  аң-құс популяциясының жай-күйін бақылауға және алдағы жұмыс жоспарларын нақтылауға мүмкіндік береді. Соңғы жылдардағы есеп қорытындылары жабайы жануарлар мен құстардың санының біртіндеп тұрақтанып келе жатқанын көрсетеді. Мысалға алар болсақ, Қазақстан  Республикасының Қызыл кітабына енгізілген жойылу қаупі бар құстардың бірнеше түрлері бар: көнмаңдай, дуадақ, ақ тырна, ақбас тырна, бүркіт, дала қыраны, ақ­құйрықты субүркіт және т. б.

– Биотехникалық және қорғау  шараларын қаржыландыру мәселесіне де ерекше назар аударылып  отыр. Облыстағы орман шаруа­шылығы мекемелеріне биотехникалық іс-шараларды жүргізу үшін 2025 жылы 1 млн 472 мың теңге бөлінсе, биылғы жылға  1 млн 526 мың теңге қаржы бағыттау жоспарланған. Бұл қаражат тұяқты жануарларға қыстық азық дайындауға, аэрация жүргізуге, техникалық құрал-жабдықтар алуға және профилактикалық жұмыстарды жүзеге асыруға жұмсалуда, – деді Дархан Әмірханұлы.

Сонымен қатар облысымызда  63 аңшылық шаруашылық учаскесі бар. Онда 29 аңшылық субъекті 44 учаскені иемденуде. Аңшылық субъектілері де қыс мезгілінде орман-тоғайды мекендеген жабайы жануарлардың қыстан шығынсыз шығуын қамтамасыз ету үшін азық дайындау және оны тарату жұмыстарын атқаруда.

d9fe02c8-8a97-46df-b77c-83c554d6d89c

Жалпы өңір бойынша аңшылық субъектілері 214,5 тонна пішен, 80 тонна дәнді азық, 165,2 тонна пішендеме, 1409 дана дәнді бұтақ, 4,6 тонна шырынды азық, 31,98 тонна тұз, сондай-ақ алты тонна қосымша өзге азық түрлерін әзірлеп, жоспарлы жұмыстарын атқаруда. Осындай ісшаралардың барлығы өңір аумағындағы жабайы жануарлар мен балық қорын сақтауға, олардың табиғи тіршілік ортасын қорғауға және өңірдегі экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған. Биоәртүрлілікті сақтауға және орман экожүйелерінің тұрақтылығын сақтауға ықпал ететін жұмыстар әлі де жалғаса береді.

Гүлнәр Шәңгерей,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале