9.08.2022, 10:01
Оқылды: 48

Өрнекті өмір өткелдері

Ішкі істер құрылымдарында да ата мен әке жолын жалғап, абыройлы қызмет атқарып жүрген жандар аз емес. Осындай шаңырақтың бірі туралы бізге облыстық полиция департаменті ардагерлер кеңесінің төрағасы Жолдығали Естемісов майын тамызып айтып берді. Ендігі әңгіме өз орталарында «полиция әулеті» атанған Берік Өтешевтің жанұясы туралы.

4

Айтса, айтқандай екен. Кейіпкеріміздің әкесі Ұлы Отан соғысының бел ортасында жүріп, жаудан елін қорғаған әскери офицер болған. Сонау шалғайдағы Жәнібек ауданының Қамысты ауылында дүние есігін ашқан майдангердің ұлы Берік ағамыз ел қатарлы азаматтық боры­шын өтеп оралысымен, бірден еңбек майданына араласыпты. Алғашында көлік жүргізушісі, аутожөндеуші сынды жұмыстар атқарса, бертінде аудандық соттың хатшысы һәм сот орындаушысы қызметтерінде бақ сынаған. Бірақ көңіл түкпіріндегі тәртіп сақшысы болсам деген ізгі мақсат оның жанына байыз таптырмай, 1970 жылы Жәнібек аудандық ішкі істер бөліміне ауысады. Өз ісіне адал, тапсырылған іске тиянақты, әр кез білімін жетілдіруге құштар жігіт аз ғана уақыт ішінде әріптестерінің зор сый-құрметіне бөленеді. Болашағынан зор үміт күткен басшылық енді оны арнаулы милиция мектебіне оқуға  жібереді.

Өмірлік тәжірибесін біліммен ұштастырып, нағыз кәсіби маман болып оралған Б. Өтешевтің бұдан арғы қызмет жолы Орда мен Казталов аудандарында жалғасады.

Араға бір қыдыру уақыт салып, өз Жәнібегіне қайта табан тірейді. Мұнда ол үйреншікті ортасына бірден сіңісіп, алдымен экономикалық қызмет бөлімінің инспекторлығына тағайындалса, артынан осы салаға жетекшілік жасапты. Ал зейнеткерлік шақ таялған кезде Орда мен Жәнібек аудандарында күзет қызметіне басшылық етсе, доғарысқа шыққан соң Жәнібек аудандық ішкі істер бөлімінде жедел жұмыс бойынша шеф-тәлімгерлікке бекітіледі. Айтпақшы, Бекеңнің ел алдындағы мінсіз қызметі ескерусіз қалмай, өңіріне «Қазақстан полициясына – 20 жыл», «Кеңес милициясына – 100 жыл» және үш дәрежелі «Еңбек сіңірген жылдары үшін» медальдары тағылыпты. Мұның сыртында «ІІБ үздік қызметі үшін», «1-сыныпты маман» төсбелгілері және бар. Алғысхаттар мен мақтау қағаздары өз алдына бір құшақ.

Өмір жолы өрнекті осындай әкеден тәлім-тәрбие алып өскен ұрпақтары да қаражаяу емес. Үлкен ұлы Ербол Өтешев полковник шенімен полициядан доғарысқа шықса, Әнуары төтенше жағдайлар саласында полковник. Бейбіті де төтеншеліктер қатарында қызметте болса, Әнуардың үйіндегі келінінің де осы сала  маманы  екенін  естідік.

Иә, ардагерлер – алтын қорымыз. Ал кәрілікке мойынсұнбай, әлі де белсенді іс-әрекетімен танылып жүрген Берік ағадай азматтардың қатары сиремегей деп тілейік.

Бауыржан Махутұлы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале