21.05.2024, 10:15
Оқылды: 36

«Өрт – 2024»: дайындық қандай?

Жайық өзенінің бойындағы Орал қаласына қарасты «Романтика» бау-бақша бірлестігі маңында республикалық «Өрт – 2024» командалық-штабтық оқу-жаттығу жиыны өтті.

орт 2024 чс (1)

Облыс аумағында ормандағы өртке қарсы тәжірибе жүзінде дайындық жүргізу мақсатында ұйымдастырылған жиынға өңір басшысы Нариман Төреғалиев қатысты. Жалпы республикалық командалық оқу-жаттығуды басқару және үйлестіру бойынша негізгі штаб Абай облысында орналасқан. Батыс Қазақстан облысы бойынша өртке қарсы жедел іс-қимылға барлығы 142 бірлік техника және 706 адам жұмылдырылған.

– Бүгінде еліміздің барлық аймағында дәл осындай оқу-жаттығу жиындары өтуде. Бұл шаралардың басты мақсаты – өрт болған жағдайда бірлесе әрекет ету, шұғыл шешім қабылдау, сондай-ақ жедел іске кірісу. Облыстағы басқару құрылымдары және барлық құзырлы мекемелермен бірге осы мақсаттағы жоспар нақтыланды. Соны-мен қатар төтенше жағдай болған уақытта облыстық төтенше жағдайлар департаменті мен көршілес Ресейдің бес облысындағы кезекші қызметтер арасында жедел ақпарат алмасу жайы пысықталды. Мұның бәрі тез арада әрі жоспарлы түрде іс-қимылға көшуге бағытталған, – деген Нариман Төреғалиұлы тактикалық міндеттерді атқаруға әзір тұрған қызметкерлерге тапсырма берді.

орт 2024 чс (2)

Өңірдегі ормандарда өрт қауіпсіздігі және соның алдын алуға дайындық жүргізу үшін биыл облыстық төтенше жағдайлар департаментіне өрт сөндіретін 7 техника алу көзделсе, облыстағы орман шаруашылығы мекемелеріне 33 техника сатып алу жоспарланған. Аталған жиын алаңында азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің басқару құрылымдары мен күштері, төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері, оның ішінде мемлекеттік өрт бақылау, азаматтық қорғаныс, дағдарыс жағдайындағы басқару басқармалары, ақпараттандыру, цифрландыру және байланыс бөлімшесі, медициналық-психологиялық қызмет және қоғаммен байланыс топтары болды. Жаттығу кезінде аталған бау-бақша бірлестігі маңындағы егістікте қауіпсіздік шарасының сақталмауы салдарынан даладағы өрт орман алқабына жайылып, содан жедел штаб ұйымдастырылды. Өртті сөндіруге тиісті учаскелер анықталып, қажетті күштер мен арнайы техникалар төтенше жағдай аймағына аттанды. Барлау жүргізу барысында өрттің таралу бағыттары белгіленіп, суды пайдалану мүмкіндігі қарастырылды. Оны сөндіруге үздіксіз су жіберу мақсатында мотопомпалар орнатылып, автоцистерналар тартылды. Жеке құрамның сауатты әрі бірлескен іс-қимылының нәтижесінде өрт сөндірілді.

– Оқу-жаттығуда азаматтық қорғау жүйесі және өзге де күштердің өзара іс-қимылдары пысықталды. Бұл төтенше жағдайдың алдын алуға бағытталған қам-қарекет жайын бағалауға мүмкіндік тудырады. Яғни дайындық жұмыстары мен жедел қимылдың деңгейі анықталады, – деді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, полковник Руслан Қасыбаев.

Аманжол Исламғали,

«Орал өңірі»

Фото: БҚО төтенше жағдайлар департаментінен

орт 2024 чс (3) орт 2024 чс (4) орт 2024 чс (5) орт 2024 чс (6) орт 2024 чс (7) орт 2024 чс (8) орт 2024 чс (9)

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале