13.07.2023, 10:30
Оқылды: 5

Орталық Азияда медиа саласындағы жаңа ұйым құрылды

 

«Қазақстандық Медиа Желі/ KazMediaNetwork» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен жаңадан «MediaNetworkCA» деген атаумен халықаралық медиа желі құрылды. Өткен аптада Бішкекте өткен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Орталық Азия аймағындағы баспасөз бостандығы мәселесіне арналған XXIV конференциясында меморандумға қол қойылды. Аймақтық конференция «Жолайрықта. Демократия жолында БАҚ бостандығын қорғау» деген тақырыппен өтті.

WhatsApp Image 2023-07-13 at 10.31.05 (1)

Орталық Азия аймағындағы бес елдің медиа саласындағы ұйымдары медиа этиканы бірге дамытып, кәсіби журналистиканы дамыту мақсатында бірлесе әрекет етуге уағдаласты. Жаңа халықаралық ұйымның құрылғаны туралы меморандумда:

«Кәсіби медианың демократиялық қоғамның аса маңызды бөлігі ретіндегі рөлі мен жауапкершілігін мойындаймыз; дезинформация, зорлық-зомбылық, зорлық/өшпенділік тілін насихаттау, төзімсіздік, сөз бостандығы мен пікір еркіндігінің шектелуіне, олардың кері әсері артып бара жатқанына алаңдаймыз; журналистикада кәсіби этика нормалары мен стандарттарының сақталуына, медианың өзін-өзі реттеу органдарының аймақтық ынтымағы негізінде медиа этиканы дамытуға мүдделіміз; кәсіби, этика нормасына сай журналистиканы дамыту жолында өзара тиімді әрекет ету мақсатымен өзін-өзі реттеу органдарының аймақтық желісін құрамыз», – делінген.

WhatsApp Image 2023-07-13 at 10.31.05

Бұдан былай Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Моңғолия елдерінің өзін-өзі реттеу ұйымдары бірлескен жобаларды қолға алып, бір-бірімен тәжірибе алмасады.

Жаңа медиа ұйымға Қырғызстаннан БАҚ-қа шағымдарды қарастыру комиссиясы, Моңғолиядан медиа кеңесі, Өзбекстан мен Тәжікстаннан БАҚ бойынша кеңес, Қазақстаннан Медианың өзін-өзі реттеу жөніндегі қоғамдық комитеті кірді.

Медианың өзін-өзі реттеу жөніндегі қоғамдық комитеті мен оның қазіргі төрағасы Жұлдыз Әбділда әріптестік меморандумы осы салада бірлесе отырып алға жылжуға мүмкіндік береді деп санайды.

Бақтыгүл Бурбаева

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале