16.11.2023, 18:00
Оқылды: 55

Ортамызды ойсыратып кеттің-ау, Тасболат...

Тасболат Мұқашев көптің адамы еді. «Публичный человек» деп осындай адамды айтады.

Тәкеңнің 70 жылдығында ол жөнінде газетте жарияланған мақаламды «Ортаның адамы» деп атап едім.

ca37b35a-9b49-474b-b10c-315c48089f6a

Тәкеңнің мамандығы – педагог, ұстаз. Мектепте мұғалім, директор болып істеді. Оқу ісін шебер ұйымдастырды. Әріптестермен де, оқушылармен де тіл табыса білді.  Сонымен бірге көп жыл аудандық комсомол ұйымын басқарып, идеология саласында төселіп қалды. Оның Жаңақала аудандық партия комитетінде идеологиялық жұмысты басқаруы кездейсоқ емес еді. Ол қайда жүрсе де, не  істесе де педагогика мен психологияны ұштастыра білді. Араласқан адамдарын жете тануға тырысты. Әркімді әзіл-шынын араластырып сипаттауға шебер еді және өз ойын тура айтатын. Тасболат кім-кімді де ортақ іске тарта білді.  Оның  үгіт-насихаты,  уәжі,  дәлел-дәйегі  күшті  болатын.

Тәкеңнің әжуасын, әзіл-оспағын оны білетіндер айтып жүреді, енді еске  алып, айтып жүретін болады. Оның айналасында ешкім жабығып, жабырқамайтын. Ол отырыстың сәні еді. Білетіндер күлкінің денсаулық үшін маңызы зор дейді. Рас та шығар. Біздің алдымызда келе жатқан аға достарымыз Қабдығалидың, Қалимолданың, олардың аяғын алып жүрген менің 85-ке келіп қалғаным Тәкеңнің әзіл-қалжыңының әсері болар.

Тәкеңмен бірге оқыдым. Кейін әр жерде жүрсек те сәті түсіп, кездесіп қалатын едік. Бірде ол Алматыға комсомол съезіне келгенде аспиранттар жатақханасында тұратын Полина екеумізді іздеп тауып алды. Қасына Алматы обком комсомолының хатшысы Айталиев Карлды ертіп келіп, шүйіркелесіп, әңгіме-дүкен құрдық. Жүргізушісіне «Көп кешікпей шығамыз» деп келген екеуі 2-3 сағат бізбен бірге болды. Сосын біз Тәкеңді пойызға шығарып салдық.

Біздер отбасы болып Алматыдан ауылға – Жаңақазанға келіп жүргенде, әрине, үнемі кездесіп жүрдік. Кейін ол зейнетке шығып, Оралға көшіп келді. Содан бері бірге болдық, араласып тұрдық. Тәкең Рая екеуі Оралға келгенде мен Жаңақаладағы достарға: «Енді Тасболатсыз ортаңыз ортайып қалатын болды ғой» деп едім. Енді бірен-саран болып азайып қалған бәріміздің де ортамыз ортайып қалатын болды. 84-ке толуына бірер күн қалғанда Тасболат бәрімізді де тастап, о дүниеге аттанып кетті.

Тасболат пен марқұм болған жұбайы Рая қонақжай отбасын құрды.  Менің 70 жылдығыма Алматыдан профессор достарым – Мұрат Сәбит, Ерешев Елтай Күләнімен келгенде Тасболат пен бірге өскен досым Есет екеуі әуежайдан қарсы алып, үйлерінде қонақ етіп,  қайтадан  ұщаққа  шығарып  салып  еді.

Тасболат пен Рая көптен күткен жалғыз баласына Тілекжан деп менің атымды қойғанда мен төбем көкке жеткендей мәз болып едім.

Екеуі тілеп алған Тикош – ұстаздардың отбасында әдепті, ынталы, білімді, алғыр, бір сөзбен, қалыпты адам болып өсті. Ата-анасының үмітін ақтап келеді. Тәкең Ақмарал бастаған, Дамира қостаған алтын асықтай алты қыздарымен орынды мақтанатын еді. Олар папасына  Раяны  жоқтатпай,  бағып  күтті.

Тасболат өте ұқыпты, сақ адам болатын. Бұдан 7-8 жыл бұрын жүрегі сыр бере бастағанда іле-шала қаралып, Астанада атақты емханада операция жасатып, оңалып кетіп еді. Мына аурудың қалай тап болғанын, қалай қамдана алмай қалғанын кім біледі?..

Сезуі керек еді деп өкініп отырғаным. Балаларының «Папамыздан айырылып қалдық» деген хабарын естігенде көпті көрген, Тәкеңдей достарды  бірінен соң бірін аттандырып жүрген мендей шал да есеңгіреп қалдым. Бұлай тез айырылысамыз деп ойламап едім.

Енді не дейін? Тасболаттың жаны жәннатта болсын, иманы  жолдас болсын. Кете кеткенше есімде сақталарсың, қайран досым!

Тілекжан Рысқалиев,

профессор

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале