6.11.2025, 16:15
Оқылды: 322

«Өштерін қайтарғысы келеді…»

Облыстық прокуратура мен облыстық  полиция департаменті  басшылығының  назарына!

Сонау  Қаратөбеден  «Орал өңірі» газетінің  редакциясына  хат келді. Шағым хат.  Өз  аяғымен,  поштамен  емес,  оны  малшы  Жалғас  Тінәлиев  (суретте)  зайыбы  Бибінұр  Нұриева  екеуі  әкеліп  табыстады.  Арыздың  авторы – Тінәлиев. Сол күйінде газетімізге  жариялауды  өтінді.  Былай  деп  жазыпты:  (түзетпей,  қалай  жазылды, сол  күйінде беріп  отырмыз).

WhatsApp Image 2025-11-06 at 16.58.16

«Құрметті «Орал өңірі» бір кезде қиналғанда Қаратөбенің баукеспе ұрысынан бір, оны қолдап, жасырған полициясынан екі зәбір, қиындық көргенде редакцияға осылай арызданғанмын. Сонда газет араласып екі-үш жыл  қатарынан мақалалар жазып ақ-қарасына жеткізіп еді. Ұрылар сотталды біреуі 8 жыл екіншісі жеті жыл, үшіншісі төрт жылға сотталды. Мені әуре-саранға салған ұрыны қолдаған полициялар жұмыстарынан айырылды. Ол 2017 жылы басталып, 2020 жылы аяқталды. Енді міне тағы сол полиция мені әуреге салып мал ұрладың деп тергеудің астына алып жатыр. Мен қырда тұрып Қаратөбенің халқының ірі малдарын және қойларын бағамын. Бұрын машина айдадым жалақысы аз болды. Балалар өсті тамақ керек киім керек. Тұрмыс тауқыметі мені мал бағуға мәжбүр етті. Баққаныма сегіз жыл болды, халық риза, ешкімнің малы жоғалған жоқ аман. Өткенде осы жылдың август 29 да Шымкенттен мал алушылар келді. Аты Нұрбол. Қысқа балаларға киім кешек керек астық шай азық керек. Мен де бес-алты басымды  шымкенттің Нұрболына тапсырмақшы болдым. Соның справкасын ветеринардан алайын деп қырдан орталыққа Қаратөбеге 5-6 рет бардым, бірнеше телефон соқтым. Ватсапымен  ойдай сөйлестім таңертеңнен кешке дейін. Ветеринар Заманбек деген жігіт жақсы беремін деген. Бардым жоқ қайта бардым орнында болмады Шымкенттен келген жігіт біраз күтті асығып тұрды. Шымкент алыс жер күтіп жата алмады алда мереке басталатын (Конститутция күні келе жатқан. Ред.) малыңды алып жүре берейін проблема болса хабарласамын деді. Малды тиеп алып кетті. Содан бір  айдай уақыт өткенде Нұрбол звондады, оған полиция звондапты сиырлардың фотосы барма деп. Ондай фото болмаған менде де жоқ. Октьябрдің 23 күні мені полиция шақыртты телефонмен 24-не. Оның алдында Елдос Әмірғалиев (ол кезде бұл аудандық ішкі істер бөлімінің бастығының орнында жүрген) маған қырға келіп кетті. Келген себебі, Қаратөбенің орталығындағы ескі үйімді ремонт жасап жатқанмын. Бір жігітті жалдап. Ол сотта қарақызмет алған жігіт еді. Мен қырда малдамын. Ол шпаклеп ақбалшықты өзін тексере келген полиция қызметкеріне Самғатқа беріп жіберген он мөшектей. Мен бұл жерде Самғаттың сатып алғанын тартып алғанын білмеймін, әйтеуір ақбалшық азайып қалғанда бір білдім. Осыған арызданып Елдосқа бардым. Ол мынау масқара ғой, бәріміз жұмыстан кетеміз ғой деп шошып кетті. Алып барған арызымды қабылдамады алмады. Өзіміз сөйлесеміз деп. Содан көп ұзамай, әлгі Самғаты қайта-қайта звондап, кездесейік деді. Мен бас тарттым. Елдос та келісіңдер деп звондады. Мен бас тарттым. Самғат пен әйелі кешірім сұрады. Айналғанда Самғат мен жоқта үйге әйеліме алты мешок шпаклеп ақбалшық әкеліп тастапты. Жоғарыда айтқан Елдос Әмірғалиев маған қырға осы мәселемен келген екен. Сонда мына Елдос сенің үстіңнен арыз бар деп кел оқытамын  деді.

Содан 24 октябрде полицияға бардым. Мал ұрлапсың Шымкентке тиеп жіперіпсің деп екі тергеуші Мержан Еркінов пен Шәкәрім Берікжанұлы таңғы сағат 8 ден түскі 2 ге  дейін есімді шығарып тер-геді. Арызды көрсетіңдер деп едім көрсетпеді. Тергеушілер сен ұрладың деумен болды. Телефоныңды таста, тастамасаң қазір апарып қамаймыз деп қорқытты. Арызды кім жазды неғылдеп жазған танысайын деп едім көрсетпеді. Ондай арыз бар ма жоқпа білмеймін, менің үстімнен кім жазған білмеймін. Мені осылайша ұры атандырып жатыр ауданда мал ұрлығы көп Сонда ол ұрлықты аша алмағасын мені ұры деп жатқандары ма? Қырда жайбарақат мал бағып жүрген мені сен ұрладың деп шырылдатып қойды. Арызды әлі көрсетпейді енді барсам мені ішке кіргізбейді тергеушілер сөйлеспейді. Мені полиция бес сағаттан астам жібермей ұстағанда малымда ешкім болмады. Оларға малым иесіз қалды, мен ешқайда қашпаймын жіберіңдер дедім. Айналғанда түсқайта үш полициямен олар малды суретке түсірмекші болып малға келсек мал быт-шыт болған. Олармен бірге санадық  25 қой, 14 бас ірі қара жоқ. Енді оларды іздейін десем, мені ешқайда жібермейді, кетсең қамаймыз дейді. Жалғыз телефоным еді бермейді малын бақтырып жатқандар сөйлесе алмағасын малым аман ба деп қырға аяқтай келіп жүр. Менің ойымша полиция менен өштерін алайын деп әдейі істеп отыр. Баяғыда 2017-2020 жылы полиция өздерінің достары баукеспе ұры Ескендір Бисекешовтің  ұрлығын сіздің газетпен ашқанымыз үшін менен өш алып отыр деп есептеймін. (Елдос ол жағдайларды жақсы біледі. Сол кезде РОВД ның бастығы оның орынбасары тағы бір қызметкер жұмыстан кетті) Сонда газетке қайта-қайта жазылғасын полицияның басшы-қосшылары жұмыстан шығарылды. Содан бері бұл полиция маған байланады да жүреді. Бұған дейін үйімдегі аңшы мылтығымды еш негізсіз тартып алып кетті. Арызданып айқайласып әрең алдым. Бірақ құндағын сындырып тастапты. Дұрыстап беріңдер деп едім, алсаң ал алмасаң қой деді. Газетке, ДВД-ға арызданып едім нобый құндақ салып, сол бойда әкеліп берді. Итқұс ұры қары көп соларға сес көрсетуге деп ұстаймыз. Әйтпесе үйрек қаз қоян атып аңшылайтын патрон порх ала беретін менің жағдайым жоқ. Машинама негізсіз байланып, жөнсіз айыппұл салып, оны айналғанда өздері төлеп кешірім сұрады. Енді міне ештеңе жапсыра алмағасын мені ұры атандырмақшы. Құрметті газет баяғыда маған қорған болып едіңдер талай жыл Қаратөбені қанқақсатқан ұрыларды алдын 8 жылға екіншісін жеті жылға үшіншісін төрт жылға соттатып едіңіздер. Ұрыны қорғаған қолдаған дос болған Қаратөбенің полиция бастықтарынан бастап сазайларын тартырып едіңіздер. Халықтың алдында қарабет болды олар. Енді жазықсыздан жазықсыз ұры атандырып менен өштерін алғысы келіп жатқан полициядан мені қоғауларыңызды сұраймын. Бұл жаланы мен осылай түсінемін. Осы арызым бойынша газетке мақала беруіңізді қартайған анамның атынан өзімнің атымнан әйелім балаларымның атынан өтініп сұраймын. Әр сөзіме жауап беремін деп газетті сендіремін және сол үшін қолымды қойдым.

Қол қоюшы Жалғас  Тінәлиев

3 ноябрь 2025 жыл».

Біз Қаратөбе ауданының тұрғыны, малшы, осы күндерде «мал ұрлығына күдікті» – деп тергеуде жүрген Жалғас Тінәлиевтің арызын сол күйінде жариялап отырмыз. Екеуара әңгімеде біз Жалғастан «Сен мал жоғалатын сол шамада шымкенттік саудагерге 5-6 бас тапсырыпсың, күдіктің саған түсуі заңды ғой. Ұрлықтан аман болсаң, тергеу анықтайды. Неге сонша, қазақтар «Тақия тастамақ ойналса, таздың арты қылпылдар» немесе орыстар «На воре шапка горит» дегендей, күні бұрын айқай көтеріп отырған жоқсың ба?» – деп сұрадық. Ол: – Жоқ, байбалам салып жатқан жоқпын. Тергесін, сұрайтындарын сұрасын. Арызды неге көрсетпейді? Телефонымды керегін алып, неге қайтармайды? Онда алыстағы, жақындағы малшылардың, таныстардың нөмірлері бар еді. Тобымыз бар еді, солардан «Бөтен мал көрдіңіздер ме?» деп сұрайын десем, бәрі полициядағы телефонда жатыр. Сосын арызымда жоғарыда жаздым ғой, Елдос Әмірғалиев «Малдарыңды суретке түсіремін», – деп қырға келді ғой, сонда үстіңнен түскен арызды көрсетемін деді. Қайда? Сол келісінде маған «Баяғыда бәрімізді арыздап, газетке жаздырып едің», – деп кекеткендей, күлгендей болды. Маған ол сөзі сол арада «Бәлем, қолға түстің бе?» – дегендей естілді. Мержан мен Шәкәрім тергеп жатқанда, әсіресе Шәкәрім бір-екі сұрақ береді де, жауабын естігеннен кейін «Елдос Орынбаевичке барып келейін» деп бөлмеден шығып кетеді. Осылай он шақты рет барып келді. Сірә, ақылдасып келеді-ау деймін. Мен «Малым иесіз қалды» деп шырылдап отырдым. Менің де күдігім бар, мені неге сонша ұстады?.. Сосын қараңыз, менің үйімде жұмыс істеп жатқан жігіттен құрылыс материалын алып кеткен полиция қызметкері Самғаттың үстінен арыз жазып бардым. Осы Әмірғалиев ол арызды қабылдамай қойды. Менің үйім дүкен бе, қойма ма, материал алып кететіндей. Оны маған білдірмей істеген. Материал керек болса, Қаратөбенің дүкенінде толып тұр ғой. Солардан барып алмай ма?.. Қалай күймейсің?.. Мені РОВД-дан шығармай, жібермей жарты күн тергегенде малым қараусыз қалып, 14 ірі қара, 25 бас қой ұшты-күйлі жоқ. Ол менің жеке малым емес, халықтың маған бағымға қосқан малы. Ертең табылмай кетсе, кім құнын төлейді?.. Полиция ма?.. Тінәлиев осылай  дейді.

Біз тергеуші Шәкәріммен, Елдос Әмірғалиевпен телефон арқылы сөйлестік. Шәкәрім тергеуші «Иә, Тінәлиев күдікті ретінде тергеуге шақырылды, рас, басқа ақпарат бере алмаймын» – деді. Елдос Әмірғалиев «Барлық сұрағыңызға жауапты баспасөз қызметінен, басшымыздан аласыз» – деді. Біз күдік арқалап жүрген малшы Жалғас Тінәлиевтің арызын сол күйінде берейік деп шештік, ол әнекей, жоғарыда...

Редакция алқасы бұл мәселенің жай-жапсарын алдағы уақытта жіті назарда ұстамақ  ниетте.

Есенжол Қыстаубаев,

«Орал өңірі»

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале