Кеше Нұрлан Әбдіровтің төрағалығымен Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтті. Сайлау науқанының алтыншы отырысында ҚР Парламенті Мәжілісінің және мәслихаттарының депутаттығына кандидаттарды ұсыну қорытындылары туралы және ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауына шет мемлекеттердің және халықаралық ұйымның байқаушыларын аккредиттеу туралы айтылды. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының сайтында хабарланды.
Отырысқа облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары мен мүшелері (бейнеконференция режимінде), саяси партиялардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Бірінші мәселе бойынша Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров баяндама жасады.
Ол Орталық сайлау комиссиясы партиялық тізімдер бойынша сайланатын Парламент Мәжілісі депутаттарының және мәслихаттар депутаттарының бір бөлігін сайлауға қатысуға құрамына 283 кандидат енгізілген Ортсайлаукомға партиялық тізімдерін ұсынған барлық 7 саяси партияның жіберілгенін хабарлады.
Константин Петров Мәжіліске саяси партиялар тізімі статистикасын атап өтті.
«Қазақстан Халық партиясы» – 52 кандидат, «Ақ жол» Қазақстан Демократиялық партиясы» – 54 кандидат, «Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы» - 19 кандидат, «Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы» - 18 кандидат, «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясы» - 25 кандидат, «Respublica» партиясы» - 25 кандидат, «AMANAT» партиясы - 90 кандидат.
Әрбір партиялық тізімде үш санаттағы өкілдер саны: әйелдер, жастар, мүгедектігі бар адамдар – жиынтығы бойынша оған енгізілген адамдардың жалпы санының кемінде 30 пайызын құрайды.
Қазіргі уақытта ОСК партиялық тізімге енгізілген адамдардың Конституция мен Сайлау туралы Конституциялық заң талаптарына сәйкестігін белгілеу үшін уәкілетті мемлекеттік органдарға сұрау салулар жолдады.
Әрбір партиялық тізімді тіркеу мәселесі ОСК отырыстарында мемлекеттік органдардың жауаптарының түсуіне қарай егжей-тегжейлі қаралады.
Сондай-ақ ол ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлау бойынша 29 бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша 609 кандидат немесе орта есеппен бір мандатқа 21 адам ұсынылғанын, 79 кандидатты 7 саяси партия ұсынғанын, 5 кандидатты төрт қоғамдық бірлестік ұсынғанын, 525 немесе 86,21% - өзін-өзі ұсынғанын хабарлады.
Сайлау науқанында республика бойынша 223 мәслихатқа 3415 депутат сайланады, оның ішінде 668 - облыстық мәслихатқа, 617 – қалалық мәслихатқа, 2130 - аудандық мәслихатқа.
Партиялар бөлінісінде мәслихатқа тізімдер статистикасы келесідей:
«Ақ жол» Қазақстан Демократиялық партиясы» – 200 кандидат (20 өңір), «AMANAT» партиясы - 699 кандидат (20 өңір), «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясы - 136 кандидат (20 өңір), «Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы» - 93 кандидаттар (Қостанайдан басқа 19 өңір), «Жалпыұлттық социал-демократиялық партия» - кандидаттар ұсынылмаған (20 өңір), «Қазақстан Халық партиясы» – 182 кандидат (20 өңір), «Respubliсa» партиясы - 161 кандидат (20 өңір).
Бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша облыстық мәслихат депутаттарын сайлау бойынша 1720 кандидат, қалалық және аудандық мәслихаттар депутаттарын сайлау бойынша 10 124 кандидат ұсынылды.
Константин Петров ұсыну қорытындылары туралы барлық ақпарат тиісті аумақтық сайлау комиссияларының сайттарында, сондай - ақ жиынтық ақпарат Орталық сайлау комиссиясының сайтында сілтемелер орналастырылғанын айтты.
Сондай-ақ өңірлерде мәслихат депутаттығына кандидаттарды ұсыну қорытындылары туралы аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары есеп берді, олар ағымдағы науқанның барысы, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттығына кандидаттарды ұсыну нәтижелері және сайлау науқанын өткізу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы егжей-тегжейлі хабардар етті.
Бірінші мәселені қорытындылай келе, Нұрлан Әбдіров ұсынылған ақпаратқа сәйкес тіркелген 7 саяси партияның барлығы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлау бойынша 29 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша Парламент Мәжілісінің 69 мандаты үшін саяси жарысқа қатысатынын немесе орта есеппен бір мандатқа 21 адам ұсынылғанын атап өтті.
Ең үлкен бәсекелестік - және Астана қаласының 2 округінде 63 адамнан, ең азы – Ұлытау облысының округінде 8 адам.
«Барлық деңгейдегі мәслихат депутаттығына кандидаттардың арасында 119 партиялық тізім ұсынылған. Бұл тізімдерде 1471 үміткер бар. Мажоритарлық жүйе бойынша - 11 844 үміткер. Жалпы, Мәжіліс пен мәслихат депутаттығына 14 207 кандидат ұсынылуда», - деп түйіндеді Нұрлан Әбдіров.
Сонымен қатар 8 ақпан күні сағат 18.00-де сайлау процесінің кандидаттарды ұсыну аяқталғанын атап өтті. Бұл кезең өте жоғары белсенділікпен ерекшеленді.
Күн тәртібіндегі екінші мәселеге көшкен Нұрлан Әбдіров ағымдағы сайлау науқаны аясында шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларын сыртқы істер министрлігінің ұсыныстары бойынша аккредиттеу рәсімі жалғасып жатқанын атап өтті. Ол сондай-ақ Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарына сәйкес аккредиттеу рәсімі 13 наурызда сағат 18.00-де аяқталатынын еске салды.
Осы мәселе бойынша Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерман баяндама жасады.
Атап айтқанда, ол 2023 жылғы 20 қаңтарда Халықаралық байқау институты ашылғаннан бері Орталық сайлау комиссиясы 1 шет мемлекеттен және 2 халықаралық ұйымнан 25 байқаушыны аккредиттегенін атап өтті.
9 ақпандағы жағдай бойынша Сыртқы істер министрлігінен аккредиттеуге 2 шет мемлекеттен және 1 халықаралық ұйымнан тағы 37 байқаушының кандидатуралары ұсынылды.
Қытай Халық Республикасынан аккредиттеуге 2 кандидатура, Нидерланды Корольдігінен - 3 кандидатура ұсынылды.
ДИАҚБ-ның сайлауды байқау жөніндегі Миссиясынан тағы 32 байқаушы аккредиттеуге ұсынылды.
Отырыс қорытындысы бойынша БАҚ өкілдері үшін дәстүрлі брифинг өткізілді, онда Орталық сайлау комиссиясының мүшелері журналистердің барлық сұрақтарына жауап берді.