Өткен бейсенбіде өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында «Өңірдегі азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша атқарылып жатқан шаралар» тақырыбында брифинг өтті.
Облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Бауыржан Сатқалиевтің айтуынша, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлерінің бағасын тұрақтандыру және бекіту шеңберінде бірқатар шаруалар атқарылған. Өңірдегі ірі сауда желілерімен («Алтындар», «Лидер», «Жәңгір хан») негізгі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өзіндік құны бойынша үстемесіз сататын «Асығыс уақыт» акциясын өткізу туралы келісім жасалған. Қазіргі уақытта «Вега» супермаркеті акция аясында 9 атау бойынша (ұн, сүт, күріш, тауық еті, картоп, пияз, қарақұмық жармасы, қант, күнбағыс майы) азық-түлік тауарларын сатады. Ал «Алтындар» және «Лидер» сауда желілері 10 атау бойынша (ұн, сүт, тауық еті, картоп, макарон өнімдері, пияз, қант, күріш, күнбағыс майы, 1 санаттағы тауық жұмыртқасы) азық-түлік түрлерін тұтынушыларға ұсынуда. Сонымен қатар ірі нан өндірушілермен биылғы жылдың соңына дейін бірінші сұрыпты нанның бағасын көтермеу, оның бағасын 80 теңгеден асырмай сату туралы келісім жасалды.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Денис Омашевтің ұсынған мәліметіне сүйенсек, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлерінің бағасын өсірмеу мақсатында тұрақтандыру қорына 550 млн теңге бөлінген. Қазіргі кезде 149,7 млн теңгеге 245,1 тонна азық-түлік қоры қалыптасқан. Сонымен қатар «айналым сызбасы» тетігі аясында тауар өндірушілер мен көтерме жеткізушілер үшін қосымша 1,2 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінді. Осының барлығы облыс халқын бағаның өсуі кезеңінде негізгі азық-түлік түрлерімен (ұн, күнбағыс майы, картоп, пияз, қант, тауық жұмыртқасы) қолжетімді бағамен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
– Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және халықтың әлеуметтік осал топтарының азық-түлік түрлеріне деген қажеттіліктерін келесі жылдың жаңа өніміне дейін қамтамасыз ету көзделген. Осы мақсатта бірқатар шара қабылдануда. Оның ішінде 1-сұрыпты ұн мен нанның, макарон өнімдерінің, өсімдік майының бағасын тұрақтандыру үшін азық-түліктік бидайдың, күнбағыстың қорлары құрылады. Бүгінде 1300 тонна азық-түліктік бидай тапсырылған және бұл қор бірінші сұрыпты нанның, макарон өнімдерінің бағасын тұрақтандыруға жұмсалады. Сонымен қатар күнбағыс тұқымының қорын қалыптастыру мақсатында 1400 тонна күнбағыс тұқымы тапсырылды. Ол қор күнбағыс майының бағасын ауыздықтауға бағытталады. Тауық жұмыртқасының бағасын өсірмеу үшін мал азықтық дәнді дақылдар қоры құрылды. Онда 750 тонна жемдік дәнді дақылдар жиналды. Еліміз бойынша «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ жемдік және азық-түліктік бидай сатып алу жұмыстарын жалғастыруда. Кейін бұл қордағы дәнді дақылдар облыстардағы ұн тартатын кәсіпорындарға азық-түліктік бидай, құс, мал шаруашылығы кешендеріне жем ретінде берілмек.
Брифингте журналистер тарапынан «Ел ырысы» дүкендер желісінде әлеуметтік азық-түлік түрлері ұдайы болмайтыны, тек тұз бар екені айтылды. Бұл сұраққа «Ақжайық» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының басқарма төрағасы орынбасарының міндетін атқарушы Мейірбек Нұркен: «Аталмыш желі арқылы биыл 208 тонна қарақұмық, 15 тонна макарон, 29 тонна күнбағыс майы, 400 тонна 1-сұрыпты ұн, 3 тоннаға жуық құс еті, 120 тоннадан астам күріш, 193 тонна қант, 5 тонна тұз өткізілді. Қазір дүңгіршектер жұмыс істеп тұр. Ондағы бағалар бекітілген. Тұз – 42, қант – 276, құс еті – 630, «Белес» тазартылған күнбағыс майы – 682, рожки 194 теңгеден сатылуда. Осы азық-түліктің бес түрі дүң-гіршектерде бар. Тұрғындар сатып алып, пайдалануда», – деп жауап берді.
«Облыстық статистика департаментінің мәліметі бойынша тәжтажал басталғалы бергі уақытта сиыр еті 1700-ден 2400 теңгеге, көкөніс, қызылша екі есе, күнбағыс майы 450-ден 900 теңгеге дейін өсті. Қарақұмық 50 пайызға, рожки 19 пайызға қымбаттады. Сіздің мекеме қандай мақсатта құрылды? Біздің салықтық төлемдеріміздің есебінен құралатын жалақыларыңызды қалай ақтайсыздар? Бағаны тұрақтандыру жөніндегі әңгімелеріңіз іс жүзінде бос сөз болып қалады?» деген сұрақ қойылды. «Манағы айтылған әлеуметтік азық-түлік түрлерін күнкөрісі төмен тұрғындар пайдаланды. Сиыр етінің бағасына келсек, 2019-2021 жылдары 500 млн теңге бөлінді. Оның 200 млн теңгесін мемлекетке қайтарамыз, 300 млн теңгегесі қалады. Сиыр етіне қатысты тауар өндірушімен жасалған келісімшартымыз бар. Сиырдың төс, жауырын бөлігі етін қараша айынан бастап саттыққа шығарамыз. Малды соятын қасапхана табу, қажетті құжаттар алу жұмыстары ұйымдастырылады. Он дүңгіршекте айтылған тауарлар бар, барып көріп, сауда жасауларыңызға болады. Лимит белгіленген. Бір адамға бір қаптама тұз, 4,7 литр күнбағыс майы, 13 келі құс еті, 15 келі макарон сатылады. Он дүкеннің екеуі әзірге жұмыс істемейді. Екінші деңгейдегі банкке берешек», – деді М. Нұркен.
Гүлнәр Шәңгерей,
zhaikpress.kz