Желтоқсан оқиғасы туралы айтсақ есімізге бірден Ләззат Асанова, Сәбира Мұхамеджанова, Ербол Сыпатаев, Қайрат Рысқұлбеков түседі. Желтоқсаншылар дегенде әлі де осылар аталып, насихатталып жүр. Алайда Желтоқсан көтерілісіне қатысып, кейін тергеуге түсіп қыршыннан қиылған жастар көп еді.

Сондай жас қыздардың бірі - Гүлзада Қалелова. Гүлзада Қалелова желтоқсан оқиғасының қатысушысы, ол да сол кездегі барша қазақ жастары секілді маскүнем, жеңіл жүрісті қыз, нашақор деген жаланы 37 жыл арқалаған қыз. Тек тарихшылар мен желтоқсаншылардың тыңбай жасаған жұмыстарының арқасында ғана Гүлзада Қалелова 2024 жылдың наурызында ақталды.
Гүлзада Қалелова Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы, Ілбішін деген ауылда 1969 жылдың 21 мамырында дүниеге келген. 1984 жылы сегіз жылдық мектепті бітіріп Алматыдағы кино техникумға оқуға түседі. Сонда оқып жүріп желтоқсан көтерілісіне қатысады. Сол желтоқсан көтерілісіне қатысқаны үшін біраз тергеледі. Кейін туыстарына беймәлім жағдайда 1987 жылдың ақпанында 18 жасар Гүлзада қайтыс болады. Сүйегі туған жері Ақжайық ауданының Ақжол ауылдық округіне қарасты Қабыл ауылында жерленген. 1987 жылдың 2024 жылға дейінгі аралықта Гүлзада Қалелова сол маскүнем, нашақор деген қара күйені 37 жыл арқалаған.
Тек ҚР 1993 жылдың 14 сәуіріндегі «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау» туралы заңына сәйкес 2024 жылдың 3 наурызы күні ақталған.

Бұл ақпаратты желтоқсаншылар мен тарихшылар қуана қабыладды. Белгілі тарихшы, өлкетанушы Алдаберген Сәрсек «Ананың аманаты» атты кітап жазды. Ол кітапта желтоқсаншы қыздың тағдыры, ақталу жолы баяндалады.
Гүлзада Қалелова желтоқсан оқиғасынан кейін ұзақ уақыт тергеуде болған. Сол терегуде оның басынан қатты соққы тиген. Естелік айтушылар миын езіп жіберген дейді.
Гүлзада Қалелованың туыстарына қызыңыз ауырып қайтыс болды деп хабарлаған. Бірақ кейін 18 жасар Гүлзада Халелованың тергеу камерасында қайтыс болғаны анықталған.
Гүлзада Халелова 1986 жылғы желтоқсан көтерілісіне шыққан кезде не бары 17 жаста болған.
Жанат Көшкінбай,
zhaikpress.kz