23.07.2021, 9:41
Оқылды: 54

Отан үшін от кешкендер

Владимир Захаров

Владимир Захаров 1915 жылы Орал қаласында туған. Майданға алғашқылардың бірі болып аттанған ол тұңғыш өңіріне таққан «Әскери ерлігі үшін» медалін Орлов-Курск иінінде көрсеткен ерлігі үшін алған. Жалпы ол майдан даласында, оқ пен оттың ортасында шайқаса жүріп, Берлинге дейін жеткен барлаушырадист. Әсіресе, Днепрді азат ету үшін болған шайқас старшина В. Захаровтың есінде ерекше сақталған. Аталмыш өзен өткелдерін фашистер тегістей жойған болатын. Тек үшінші мүмкіндіктен кейін өзеннен өткен әскерлер оң жағалауға бекініп, жауға ойсырата соққы береді. Осы жердегі қырағылығы мен батылдығы үшін ол Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталады.

WhatsApp Image 2021-07-23 at 09.38.47 (1)

Жерлесіміз тағы бір айтулы ерлігін Варшава үшін шайқаста көрсетіп, екі күнге созылған кескілескен ұрыста өзіне жүктелген міндетті абыроймен орындап шығады. Бұл жорықта оған ІІІ дәрежелі Даңқ ордені беріледі. В. Захаров үшін соңғы шешуші ұрыс 1945 жылы Польша маңындағы Калиш қаласында өтеді. Жаралы болса да саптан шықпай, табандылық пен қайсарлық танытқан ол осы шайқастағы көзсіз батылдығы арқасында ІІ дәрежелі Даңқ орденін иеленеді. Қай кезде де алдыңғы шептен табылады. Айта кетелік, соғыс аяқталған соң үш жылдан кейін оған І дәрежелі Даңқ ордені табысталыпты.

Бейбіт өмірде Владимир Аполлонович Орал қаласында ел қатарлы еңбек етіп, жерлестерінің орынды сый-құрметіне бөленеді.

Николай Видящев

Оралдық оғландардың ерлігі Ұлы Отан соғысы басталмай тұрып-ақ тарих тақтасына алтын әріптермен жазылған екен-ау?! Нақтырақ айтсақ, 1940 жылдың 11 наурызында кеңес-фин соғысында ерлікпен қаза тауып, араға дәл он күн салып, 21 наурызда Кеңес Одағының Батыры атанған жерлесіміз Николай Видящевті білеміз бе? Ол 1903 жылы 15 желтоқсанда Орал қаласында шаруа жанұясында өмір есігін ашқан. 1919 жылдың қаңтарында, яғни 16 жасында еріктілер қатарында Чапаев дивизиясының құрамына енеді. Ал 1921 жылы комсомол мүшелерінің оқуын тәмамдап, 1924 жылы Иркутск қаласындағы жаяу әскер мектебін, кейін атқыштар курсын бітіреді.

WhatsApp Image 2021-07-23 at 09.38.47

Сонымен, капитан Н. Видящев аталмыш шайқаста 257-атқыштар полкін басқарып, өзін шебер ұйымдастырушы ретінде танытады. Әскери істің қыр-сырын терең меңгерген әрі қатардағы жауынгерлер үлгі тұтарлық дәрежеге жеткен азамат ешқандай қорқып-үркуді білмейді, өзгелерден де соны талап етеді. Оның полкі Выборг қаласы маңындағы Хотинен мен Хуумол елді мекендері үшін болған ұрыстарда жақсы нәтижелерге қол жеткізеді. Білікті командир тағы да бірнеше ауыл, қалаларды жау әскерінен азат етіп, полктің алға жылжуын қамтамасыз етеді. Сондай бір қиян-кескі атыс кезінде қайран ердің өзі де оққа ұшады. Ол Санкт-Петербургке іргелес Выборг қаласындағы бауырластар зиратына жерленген.

Ал өмір көші алға жылжып, бір жыл үш ай өткенде екінші дүниежүзілік соғыс өрті тұтанады. Николай Тимофеевичтің өмірі мен ерлігі көптеген кеңес жауынгерлеріне үлгі болғандай. Бұл да біздің өткен тарих, ел есінде жүрер ескірмес естелік.

Садық Жақсығұлов

Биыл кешегі кеңес халқының қаһармандығын дүниежүзіне паш еткен Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 76 жыл толды. Сол бір қанды қырғын шайқасқа 18-ге толмай аттанып, 19-дан аса бере Кеңес Одағының Батыры атанған ерлеріміздің де болғанын қалайша мақтаныш етпеске?! Сондай «Алтын жұлдызды» ағалардың бірі – Садық Жақсығұлов.

WhatsApp Image 2021-07-23 at 09.38.46

1924 жылдың 7 қарашасында Жаңақала ауданының №20 ауылында шаруа отбасында дүниеге келген ол 42-нің 6 тамызында соғысқа аттанады. Алғашында Орынбор қаласы маңында кіші сардарлар даярлайтын курсты бітіріп, сержант шенінде миномент расчетының командирлігіне жіберіледі. Кейін Сталинград, Курск, Орел, Белгород қалалары үшін ұрыстарға қатысып, жастығына қарамай әскери міндетін адал атқарады. Тек Днепрдің батыс жағалауындағы екі айға созылған шайқаста олардың дивизиясы тәулігіне 20-25 шақырым алға жылжи отырып, жаудың 34 танкісін, 18 аутомашинасын, 12 бронетранспортерін, 28 зеңберігін, 17 миноментін және 48 пулеметін жойып жібергені бүгінде тасқа басылған тарих. Сонымен бірге осы ұрыста 5 мыңдай фашист жер жастанып, біраз офицерлер мен солдаттар тұтқынға түскен. Бұл, әрине, кеңес әскерлерінің ерен ерлігі мен жанқиярлық іс-әрекеттерінің көрінісі екені айқын. Сол 1943 жылдың жазы мен күзінде 6012 адам түрлі орден, медальдармен марапатталса, 18 гвардияшыға Кеңес Одағының Батыры атағы беріледі. Олардың арасында біздің жерлесіміз Садық Жақсығұлов та бар.

Облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында қызмет атқарған Ерталап Есенәлиевтің әңгімесінен: «Кеңес Одағының Батыры, Тасқала ауданының құрметті азаматы Садық Шәкелұлын бала кезімізден білеміз. Ал 1976 жылы әкемнің айтуымен жақын таныстым. Әскерден келгенімді, енді оқуға кететінімді айттым. Ойымды қостаған аға «Оқу керек, елге қызмет ету керек!» – деп сөзін қысқа қайырды. Батырдың өзінен үлкенді де, кішіні де сыйлап, әуелі сөзін тыңдап алып, содан кейін ғана ойын, ақылын айтатыны есімде қалыпты.

Соғыстан оралған соң өз білімін жетілдіріп, Тасқала ауданында шаруашылық, партия, кеңес құрылымдарында басшылық қызметтер атқарған. Ел үшін еңбек етіп, Отан үшін қан төккен аталарды еске алу кейінгі ұрпақтың абзал борышы екендігін ұмытпайық!»

Иә, ел мақтанышына айналған қайран ердің жамбасы осыдан он екі жыл бұрын қара жерге тисе, 2014 жылы сүйікті жары да бақилық болған-ды. Екеуіне де топырақ ата-аналарының қасынан, яғни Аманкелді ауылынан бұйырыпты. Бауырынан өрген үш ұлдың қазір екеуі қайтқан, әке шаңырағын кенже баласы Марат ұстап отыр. Екі қызы Тамара мен Татьяна да Тасқала ауылындағы әкелері атындағы көшенің тұрғындары.

Біз ардақты азаматтың өмірін, атқарған істері мен айтқан сөздерін зерделей келе көңілге түйгеніміз, әр кез өн бойынан адалдық пен әділдік лебі есіп тұрыпты. Көзкөргендер ол кісінің жүріс-тұрысының өзінен ішкі мәдениеті айқын сезіліп тұратынын айтады. Әрі ел-жұртына, ағайын-туысына ілтипат-ықыласы, қолдау-көмегі һәм қарым-қатынасы ерекше болғанын байқадық. Міне, осының барлығы қосыла келе, онсыз да Садық ағаның асқақ абырой-беделін аспандатып тұрғандай көрінеді. Атам қазақ «Ел – ерімен көрікті» дегенде осындай тұлғаларды меңзесе керек.

Материалдарды дайындаған Бауыржан Махутұлы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале