Сәлім Айтқұлов
Жаңақала топырағына кіндік қаны тамып, тағдыры табанын жастай тілдірген ұлдардың бірі – Сәлім Айтқұлов. Осы өңірдің Мұқыр елді мекенінде туған татар ұлтының өкілі жетімдік қамытын ерте киіп, Орал қаласындағы балалар үйінде тәрбиеленеді. 9-сыныпты бітірген соң зауытта жұмыс істеп, кейін өзі өскен балалар үйіне бухгалтерлік қызметке тұрады. Ісіне адал, көпке қамқор жігіт бұл жерде биік бедел арқалап, келер күндер көкжиегін ойша көркем кестелейді. Осынау арманиялдың қанатын қайырған сол баяғы сұм соғыс!
1941 жылдың нақ сол маусым айында ол да майданға аттанып, алғашқы кезекте барлаушылар мектебіне оқуға жіберіледі. Бозбала шағынан небір қиындыққа мойымай, қайта шыңдалып ержеткен ол ұрыста да алдыңғы шептен көрінеді. 231-гвардия атқыштар полкінің взвод командирі, кіші лейтенант Сәлім Нығметұлына берілген бірінші тапсырма – «тіл» әкелу болады. Әрі бұл оның жау тылына алғаш аяқ басуы еді. Курск иініндегі алапат шайқастан беті аздап қайтқанымен, неміс-фашистері әлі де қарсылықтарын еселей түскен кез еді бұл. Енді олардың «Бахмач-2» атты стансаға мықтап бекініп алғандары байқалады. Мұны іштей түйсінген С. Айтқұлов бастаған аутоматшылар түн ортасында аталмыш стансаға кіріп, қару-жарақ сақталған қоймаларына өрт қойып, кешікпей теміржолдың да істен шығуына әрекет жасайды. Аяқ астынан тұтанған тілсіз жаудан ес жия алмаған күйі біраз дұшпан әскері шығынға ұшырап, қалғаны «жылы ұяларынан» қашып шығуға мәжбүр болады. Осылайша бұл күнгі операция сәтті аяқталып, жерлесіміздің өңіріне «Ерлігі үшін» медалі тағылады. Бұл ертеңгі «Алтын жұлдызға» жол ашқан алғашқы марапат болатын.
1943 жылдың 17 қазаны С.Айтқұлов үшін ескірмес естелік болып көңіл түкпірінде сақталып қалғаны хақ. Бұл күні майдан шебіндегі кеңес әскерінің күштері топтастырылып, жау полкіне қарсы шабуылға шығуға соңғы дайындықтарын пысықтайды. Осы кезде Сәлім бастаған барлаушы топ (17 адам) өз еріктерімен Днепрден алдын ала өтіп, дұшпанның бағытын өзге жаққа аудармаққа шешім қабылдайды. Кешікпей атыс-шабыс басталып та кетеді. Осы мүмкіндікті шебер пайдаланған біздің жауынгерлер олардың ту сыртынан жойқын соққы беріп, ажал оғын қарша боратады. Жер-ана төсі тербеліп, көк жүзі көк түтінге бөккен бұл шайқас та осылай жеңіспен аяқталады. Жас офицер Сәлім Айтқұлов болса, граната жарықшағынан ауыр жарақат алып, есін Чернивицкий госпиталінде жияды. Арада бірқыдыру уақыт өтіп, жарақаты жазылғаннан кейін ол Мәскеу төріне шақырылып, аталған ұрыстағы ерен ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атағы берілгенін естиді. Әрі осынау жоғары марапатты оған Кремльде М.Калинин өз қолымен табыстайды.
Артем Коровин
Артем Коровин 1918 жылы Орал облысында шаруа отбасында дүниеге келіп, әскер қатарына 1942 жылы наурызда шақырылған. Ол майдан шебіне кірген күннен-ақ өте ақылды, ұстамды барлаушы ретінде көзге түседі. Бір жыл жарымдай уақыт ішінде 14 «тіл» әкелуі де көп жайды аңғартса керек. Ал 1944 жылдың 18 қазаны күнгі шайқаста бір өзі жаудың 25 солдатының көзін жойып, 5-еуін тұтқынға алады. Жаралы жүрсе де, көздеген мақсатына жетіп, тапсырма толық орындалғаннан кейін ғана медсанбатқа барады.
Иә, Артем Иванович қай кезде де дұшпанға аш қасқырша атылып, салғаннан олардың бетін қайтаруға машықтанып алғанға ұқсайды. Сол 1944 жылдың қарашасында өз взводымен фашистерді қоршап алып, қатты соққы береді. Шегінген немістерді қапталдай қуып, Мемель-Тильзит теміржолы бойына бекінген әскерлерін екі жаққа бөліп жібереді. Әрі екеуін тірілей қолға түсіріп, бөлімге алып келеді. Осындай талай от пен оқтың ортасынан аман өткен қайран ер келер жылдың 19 ақпанында жаумен бетпе-бет келген бір ұрыста қаза табады. Бір айдан кейін, яғни 1945 жылы наурызда оған Кеңес Одағының Батыры атағы беріледі. Ол бұдан бұрын І дәрежелі Отан соғысы, ІІІ дәрежелі Даңқ ордендері мен бірнеше медальді иеленген еді.
Григорий Губарев
Он жеті жасында Отан қорғауға аттанған бозбалалардың бірі – Григорий Губарев. 1925 жылдың 15 тамызында Орынбор облысының Кваркен ауылында туған ол әскерге 1942 жылдың соңында Саратов облысының Пугачев ауданынан алыныпты.
Бойында жастық оты жалын атқан жігерлі жігіт алғашқы дайындықтан өткеннен кейін, Ленинград түбіндегі Волхов майданына жіберіледі. Бұл – 1943 жылдың шіліңгір шілдесі, яғни қанды қырғынның нағыз қанқұйлы шағы еді. Қарша бораған қорғасын оқтың ортасынан аман өткеніне тәубе айтып, қаруластарымен аз-мұз тынығып, қайта күш жинаған олар алға жылжи береді. Осылайша Волховтан соң жаяу әскер жорықтары Балтық және І Украина майдандарында жалғасады. Талай рет ажалмен бетпе-бет келген сәтте оққа ұшқан қимас қаруластарының кегін алу оның басты мұраты болады. Ержүрек жігіттің ерен ерліктері де ескерусіз қалмайды. Ал енді Польшадағы Одер өзенінен өту кезіндегі алапат соғыс оның нағыз хас батыр екенін айшықтап, атын көпке танытады. Осы ұрыста атой салған жерлесіміз жауды қынадай қырып, батырлық пен батылдықтың шынайы үлгісін көрсетеді. Кешікпей, 1945 жылдың 10 сәуірінде Григорий Мироновичке Кеңес Одағының Батыры атағы беріледі. Батыр ұл қай кезде де өзіне жүктелген жауынгерлік тапсырмаларды бұлжытпай орындап, Жеңіс күнін асқақ абыроймен қарсы алады.
Соғыстан кейінгі өмірі Орал қаласында өткен майдангер 1998 жылы 24 ақпанда қайтыс болды.
Бет материалдарын дайындаған
Бауыржан Махутұлы,
zhaikpress.kz