15.05.2025, 17:30
Оқылды: 635

Отбасыларды қолдау орталығы ашылды

Әр отбасы – қоғамның маңызды бөлігі. Әр шаңырақтың өз тағдыры, өз тарихы бар. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әр отбасының бақытты өмір сүруі үшін жағдай жасау туралы үнемі айтып келеді. Бұл бағытта берілген тапсырмалар өмірімізге бағдар болуы тиіс.

WhatsApp Image 2025-05-15 at 18.26.36

Сурет: instagram.com

Әрқайсымызға жылу сыйлайтын 15 мамыр – Отбасы күні мерекесіне орай Орал қаласында «Отбасын қолдау орталығы» ашылды. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мұрындық болуымен іске қосылған орталық отбасы институтын нығайту, отбасының барлық мүшесіне қамқорлық көрсету, үйлесімді қарым-қатынасты қалыптастыруға көмектесу және ата-аналар мен балаларға психологиялық, әлеуметтік, құқықтық көмек беру және отбасылық құндылықтарды насихаттау арқылы қоғамның тұрақты дамуына үлес қосуды мақсат етеді.

Президент тапсырмасына сәйкес ашылған орталық өмірлік қиын жағдайда қалған отбасыларға кешенді түрде қызмет көрсетеді. Көмекке, қолдауға зәру жанұялардың мұң-мұқтажын тыңдап, оларға қол ұшын созатын орынның ашылу салтанатына шаһар басшысы Мұрат Бәйменов, зиялы қауым өкілдері, аналар кеңесінің мүшелері мен белсенді азаматтар, Атырау мен Ақтөбе облыстарынан келген қонақтар және тұрғындар қатысты.

WhatsApp Image 2025-05-15 at 18.25.46

–Баршаңызды шын жүректен Отбасы күнімен және «Отбасын қолдау орталығының» салтанатты ашылуымен құттықтаймын. Бүгін – отбасы институтын нығайтуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі жүзеге асып отыр. Отбасы – мемлекеттің тірегі, тәрбиенің бастауы, рухани байлықтың ордасы. Ал осы құндылықты қорғап, қолдап, бағыт-бағдар беретін орталықтың ашылуы – ел өміріндегі елеулі оқиға.

«Отбасын қолдау орталығы» – бұл тек кеңес беру орны емес, бұл – қиын сәттерде үміт сыйлайтын, әрбір жанұяға сүйеу болатын мекеме. Мұнда қызмет ететін әр маманның ісіне деген адалдығы мен жүрегінің жылуы үлкен құрметке лайық.

Қиын жағдайға тап болған немесе отбасындағы мәселелердің шешімін таба алмай жүрген жандарға көмек қолын созуға дайын тұратын жандардың күн-түн демей жасайтын еңбектері үшін алғысымды білдіремін. Ел ішіндегі бірлік пен татулықты, жанұядағы шаттық пен берекені нығайту жолындағы жұмыстарыңыз жемісті болсын. Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, игілік пен табыс тілеймін. Ортақ Отанымыз – Қазақстанның берекелі болашағы әр берік отбасының іргесінен басталады, – деді Отбасы институтын нығайту мақсатында құрылған мекеменің ашылуында қала әкімі.

Одан соң ҚР Білім беру саласының үздігі, «Мұғалім – әдіскер» төсбелгісінің иегері, Бөрлі ауданының аналар кеңесінің төрайымы Мариям Сиражева мен Ақтөбе қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бастамалар бөлімінің басшысы Мақпал Тұрмағамбетова сөз сөйлеп, жаңа ашылған орталық жұмысына сәттілік тіледі.

WhatsApp Image 2025-05-15 at 18.27.26

Жаңадан ашылған орталық психологиялық  және әлеуметтік кеңес беру, ата-аналарға арналған тренингтер мен оқыту бағдарламаларын өткізу, отбасылық құқық мәселелері бойынша заңгерлік кеңес беру, дағдарыс жағдайындағы азаматтарға уақытша көмек көрсету, қиын өмірлік жағдайдағы отбасыларға қолдау көрсету, мемлекеттік органдармен және ұйымдармен профилактикалық жұмысты ұйымдастыру сияқты қызметтер көрсетеді.

Түгелбай Бисен

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале