21 қазан күні Орал қаласындағы Оқушылар және жастар сарайында облыстық «Парасатты отбасы» байқауының жеңімпаздары марапатталды.
Өскелең ұрпаққа отбасы құндылықтарын насихаттау, отбасы мүшелерінің арасындағы бауырмалдық, қайырымдылық, достық қарым-қатынасты қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған байқаудың қорытындылау іс-шарасына БҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысы Рүстем Ақмырзаев, облыстық білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева, облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Қуанышбек Бекназаров, «Ақжайық – Адалдық Алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Әлия Салиева, ҮЕҰ және БАҚ өкілдері қатысты.
– Қоғамда парасаттылық құндылықтарды ілгерілету және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру мақсатында өткізілетін облыстық «Парасатты отбасы» онлайн байқауы отбасы мүшелерінің арасындағы қарым-қатынасты күшейтеді. Қазіргі таңда оқу орындары да саналы, адал ұрпақ тәрбиелеу жолында аянбай еңбек етуде, – деді Рүстем Ақмырзаев.
«Парасатты отбасы» байқауына қатысқан 116 отбасының ішінен 13 отбасы үздік деп танылды. 10 отбасы 10 аталым бойынша жеңімпаз атанды. 3 отбасы жүлдеге қол жеткізді.
«Рүстемовтер» отбасы (Орал қаласы) 1-орынды жеңіп алса, «Тасболатовтар» отбасы (Казталов ауданы) 2-орынды місе тұтты. 3-орын «Төлеповтер» отбасына (Орал қаласы) бұйырды. Жеңімпаз отбасылар бағалы сыйлықтармен, дипломдармен марапатталды.
– Бұл жоба алғаш рет 2018 жылы ұйымдастырылды. Осы іс-шараны ұйымдастыруға кәсіпорындар да көмектесуде. Кез-келген құқықбұзушылықтың алдын алу жанұядағы тәрбиеден басталады. Биыл байқау онлайн сипатта болды. Қатысушы отбасылар өнерімен, білімімен, көрегенділігімен көзге түсті, – деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) БҚО бойынша департаментінің превенция басқармасының басшысы Біржан Хайруллин.
Сондай-ақ, «Жемқорлық – індет, жою – міндет» тақырыбындағы тикток байқауында үздік деп танылған Хиуаз Доспанова атындағы №30 жалпы орта білім беретін мектебінің жас ұстаздары да марапатталды.
Марлен Ғилымхан,
«Орал өңірі»
zhaikpress.kz