14.03.2024, 12:30
Оқылды: 73

Отбасын сақтап қалды

Батыс Қазақстан облыстық соты неке бұзу істерін азайту бағытында тұрақты жұмыс жүргізуде. Осы мақсатта Билер кеңесімен бірлесе отырып, сотқа дейінгі дауды шешудің жолдарын қолға алды.

istockphoto-1303997113-2048x2048

Фото: istockphoto

Статистикалық деректерге сүйенсек, облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына биылғы 1 қаңтардан күні бүгінге дейін некені бұзу туралы 275 талап-арыз түскен. Осы ауданаралық сот бір күнде талапкер Н.-ның жауапкер Ж.-ға және талапкер Ш.-ның жауапкер Р.-ға некені бұзу туралы талап қою арыздары бойынша екі азаматтық  істі қарады.

Іс құжаттарына сүйенсек, ерлі-зайыпты Н. мен Ж. 2007 жылы заңды түрде некелескен. Олардың кәмелетке толмаған үш баласы бар. Талап қоюшы Н. арызында жұбайының алкогольдік  ішімдікті шамадан тыс тұтынатынын айтып, некені бұзуды сұраған. Ал талапкер Ш. жауапкер Р.-мен 2017 жылы некелескен. Кәмелет жасқа толмаған бір бала тәрбиелеп отыр. Жауапкер отбасы алдындағы міндетін орындауға селсоқ болған. Құмар ойындар ойнап, үйіне бірнеше күн келмейтіндіктен талапкер мен жауапкердің арасындағы неке қатынастары тоқтаған. Талапкер одан әрі жауапкермен бірге өмір сүру мүмкін болмағандықтан, некені бұзуды сұраған. Судья істі сот талқылауына дайындау барысында бұл азаматтарға дауды бітімгершілік рәсімдер арқылы реттеуге болатынын, Билер кеңесінің көмегіне жүгінуге құқылы екендерін түсіндірді.

Билер кеңесіне жүгінген ерлі-зайыптылардың істерін қарауға аталған кеңес төрағасының міндетін атқарушы Мектеп Сүлеймен мен психолог қатысты. Ерлі-зайыптылар отбасында жанжалдың жиі болатынын жеткізді. Бірінші талап-арыз бойынша Билер кеңесінің отырысында ерлі-зайыптылардың арасындағы жанжалға күйеуінің алкогольдік ішімдікті шамадан тыс пайдалануы себеп болғаны анықталды. Әңгімелесу барысында Мектеп Сүлеймен талап берушінің жұбайы – ер адамға ақылын айтып, оны әйелімен татуластырды. Осылайша дауласқан ерлі-зайыпты екі жұптың  біреуі өзара келісімге келіп, отбасыны сақтап қалды. Сотқа жасақталған медиативтік келісім ұсынылды. Соттың ұйғарымымен келісім бекітіліп, азаматтық іс бойынша өндіріс тоқтатылды. Ұйғарым заңды күшіне енген жоқ.

Айта кету керек, Билер кеңесі күрделілігі әр түрлі деңгейдегі жанжалдарды, оның ішінде отбасы дауларын шешуге де көмектеседі. Даулардың түпкілікті шешілуі, жанжалдасқан тараптардың бір-біріне деген жағымсыз сезім мен реніштен арылуы Билер кеңесі жұмысының бірегейлігін айқындайды.

Айна Имашева

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале