Отбасы – әрбір мемлекеттің тірегі. Отан отбасынан басталатындықтан, жанұяның жарасымдылығын сақтау, шаңырақтағы сыйластыққа сына түсірмеу көптеген түйткілдің алдын алатынын өмір көрсетіп отыр. Соның ішінде қоғамда ажырасудың көбейіп, толық емес отбасылар санының артуына, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың жиілеуіне тұрмыстық зорлық-зомбылықтың әсері орасан. Осыны ескерген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жазаны күшейтуді тапсырған болатын.
Сурет: pixabay.com
Президент тапсырмасынан кейін тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты статистикалық деректер жан-жақты сарапталып, әлімжеттіктің алдын алуға ықпал ететін шаралар зерделенді. Кешенді ізденістердің нәтижесінде құзырлы органдар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарын дайындады. Жақында Мемлекет басшысы осы екі заңға қол қойды. Құжатқа енгізілген түзетулер қоғам тарапынан қызу талқыланды. Осының өзі азаматтық қоғам белсенділігінің жоғарылап, халықтың құқықтық сауатының өскенін көрсетеді.
Жаңа заңдар тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты бұған дейін шешімін таппай келген мәселелерді толық ескерген. Соған сәйкес енді отбасылық зорлыққа жол бергендердің жауаптылығы әкімшілік құқықбұзушылық ретінде емес, қылмыстық кодекс шеңберінде қаралып, жаза белгіленеді. Заңның жаңашылдығы аз емес. Оны таныстыру, түсіндіру мақсатындағы жұмыстар тоқтамауы керек. Көпшілік жақынына жұдырық жұмсаудың қылмыс екенін толық біліп, түсінген кезде, тұрмыстағы зорлық тыйылады.
Мәселен, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғу қылмыстық құқықбұзушылық ретінде танылады.
Сәйкесінше, денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа және ауыр зиян келтіргендердің жауаптылығы қатаңдатылады. Мұндағы айыппұл көлемінің де, қамау мерзімінің де өскенін айта кету керек.
Сонымен бірге тұрмыстық зорлық-зомбылықты жасырудың, зорлықшыны жазасыз қалдырудың жолы кесілді. Өйткені бұған дейін жақынынан қорыққан, отбасын сақтап қалу үшін небір қиындыққа тәуекел еткен әйелдер зорлық-зомбылық туралы құзырлы органдарға арыз жазудан қашатын. Ал енді іс қозғау үшін жәбірленушінің арызы қажет емес. Полиция қызметкерлері фото-видео айғақтар мен көрші, туыстарының сөзіне сүйене отырып іс қозғап, зорлықшыны жазаға тарту құзырына ие болды. Сондай-ақ зорлық жасаушы мен жәбірленушінің татуласуына бір рет қана мүмкіндік берілуі де – орынды тетік. Себебі жақынының үнемі кешіріп, татуласатынына сеніп алған азаматтар күш көрсетуді әдетке айналдырған. Осындайда жазасыздық жаңа қылмыс тудырмауы үшін тараптардың екінші рет татуласуына мүмкіндік берілмеуі – өте дұрыс бастама.
Бұдан бөлек, заңда жанжал шығарған адамды тәртіпке салу тетіктері қамтылған. Яғни отбасының тыныштығын алып, берекесін кетіргендер енді қателігін түсінуі үшін отбасынан оқшауланады. Бұл да жәбірленушілердің қауіпсіздігін ескергендіктен қолға алынған пәрменді шара.
Алаш арыстарының бірі Әлихан Бөкейханов кезінде: «Заң адам пайдасына жазылады, адам заң үшін тумайды ғой» деген екен. Сол тұрғыдан алғанда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы бағытталған бұл заңдар нағыз адам пайдасына жазылған заңдар десек, шындықтан алыстамаймыз. Осы заңдардың арқасында қоғамдағы теңсіздікті жойып, әлімжеттіктің алдын алуға мүмкіндік туады. Айталық, енді білім беру ұйымдары кәмелетке толмағандар жасаған немесе оларға қатысты жасалған заңға қайшы әрекеттер туралы құқық қорғау органдарына дереу хабарлауға міндетті. Мұндай шара бұған дейін заңдық тұрғыда бекітілмеген еді. Ал бұл жаңашылдықтың енгізілуі білім беру, құқық қорғау ұйымдарының бала тағдырына деген жауаптылығын еселейді. 16 жасқа дейінгі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жолақысын төлемегені үшін оларды қоғамдық көліктен мәжбүрлеп түсіруге де заңмен тыйым салынып отыр. Бұған қоса, заңды басшылыққа ала отырып, еліміздің әр өңірінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге әлеуметтік қызмет көрсету үшін отбасын қолдау орталықтары көптеп құрылмақ. Орталықтар жақындарынан зәбір көрген жандардың материалдық, моральдық қана емес, құқықтық, психологиялық тұрғыдан кеңес алып, өз бетінше өмір сүруі үшін мамандық таңдауына, жұмыс табуына, жаңа кәсіп меңгеруіне қолдау көрсетеді. Жақынынан зорлық көріп, жаны жабырқаған жандарға мұндай орталықтардың берері мол.
Заңда өзін-өзі өлтіруге итермелегені және ықпал еткені, сондай-ақ өзін-өзі өлтіруді насихаттағаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілгенін айта кету керек. Сондай-ақ 16 жасқа толмаған адамға сексуалдық сипатта тиіскендер де қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Кәмелетке толмағандарды ұрлағаны және заңсыз бас бостандығынан айырғаны үшін жаза айтарлықтай қатаңдатылды. Міне, заңдағы осындай айрықша жаңғыртуларды көпшілікке жеткізу – баршамыздың парызымыз.
Ә.Теберикова
Тасқала аудандық сотының төрағасы