30.05.2025, 9:15
Оқылды: 218

«Өткен жылғы қателік қайталанбасын!» тағы да киік мәселесі туралы

Нағим Қитанұлы Тәжімұратов (суретте) – облысқа белгілі шаруалардың бірі.

WhatsApp Image 2025-05-29 at 15.33.14

Орда өңірінде төрт түлік өсіріп, жиырма шақты адамды жұмыспен қамтып, ауданның әлеуетіне зор үлес қосып келе жатқан азамат. «Ортақ өгізден оңаша торпағым» демей, ауылының, ауданының мәселелеріне ылғи жанашырлықпен қарап жүретінін жұртшылық жақсы біледі. Әсіресе ауылдастары оның адамгершілігін, «Атымтай жомарттығын», ортақ шаруаға құлшынып тұратын азаматтығын жоғары бағалайды. Тура жүріп, тіке сөйлейтін азамат талай игі істердің бастамашысы болудан шет қалған емес. Үнемі шаруа қамымен ат үстінде жүретін Нәкеңмен арнайы кездестік. Төмендегі әңгіме соңғы жылдары ордалық, жәнібектік, казталовтық, жаңақалалық шаруалардың ортақ «бас ауруына» айналған киік мәселесі төңірегінде өрбіді.

Суретті түсірген фотограф Мейірбек Тажқұранов киік жпк

– Баяғыда бала күнімізде «Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайды» деген әзіл өлең болушы еді. Сол айтқандай, бұл киік мәселесі біздің іс басындағы азаматтарды, әсіресе Бөкей ордасы мен Жәнібекте малмен күн көріп отырған шаруалар мен қарапайым халықты шындап қартайтатын болды. Өткен жылы тамыз айының 16-сында Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Жәнібек ауданына келді. Сол жерде біздермен, яғни шаруалармен кездесті. Жалпы, біздің облыста киік мәселесі соңғы жылдары мықтап көтеріле бастағаны жалпақ елімізге кеңінен белгілі. Жоғарыда айтқан министрді былтыр шаруалардың айқай-шуымен әрең келтіргенімізді білетін шығарсыздар. Өйткені одан екі-үш жыл бұрын көбейе бастаған киік өзінің жүрген жерінде мал жайылымдарын еркін жайлап, жайылысты тып-типыл етіп жеп қойды. Шаруалардың малын жаятын жер, алдағы қысқа мал азығын дайындайтын шабындық қалмады. Сөйтіп, Жәнібек, Бөкей ордасы, Казталов, Жаңақала аудандарының шаруалары үшін өте қиын жағдай қалыптасты. Оған дейін облыс көлеміндегі жиындар, әртүрлі кездесулер ешқандай нәтиже бермеді. Киік жаңағы айтқан Бөкей ордасы, Жәнібек, Казталов, Жаңақала аудандарына, ондағы шаруалардың жеріне, жайылыстарына, жалпы сол ауылда отырған халықтың шаруашылығына зор зияны мен қаупін төндіре бастады. Аудандарда басталған айқай жиналыстар облыс орталығында жалғасты. Әртүрлі деңгейдегі мамандармен, басшылармен кездесулер өтті. Түк нәтиже болмады. Астанадан депутаттар да келді, жағдайды көрді, бастарын шайқап олар кетті. Астанаға барғасын дабыл көтерді. Түк нәтиже болмады. Содан әупіріммен Экология министрін келтірдік қой... Бір біткен шаруа – жерлерін киік жайпап кеткен аудандарға, шаруаларға басқа аймақтардан шөп тасылатын, оған арнайы субсидия бөлінетін болды. Қарайған қаржы жұмсалған бұл жұмыстар кейін атқарылды. Енді киікті бір жағына шығаруымыз керек қой деп, министрден сол жерде талап еттік. Оған дейін киіктің басын азайту туралы мәселені айтудай айтып келе жатқанбыз. Біздің ұсынысымыз – киік кең жайлаған жерлерде арнайы бригада құрып, олар аулап, сойып, киіктің төшкесін мұздатқыш жабдықтары бар арнайы көліктерге тиеп отыру болатын. Бұл жерде бір оқпен үш қоян алатын едік: киіктің басын белгілі бір деңгейге түсіреміз, ауылдағы бос отырған адамдарға жұмыс табылады, киіктің еті сауда орындарына түсіп, қарапайым халық пайдасын көреді. Киік баяғыда, Кеңес үкіметі кезінде де болды ғой. Басы көбейіп кеткенде, арнайы бригада шығарып, атып, аулап дегендей, етін шашау шығармай сауда орындарына жеткізетін. Біз де жұмысты тап осылай ұйымдастырайық деп өзіміздің ұсынысымызды министрге айттық. Бірақ министр келіспеді: «Халыққа аулатпаймыз, өзіміз ұйымдастырамыз, арнайы адамдар аулайды» деді. Шаруалар ішіміз қан жылап тұрса да, жақсы деп келістік. Министрдің айтуы бойынша киікті аулап, оны анау Чапаев ауылы тұсындағы, Жаңақаладағы комбинаттарға тапсырады, әрі қарай сойып, өңдеп, сауда орындарына жөнелтеді деді. Айналғанда бұл айтқандардың біреуі де орындалмады. Ет комбинаттары киікті қабылдауға дайын болмай шықты. Ал бұл кезде киікті аулау басталып кеткен еді. Оның ауланғанын тапсыратын жер таба алмай, көліктерге тиелгендері Ақтөбе, Атырау жаққа шұғыл аттандырылды. Бірақ солардың көбі бұзылып, сасып кетті. Далаға, сай-салаға аударылған киік төшкелері әлеуметтік желілерде үлкен дау туғызғанын ел біледі. Сөйтіп, «Әп-әдемі ән еді, пұшық айтып, қор қылды» дегендей, үлкен үмітпен басталған шаруаның аяғы быт-шыт болып, түк пайда болмады, қайта күлдей зиянға шықты. Ең бастысы, киіктің басын азайтамыз деген әңгіме жайына қалды. Жоспарланған жұмыстың ширегі де орындалмады.
Министр сол келісінде шаруаларға жерлеріңізді киік түспейтіндей етіп, сым торлармен өздеріңіз қоршап алыңыздар деген ұсыныс айтты. Биіктігі 120 сантиметр болатын ондай қоршаулардың құны аз емес, бірақ амалы қалмаған шаруалардың бірқатары жерлерін қоршады. Бәленбай мың гектар жерді сым тормен қоршау оларға оңайға түспегені белгілі. Бұған үкімет субсидия бере ме, бермей ме, ол жағы да әлі шешілген жоқ. Мысалы, мен қадалар (стойка) мен сым торларды алып жатырмын. Шамамен 25 шақырымдай ұзындықта жерімді қоршауым керек. Бұған қыруар қаржы керек екені өзінен-өзі белгілі. Алдында қоршаудың биіктігі 120 сантиметр болсын деген, енді ол 160 сантиметрден кем болмасын деп жатқан көрінеді. Ойларына келгенін айта ма, түсінбейміз... Шынына келсек, 120 сантиметрден секіріп, өтіп кетіп жатқан киіктерді естіген де, көрген де жоқпыз. Әрине, киікке секірейін десе, екі метр де кедергі бола алмайды. Әйтеуір, шаруаға келіп жатқан нұсқау, бұйрық, талап көп, бірақ одан қандай пайда? Бұл енді былтырғы әңгіме ғой. Енді биыл не өзгерді, жағдай қалай дегенге келсек, ештеңе өзгерген жоқ, жағдай сол баяғысы. Тіпті жасырмай айтсам, бұрынғыдан да мүшкілденіп барады. Қазірдің өзінде шаруалардың малымен қатар ауылдағы халықтың малы жайылатын жер қалмады. Киік бәрін отап, жеп жатыр. Жайылыстар тықырланып кетті. Мал көтерем. Біздің Нарынның қалың құмының ішіне бұрын киік кірген жоқ еді, қырлықта, далада жүрді. Былтырдан бастап құмның ішіне де кіріп, еркін жайлап, отап тастады. Енді қайтсін, қырда жайылатын жер, өсіп тұрған шөп қалмады ғой. Ал киіктің құм ішін жайлауының өте қауіпті жағы бар, оны ұмытуға болмайды. Құмның ішіндегі өсіп тұрған шөп – құм көшкінін тоқтататын, қорғайтын табиғаттың өзінің құралы. Егер оны киік отап тастаса, құм көшкіні басталды. Ал олай болса, шаруалар бара-бара жерсіз қалады дей бер. Мен осы кеше келдім ауылдан, киіктер тағы да сол құм ішіне кіре бастады. Төлдей бастады. Жігіттер қырға қарай айдаған екен, шауып келе жатқандары туып қалып жатқан көрінеді. Табиғат бұл мақұлықты шебер жаратқан ғой, әлгі туғаны лағын тастап кете береді екен де, кейінде келе жатқан аналық киіктер лақты тастамай, емізетін көрінеді. Сәлден кейін сүтке тойған лақ лекке ілесіп, шаба жөнелетін көрінеді. Сонымен киік былтырғыдан да көбейе түспек. Осы арада біздің жақтағы киіктің саны төңірегінде де әртүрлі алыпқашпа әңгіме көп. Нақты, ресми есебі айтылмайды. Өткен жылдары санақ өткенде мамандар 1 млн 900 бас депті. Бірақ министр осының бір миллионын алдыртып тастаған деген қауесет гулеп жүрді ел арасында. Біз осының расөтірігін Нысанбаевтың өзінен сұрадық. Ол кісі ештеңе айта алмады. Сонда бұл неғылған жұмбақ? Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам демей ме, ертең бәрі белгілі болады ғой... Киіктің орасан көбейгенін халықтың бәрі көріп отыр. Ел арасында киік 5-6 миллион, тіпті 9 миллион болыпты деген сөз желдей есіп жүр. Біз, шаруалар, жылда сәуір айында киіктің санағын алайық деп қақсаумен келеміз. Өйткені бұл кезде киіктер төлдеуге жақындап, жүріс-тұрыстары шабандап, тап бір желдей есіп, құйғытып шауып жүрмейді. Жер де қар кетіп, жұмсақ, бауыр жазып, шаба жөнелуге ауырлау. Сол кезде дронмен санайсыз ба, ұшақпен бе, көлікпен қайтарып жүріп санайсыз ба, ыңғайлы. Өзіміздің киігіміз аздай, өткенде Ресей жағынан да киіктер келіп қосылды. Қыстан қысылып шыққан шығар, шеттерінен арық, көтерем. Оларға шекара жоқ, өтіп келіп жатыр. Қазір киіктер адамнан, көліктен қорқуды, үркуді қойды. Баяғыда бұл жарықтықтар далада кездескенде жұлдыздай ағып, алдыңнан кесіп өтіп, бір төбенің шаңын бір төбеге қосып, көзден ғайып болушы еді ғой. Қазір олай емес, көлігіңмен өтіп бара жатсаң, «Диірменде туған тышқан тарсылдан қорықпас» дегендей, саған «Неғып жүрген бәлесің?» дегендей едірейе қарап, қашпайды. Дәл санын оп-оңай шығаруға болады. Бірақ ол істелмей келеді. Істелсе де, нақты саны айтылмайды. Сосын бір ауданның жеріндегі киіктерді санап, екінші аудандардағы киіктер есепке алынып, мүлдем саналмағаны туралы ақпаратты біз, шаруалар, өз құлақтарымызбен естігенімізді айта кетуім керек. Былтырдан бастап өз көзіммен көріп жүрмін, киіктердің басы жылдам өсуде, ауылдың іргесінде, үйден 30-50 метр жерде жайылып, жата беретінді шығарды. Енді қайтсін, жерге сыймай барады ғой... Ал, енді тоқып отырған өрмегімізге қайта оралып, «киіктің басын қалай азайтамыз?» дегенге келейік. Мен мұны айтудай айтып келемін. Киікті арнайы соятын нысан салып тәкке де қажеті жоқ. Мысалы, біздің Орда жерінде жүрген киіктердің жайлысынан палатка құрып, сол жерден скважиналық құдықтар соғып, қасапхананың жұмысын бастап кетуге болады. Қасапшылыққа ауылдағы жұмыссыз отырған азаматтар қуана-қуана келеді. Тек киік төшкесін қалаға жеткізетін салқындатқышы бар көлік дайын тұрсын. Былайша айтқанда, жайылыстағы киіктің соңынан еріп жүретін жылжымалы қасапхана болуы керек. Осыны ұйымдастыруға болады ғой деп айтудан шаршадық. Биыл қалай болатынын тағы көреміз... Тек, ең бастысы, өткен жылғы жіберілген қателік биыл қайталанбауы тиіс!
Киіктің бүгінде көбейгені сонша, енді құмның ішіндегі ағаштардың арасына кіріп жатыр. Су жоқ, талдың, теректің көлеңке жағын тұяғымен қазып, шұңқырлап жататынды шығарған. Қазір құмның ішіне кірсеңіз, теректердің түбін қорс қылып қазып тастаған. Шабындық жерлерді де осылай қазған, шұңқыр-шұңқырдан жүре алмайсың. Ал өліп қалған киіктердің төшкесі аяқ алып жүргісіз, тұтасымен жатыр. Оны жинап, көміп, неден өлді, жұқпалы ауру емес пе, оған бас ауыртып жатқан ешкім жоқ. Менің айтарым, киіктің басын азайту, ол үшін жылжымалы қасапхана ұйымдастыру, жерді қоршау, оған субсидия бөлу мәселесі, киікке байланысты зияндарды өтеуді үкімет мойнына алып, тезірек қолға алғаны жөн. Біз киіктің көбеюінің нағыз сындарлы шегіне жеттік, әрі қарай жағдай мүлдем ушығып, зияны мен қаупі, әрине, одан Құдай сақтағай, шаруалар мен халықтың наразылығына ұласып кетуі әбден мүмкін.
Құм өңірін жайлаған біздің жанымызға бататын тағы бір мәселе: жыл санап, Орда жерінде шаруалар мен халықтың малдарына жайылыс, шабындық азайып, шаруаларға нақты айтсам, 50% жер жетпейді. Бөкей ордасының жалпы жер көлемі – 1 миллион 921 мың 400 гектар. Осының баяғыда Ресейге, полигонға жалға берілгені 943 мың 600 гектарды қамтиды. Яғни тең жартысына жуығы десек, қателеспейміз. Міне, осы жерді қайтарып алуға мемлекетіміз мүдделілік танытып, нақты іске көшер деп үміттенеміз, – деді Нағим Тәжімұратов.

Әңгімені тыңдаған Есенжол Қыстаубаев,
«Орал өңірі»,
Бөкей ордасы ауданы

WhatsApp Image 2025-05-29 at 15.33.52

Бауыржан Сабанов, Жәнібек ауданындағы «ECO CIub» ЖШС-ның жетекшісі:
- Өткен сәуір айының басында облысымызға ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Аманғали Бердалин келді. Сонда өткен кездесуде киік таптаған мал жайылымының шығынын өтеу үшін жайылымдарды тормен қоршау шығындарын субсидиялайтын болды. Ережесі жасалды. Торлардың биіктігі 1,6 метрден кем болмауы керек делінген. Оның биіктігі 1,2 метр болғаны дұрыс, одан киік секіріп кете қоймайды. Темірбетон бағаналар қарастырылған, ол өте қымбатқа түседі. Берік пластикалық тұрбалар бар, соны пайдаланған дұрыс. Бағасы да темірбетонға қарағанда арзанға түседі. Анау ережені осындай өзгерістермен толықтыру керек. Киікке қатысты республикалық бағдарлама дайындалуы керек.
Міне, мамыр айы да бітуге жақын. Киіктер төлдей бастады. Биыл олар 5 миллион басқа жететін шығар... Қазір олар ауылдардың айналасында қаптап жүр. Менің жоңышқа еккен жеріме түсіп, отап кетті...
Басқа да шаруалардың жайылымдарын тып-типыл етуде. Шаруалар, бәріміз жиналып, адамдармен жүздеген көлік шығарып, қалаға қарай айдаймыз ба?.. Енді басқа не істеуге болады?..
Біздің әсіресе, Жәнібек, Бөкей ордасы аудандарындағы ақбөкендердің жосын көбейуіне байланысты жергілікті төтенше жағдай жариялайтын күн туған сияқты. Шабындықтар мен жайылымдарды қорғауды күшейту керек. Бүгінде далада өлген киіктердің өлекселерінен аяқ алып жүре алмайсыз. Әкімдіктер тезірек адамдарды жұмылдырып, оларды жинауды ұйымдастырса. Бұған тек «Охотзоопромның», резарваттың адамдарының күші де, қаржысы да жетпейді. Күн ысып келеді, Құдай сақтасын, ертең ол өлекселерден ауру таралуы мүмкін ғой... Халықты жұмылдырған өз алдына, полиция, әскери бөлімдердегі сарбаздарды да бұл жұмысқа тезірек тарту керек! Біз, шаруалар, өз тарапымыздан көліктер, адамдар шығара аламыз.
Сонымен біздің бес талабымыз бар:
1. Қоршаудың ережесін өзгертсін.
2. Киік бүлдірген шабындық, жайылымдық, егістік жерлерге қаржы бөлінсін.
3. Елді мекендерге (киік жайлаған) кооператив арқылы қаржы бөлініп, техника алынып берілсін.
4. Киіктің санын шектеу міндетті түрде және шұғыл қолға алынсын.
5. Киікке қатысты барлық мәселемен тұрақты айналысып, оны шешіп отыратын арнайы облыстық комиссия құрылсын.

WhatsApp Image 2025-05-29 at 15.32.44

Мырзабай Боранбаев, Бөкей ордасы ауданындағы «М. Буранбаев» шаруа қожалығының жетекшісі:
- Жедел қимылдайтын топ (ГБР-группа быстрого реагирование) құрылған. Киікті айдаумен айналысады. Көлікке мінген 4-5 адам шаруалардан дабыл түскен бойда жетіп келіп, жайылымдарда жүрген ақбөкендерді қуып айдайды. Бұдан түк те шықпайды. Бүгінде жайылымдарымызға түсіп жатқан киіктер 100-200, тіпті 500 бас емес, мыңдап саналады. Ал оны анау 4-5 адам адам қалай қуып айдайды? Қайда айдайды? Менің жерімнен қуып шығып, Сәкеңнің, одан әрі асырып, Мәкеңнің жеріне айдай ма? Олай істеп, киіктен құтыла алмаймыз ғой... Мұның аяғы қатар жатқан шаруаларды араздастыру, дауластыруға апарады... Бұлай мәселеден құтылмаймыз!

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале