Достық үйінде облыс әкімі Алтай Көлгіновтың қатысуымен "Даулардың жекелеген санаттары бойынша дауларды медиация тәртібімен сотқа дейінгі реттеуді енгізу бойынша пилоттық жобаны іске асыру" тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Аталмыш шараны облыстық сот ұйымдастырды.
Басқасуға БҚО сотының төрағасы Бек Әметов, азаматтық істерді қарауға мамандандырылған судьялары, ішкі істер, әділет департамент басшылары мен мамандары, сонымен қатар бірқатар облыстық басқармалардың жетекшілері қатысты.
Өңір басшысының айтуынша, өткен жылы медиаторлардың 145 кабинеті ашылды. 1700-ден астам азаматтық іс медиаторлардың қатысымен шешілген. Сонымен қатар орташа ауыр дәрежесіндегі қылмыстық істердің 44 пайызы келіссөздердің нәтижесінде тоқтатылған.
- Өткен жылы облыс тұрғындары арасында сауалнама жүргізілді. Оның нәтижесі бойынша, азаматтардың медиаторлардың қызметін жете білмейтіні анықталды. Бұл мақсатта түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Бұл тек азаматтардың құқықтық сауатын арттырып қана қоймай, соттардың жүктемесін төмендетеді. Ақпараттық жұмыстарға атқарушы билік органдары мен құқық қорғау жүйесі белсенді қатысуы тиіс,- деді Алтай Көлгінов
zhaikpress.kz