Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Ұлттық ұланының баспасөз қызметінің хабарлауынша, Ұлттық ұлан әскери киім үлгісінде ұлттық киім элементтері көрсетілді.
Шеврондар, погондар мен таңбалар – қарулы күштер әскери қызметшілерінің айрықша белгілері. Алайда құқықтық тәртіп әскерінің киім үлгісінде қазақ халқының мәдени коды саналатын ұлттық ою-өрнектер де бар екенін көпшілік біле бермейді.
Форманың басты атрибуттарының бірі – Ұлттық ұлан бас қолбасшылығының шаңырақ бейнеленген таңбасы. Бұл белгі барлық өңірлік қолбасшылықтардың бас қолбасшылыққа бағынуын білдіреді және біртұтастық идеясын көрсетеді.
Көне мағына мен символиканы сақтаған қазақтың оюөрнегі әскери формада да көрініс тапқан. Оларды қатардағы сарбаздан бастап генералға дейінгі кеңсе және күнделікті киім үлгісінің погондарынан байқауға болады. Бұл өрнектер сәндік элемент қана емес, ата-бабаларымыздың дәстүрін сақтай отырып, бой-тұмар қызметін де атқарады.
– Әскери формадағы ұлттық ою-өрнектер – біздің бірегейлігіміздің айғағы, тарихымыз бен болмысымызды айшықтайтын визуалды код, – деп атап өтті заттай мүлік қызметінің басшысы, майор Дархан Жүнісов.
Әсіресе, Құрмет қарауылы ротасының киім үлгісіне ерекше назар аударылған. Бұл киімде қазақтың дәстүрлі «қошқар мүйіз» оюы қолданылған. Ресми сапар кезінде осы оюға көзі түседі. Сонымен қатар сарбаздар шетелде Ұлттық ұланның ән және би ансамблімен бірге өнер көрсетеді.
Айта кетейік, гвардияшылар әскери қызметпен қатар, мәдени мұраны сақтау ісіне де белсенді қатысады. Әскери бөлімдерде халық дәстүрлеріне арналған викториналар мен сайыстар ұйымдастырылып, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өткізіледі. Бұған дейін құқықтық тәртіп әскерінің бастамасымен сарбаздардың ас мәзіріне ұлттық тағамдар енгізілген еді.
Ұлттық ұланның әскери формасы – қазақ халқының тарихы, мәдениеті мен рухының көрінісі.
Жанерке Мерекеқызы,
«Орал өңірі»