19.10.2021, 10:02
Оқылды: 49

Өз ырыздығымыз өзгеге кете бере ме?..

«Арық қазбасаң, атызға су келмейді» дейді өзбек халқы. Шаруаға тастай берік халықтың еңбек майданындағы  басты ұстанымы осы екені анық. Бір қызығы, ежелден отырықшылық мәдениетке үйір ұлттың қазіргі кезеңде  «отырып жұмыс істеуге» құлқы жоқ. Биылдың өзінде Өзбекстан Республикасының 1,7 миллион азаматы  шетелдерге нәпақа іздеп шықты. Олардың басым көпшілігі Ресей  Федерациясы  мен  Қазақстан Республикасына  барды.  Өзбекстанның орталық банкінің дерегіне сүйенсек, 2017-2020 жылдардағы трансшекаралық аударым  бойынша өзағаңдар 4,8-6 млрд.  аралығындағы АҚШ  долларын табыс ретінде өз еліне кіргізген. Еңбек  мигранттары  табысының  85%-ы  Еуразиялық  экономикалық  одақ  құрамындағы  мемлекеттерден  құйылуда. ЕҚЫҰ/ЮНЕСКО есебі  бойынша, Қазақстанға келген өзбек мигранттары, орта есеппен алғанда, айына 213,6 АҚШ долларын табады. Кейбір дерек көзінде көрші елдің жұмысшыларының еліміздегі құрылыс саласынан табатын жалақы көлемі 500 доллардан (213  мың  теңге) басталатыны айтылады. Аталған көрсеткіштер бойынша табыс көлемі әр өңірдің әлеуетіне байланысты әркелкі есептелінуі мүмкін.

825__95_653989627

Қазақстанда, соның ішінде, еліміздің батыс өңірінде де арзан жұмыс күші сұранысқа ие. Әсіресе, құрылыс саласында жүрген өзбек гастарбайтерінің қа-расы қалың. «Гастарбайтер» сөзін неміс тілінен жіліктеп аударғанда, гастер «қонақ», байтер – «жұмысшы» деген мағынаны білдіреді. «Арқада қыс жылы болса, арқар ауып несі бар?» деген мәтелдің жаны бар. Өзбекстанның экономикалық жағдайына байланысты еңбекке жарамды тұрғындарының көбі сырттан нәпақа табуға мәжбүр. ТМД-ның басқа елдеріне тынымсыз жосылған еңбекші тап үшін табыс көзін жат жұрттан іздеу дәстүрге айналғалы қашан. «Індет жайлады» деп іргені қымтағанның өзінде үзілмеген миграциялық  жөңкіліс «Тәуекел түбі – жел қайық» деп белді бекем буу өзбек менталитетіне тән екенін  айғақтап  тұрғандай.

Өзбекстанның Бұқара қаласынан келген Сироджидин Ешмонов Орал қаласындағы «Самал – 1» шағынауданында екі айдан бері ағаларымен бірге үй салуда. Қазіргі кезде үйдің төбесін қымтап, еденіне цемент құйып, ішкі қабырғаларын сылақ жағуға кіріскен. Ағайындылар бригадасы енді бір ай шамасында құрылысты аяқтап, елге қайтуды жоспарлауда. «Қазақстанға екінші рет келіп отырмын. Әзірше, ағаларыма құрылыс жұмысын жедел жүргізуге қолғанат болудамын. Өзбекстанда 64 жастағы анамыз бар. Қазіргі уақытта зейнет жасында. Ай сайын банк арқылы оған қаражат аударып тұрамыз. «Біздің табысымыз – сіздің табысыңыз» дейміз анамызға. Туған елімде қарындасым өз теңін тапқан. Өзім де шаңырақ көтергенмін. Асыл жарым асықтай ұлыммен бірге мені асыға күтуде. Зайыбым үйде киім тігіп, соны сауда-саттыққа шығарып, ісмерлігі арқасында аз-маз пайда көріп отыр», – деп тұрмыс жағдайы туралы әңгімелеген 35 жастағы өзбек жігіті ұялы телефонынан сегіз жасар баласын көрсетті.

Сироджидиннің айтуынша, Өзбекстан Республикасында да құрылыс жұмысы қарқынды жүргізілуде. Бірақ туған жерінде маңдай терінің өтеуіне берілетін жалақы тым мардымсыз. Қазақстанға бес жыл бұрын алғаш рет ортаншы ағасы Сухроб Ешмонов аяқ басқан. Одан кейін үлкен ағасы Санжар ілесе келіпті. Қазіргі кезде Сироджидин де көрші елде еңбек етуге төселіп келеді. Оралдағы жұмыс беруші жалға алған бригаданы жатын орнымен қамтамасыз етіп, жұмыс көлеміне қарай жалақы төлеп отыр. Сондықтан жұмыс тобы таң бозарып атқаннан қас қарайғанша тынымсыз еңбек етеді. «Таңғы сағат 6:00-де тұру бұлжымас әдетке айналды. Түстік ас ішуге бір сағат уақыт үзіліс жасаймыз. Содан кешкі сағат 9:00-ге дейін тыным таппаймыз. Жексенбіні ара-тұра өз еркімізбен демалыс деп жариялаймыз. Кейде апта бойы бел жазбастан жұмыс істеуге тура келеді», – деді Сироджидин.

Өзбекстандықтар үшін Қазақстанда төленген 3-4 айлық жалақы өз елдерінде салоннан су жаңа машина сатып алуға немесе үйлену тойын өткізуге, тіпті баспана тұрғызуға да толық жетеді екен. Екі қолын сыбанып келетін еңбекшілер көші көктем кезінде жандана бастайды. Себебі жаз айларында құрылыс жұмысы қыз-қыз қайнайтыны белгілі. Мигранттардың гүлден бал жинайтын аралардан еш айырмасы жоқ. «Есектің артын жусаң да, мал тап» деп Абай айтқан нақылды кей қазақ намыс көріп жүргенде, шекара  асып келетін өзбек, тәжік, қырғыз мигранттары маусымдық жұмыстың түр-түрін атқаруға арланбайды. «Өзбек – өрістес  ел, Қырғыз – қоныстас  ел. Қарақалпақ – қарындас  ел, Түрікпен – тамырлас  ел» дейтін қазақтың бауырмал қасиеті өзағаңдар үшін алтын көпір іспеттес. Былтыр Ішкі істер министрлігі Қазақстанға жыл сайын 2,5 миллион өзбек азаматы келетінін мәлімдеген. Олардың біразы одан әрмен басқа елдерге жол тартады. Сарапшылар Қарақалпақстан Республикасынан шығатын мигранттардың 50%-дайы Қазақстанға келуді қолайлы  көретінін анықтаған.

– Өзбек гастарбайтерлерінің өзгенікі дегенде де, «өгіз қара күші» бар екеніне көзім жетті. Құрылыс жұмысын қазақ жігіттері де сапалы атқарады. Бірақ туралап айтқанда, «қарғайын десем, жалғызым» дегеннің кебін киесің. Себебі қазақтың той-томалақты жақсы көретіні, тіпті ағайын-тума қуанышын бөлісуді парыз санайтыны рас қой. Апта соңындағы демалыс күндері жақындағанда, яки  жұма күні баспана салуға келіскен бригададағы қазақ жігіттері сынықтан сылтау тауып сұрана бастайды. Содан той-топырға бару, туған күн атап өту, ағайын садақасына асығу қанға сіңген әдет екенін ұғасың. Жұмыс күші жетпегесін, құрылысты екі-үш күн қатарынан қаңтарып қоюға тура келеді. Жаңа апта басталған кезде бытыраңқы бригаданың басы бірікпей қояды. Межелі мерзімде, келісілген уақытта құрылыстың аяқтала қоюы неғайбыл. Сондықтан өзбектерді жалдау әлдеқайда тиімді деп санаймын. Өзге елде жүргесін тума-туысты аралау, ағайынды  сағалау деген әдеттерін көрмейсің. Біріншіден, боз ала таңнан бел жазбай тер төгіп, уақыт ұтады. Екінші-ден, арзан жұмыс қолы ретінде ақша үнемдейсің. Үшіншіден, жайлы жер, сайлы орын сұрап міндетсінуден аулақ, – деді гастарбайтерді жұмысқа тартудың артықшылығын санамалап тұрып айтқан Орал қаласының Өмірхан есімді тұрғыны.

2020 жылғы зерттеу қорытындыларына үңілсек, Өзбекстаннан шыққан мигранттардың 52,7%-ы құрылыс саласы бойынша кәсіби біліктілік талап етіле бермейтін жұмыс орындарын тапқанды місе тұтады. Гастарбайтерлердің 56,7%-ы шекара ар жағынан туыстары мен таныстары жұмысқа орналасса, 24,8%-ы өз бетімен «екі қолға бір күрек» табады. Орал қаласы-на олардың аман-есен жетіп, нәпақа табуына, құжаттарын заңдастыруға себепші болып жүрген кәсіпкер Асылан Ғұбайдуллин кей өзбектердің тұрақты оралып отыратынын айтты. «Мигранттар қолынан келген істі атқаруға тез бейімделеді. Бірі – аспаз, бірі – құрылысшы, бірі  бақташы болуы мүмкін. Табыс көзі сенімді екеніне көзі жеткесін, соңынан отбасын да алдыртып, оларды да жұмысқа орналастырады. Гастарбайтер жұмысын көзден таса қылмай қадағалап отырған жөн. Шаруа ыңғайын білмейтіндері көзбояушылық жасаудан тайынбайды. Әрине, мигрант-тар сапында өз ісінің кәнігі шебері ретінде танытып, мойнына жүктелген міндетін мінсіз атқаратындар да болады. Өзбектер, алдымен, Алматы немесе Астанаға ұшақпен келеді. Содан кейін Оралға жол тартады. Кей жұмыс беруші жол шығынын өздері көтеріп алады», – деді Асылан.

БҚО полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Бекбол Уртаевтың дерегіне сүйенсек, биылғы тоғыз ай ішінде облыс бойынша 11 699 шетелдік тіркелген. Былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда, бұл есеп 3,6%-ға көп. Одан әрі тарқатып айтсақ, ТМД елдерінен 9693 азамат келген. Яғни Ресей Федерациясынан 5882, Өзбекстан Республикасынан 3283 адам өңірге аяқ басқан. Шетел азаматтары ішінен 4968 жұмысшы еңбек мигранты ретінде тіркеуде тұр. Оның 2538-іне рұқсат қағазы жаңадан берілсе, 2430-ы уақытша тұру мерзімін ұзартты. ҚР «Халықтың көші-қон туралы» заңына сай еңбек мигранты бір жылға дейін жұмыс істей алады. Олар рұқсат қа-ғазының жарамдылық мерзімін үш ай сайын жаңартып тұрады. Биылғы қаңтар-қыркүйек айларында аталған заң талаптарын бұзған 837 шетелдік азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 91 азамат Қазақстан аумағынан шығарылды.

«Халықтың көші-қон туралы» заңына сай маусымдық шетелдік жұмыскерлер ай сайын екі айлық есептік көрсеткіш көлемінде жеке табыс салығын төлеуі тиіс. 2021 жылдың 9 айы қорытындысы бойынша бюджетке МШК есебінен 83 миллион теңге салық төлемі түскен. Еңбек мигранттарын учаскелік полиция инспекторлары қадағалайды. Көші-қон қызметі басқармасының қызметкерлері полиция инспекторларымен бірлесіп, гастарбайтерлер арасында құқықбұзушылықты болдырмау мақсатында рейд жүргізіп отырады. «Маусымдық шетелдік жұмыскерлер мен еңбекші көшіп келушіге рұқсат қағазын рәсімдеу ХҚО бөлімшелерінде «Бір терезе» қағидаты бойынша жүзеге асады. Бұрынғыдай мигранттар уақытша рұқсат қағазын алу үшін сарылып күтпейді. Оған қоса шетелдік жұмысшылар арасында түсіндіру жұмысын белсенді жүргіземіз. Соңғы жылдары мигранттарды заңсыз ұстайтын немесе құжатын рәсімдеуге салғырт қарайтын жұмыс берушілерге қатысты әкімшілік жаза күшейді. Осы бағытта жүргізілетін іс-шаралар нәтижесінде гастарбайтерлер заң аясында тіркеуден өтіп, жұмысқа орналасудың тиімділігін түсінуде. Мигранттар арасындағы қылмыс саны да жыл сайын азайып келеді», – деді полиция подполковнигі.

Айта кетейік, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы облыс аумағына тартылатын шетелдік жұмыс күшінің  мониторингін жүргізеді. Басқарманың шетелдік жұмыс күші және қандастармен жұмыстану, әлеуметтік әріптестік бөлімінің басшысы Азат Ғұсманованың мәліметі бойынша өңіріміздегі шаруа қожалықтары да Өзбекстан азаматтарынмаусымдық жұмысқа тартуда. «Қазақстан Республикасына шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсатты бергені және (немесе) ұзартқаны үшін алым мөлшерлемелерін белгілеу туралы» ҚР Үкіметінің 2018 жылғы 3 сәуірдегі №157 қаулысына сәйкес шаруа қожалықтары маусымдық шетелдік жұмыскерлерді тартқаны үшін республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіш мөлшеріне байланысты 12-ден 48 АЕК-ке дейінгі мөлшерде салық төлейді. Биыл ҚР Үкіметі белгілеген квота шегінде маусымдық жұмысшылар алуға 677 бірлік бөлінген. Осы квота есебінен шаруа қожалықтарында 466 өзбек азаматы жұмыс істеуде. Маусымдық жұмысшылар 90 күннен бір жылға дейінгі мерзімде еңбек етеді. Қожалық иелері олардың еңбекақысын белгіленген мерзімге сәйкес төлейді.

Өзбекстаннан келетін мигранттар Орта Азия елдерінде сұранысқа ие. Ресей Федерациясы ресми түрде 10 мың өзбекті құрылысқа тартуға арналған пилоттық жобаны іске қосты. Басты талап бойынша еңбек мигранттарына вакцина алуы тиіс. «Алтын шыққан жерді белден қаз» демекші, өзбектер нәпақа табу үшін Қазақстанды қолайлы аймақ санайды. Еңбек мигранттары ең соңғы жұмыстарын аяқтаған кезде кезінде үйіне орта есеппен 536 АҚШ долларын жібереді екен. БАҚ-тарда жарияланған деректерді сараласақ, 2019 жылдың тоғыз айында Қазақстандағы мигранттар Өзбекстанға 40,5 миллион теңгеден астам қаражатты банктер арқылы аударған. Бүгінгі курс бойынша 1 АҚШ доллары – 10 632,4 сом, 1 теңге – 24,96 сомды құрайды. Осыған қарап «жүргенге жөргем ілінетінін» білетін әр өзбектің Қазақстаннан алатын еншісі аз емес екенін топшылауға болады. Ал егер ала тақиялы, ала шапанды ағайындар атқарып жүрген қыруар жұмысты өзіміз тындырсақ, қарайған ақша өз еліміздің ішінде, яғни отандық нарықта қалар  еді-ау...

Нұртай Текебаев,

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале