Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде Орал қалалық білім бөлімінің «Жаңа буын инженерлері» қауымдастығына кіретін білім беру ұйымдарымен әлеуметтік ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою рәсімі өтті.

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде Орал қалалық білім бөлімінің «Жаңа буын инженерлері» қауымдастығына кіретін білім беру ұйымдарымен әлеуметтік ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою рәсімі өтті.

Іс-шараға университеттің оқу ісі жөніндегі проректоры Нұркен Ғұбашев, институттар мен факультеттердің директорлары, профессор-оқытушылар құрамы, сондай-ақ «Жаңа буын инженерлері» қауымдастығының өкілдері — бірқатар мектептер мен қалалық Оқушылар сарайының басшылары, Орал қаласындағы №41 мектеп-лицейінің директоры Айтжан Даумованың жетекшілігімен қатысты.
Құрамына бірқатар жалпы білім беретін мектептер мен қалалық Оқушылар сарайы кіретін «Жаңа буын инженерлері» қауымдастығы Жәңгір хан атындағы университетпен ынтымақтастық орнатуға ниет білдірді. Серіктестіктің негізгі мақсаты — техникалық бағыттағы оқушылардың кәсіби қабілеттерін дамыту, STEM-инженерия, IT және робототехника салаларындағы практикалық дағдыларын жетілдіру, сондай-ақ ұлттық құндылықтарға негізделген бәсекеге қабілетті жаңа буын инженерлерін қалыптастыру.
Меморандумның мақсаты — білім беру және әлеуметтік салалардағы өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту, оқушылардың тұлғалық дамуы мен әлеуметтік белсенділігін арттыру, сондай-ақ инженерлік, шығармашылық және азаматтық бағыттағы бастамаларды дамытуға қолайлы орта қалыптастыру.
Аталған әріптестік аясында оқушылардың қабілеттерін дамытуға қолайлы жағдай жасау, олардың болашақ мамандығын саналы таңдауына ықпал ету, оқу бағдарламаларын жетілдіру, қосымша білім мен практикалық тәжірибе алуға мүмкіндік беру көзделіп отыр.
Алдағы уақытта тараптар бірлескен семинарлар, конференциялар, шеберлік сабақтары мен кәсіби бағдар беру іс-шараларын ұйымдастыруды, STEM және инженерлік бағыттағы жобалар мен үйірмелерге әдістемелік қолдау көрсетуді, мұғалімдер мен оқытушылар арасында тәжірибе алмасуды, сондай-ақ университет пен мектептер базасында факультативтік сабақтар мен үйірмелер өткізуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар университет пен бейінді кәсіпорындар базасында өндірістік тәжірибелер ұйымдастыру көзделген.
Арайлым Бекқалиева,
zhaikpress.kz