Бүгін Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетіне Өзбекстан Республикасының Экология, қоршаған ортаны қорғау және климаттың өзгеруі министрлігінің өкілдері жұмыс сапарымен келді.

Аталған министрлікке қарасты Орман шаруашылығы, биоалуантүрлілік және экотуризм саласындағы саясатты іске асыру департаментінің басшысы Бахром Холхужаев пен Ормандарды және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды дамыту және шөлейттенуге қарсы күрес басқармасының бас маманы Сарвар Ахмедовті университеттің ғылым жөніндегі проректоры Әлжан Шәмшідін қабылдап, делегацияның келу мақсатын талқылады. Белгілі болғанындай, өзбекстандық делегациясының мақсаты – Жәңгір хан университеті ғалымдарының тәлімбақта киік өсіру тәжірибесімен танысу.
Бұдан соң меймандар білім ордасының ғалымдарымен бірге қала шетіндегі «Ақбөкен» тәлімбағына барып, қолға үйретілген дала жануарларын көздерімен көріп, ондағы жұмыс барысымен танысты.
– Өзбекстан үкіметі тарапынан Қарақалпақстан Республикасы аумағында киіктердің санын көбейту бойынша міндет қойылған болатын. Осы мақсатта биылғы жылы арнайы жұмыс тобы құрылды. Алдымен Қарақалпақстан жеріндегі жергілікті жағдайды, ондағы қорықтар мен тәлімбақтардың жай-күйін зерттедік. Ал осы алғашқы сапарымызда Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің киіктерді тәлімбақта ұстау тәжірибесімен таныспақпыз. Қарақалпақстан жерінде осындай тәлімбақ құру жоспарымызда бар. Бізде әзірге мұндай тәжірибе жоқ. Өзбекстанға киіктер табиғи жолмен өздері қоныстануда. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, бізде республика бойынша шамамен 300-дей киік бар. Олардың санын көбейтуге де ден қоюдамыз. Осы бағытта Қазақстан тарапынан экологиялық дәліз құру туралы мәселе көтерілді. Мұны да алдағы уақытта жан-жақты талқылайтын боламыз, – деді Өзбекстанның Экология, қоршаған ортаны қорғау және климаттың өзгеруі министрлігінің өкілі Б.Холхужаев.
Жәңгір хан университетінің ғылым жөніндегі проректоры Әлжан Смайылұлының айтуынша, бұл жобаға бұған дейін Әзірбайжан мен Қытай елдері де қызығушылық танытқан. Ал Өзбекстан мемлекетіне жасаған ғылыми сапары барысында ондағы мамандар БҚАТУ-дың осы тәжірибесіне ерекше назар аударған екен.
БҚАТУ баспасөз қызметі