Бүгін Орал қалалық аумақтық сайлау комиссиясының ұйымдастыруымен «Сайлау мәдениетін арттырудың өзекті мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Ақпан айының бірінші бейсенбісінде аталып өтілетін дүниежүзілік сайлау күніне қарсаңындағы басқосудың мақсаты - өзекті тақырыпты азаматтық қоғам өкілдерімен бірге талқылау.
Дөңгелек үстелге облыс орталығындағы БАҚ мен танымал паблик өкілдері, қоғам белсенділері, жастар, қаладағы пәтер иелері кооперативтерінің төрағалары шақырылды.
Басқосуда бірқатар жанды ұсыныс-пікір айтылды. Әлеуметтік желілерде ойын өткір білдіріп жүрген Талғат Досмағамбетов сайлау мәдениетін қалыптастыру үшін ең әуелі азаматтық қоғамның рөлін арттыру керектігін, жастардың сайлауларға қатысуға құлықсыздығын қынжыла айтты.
- Шет елде білім алдым. Ол жақта халықтың сайлау науқанына деген белсенділігі жоғары. Біздегі сияқты "сайлау мен бармасам да өтеді, сайланатын адам алдын ала белгілі" деген жаңсақ түсінік жоқ. Өткен жылы сайлауға байқаушы ретінде қатыстым. Сол участкеде таңдауын жасағандардың арасында жастар мүлдем аз болды. Қазіргі жастар, яғни менің замандастарым елдің ертеңі үшін алаңдап, жауапкершілікті сезініп, саяси науқандарда белсенділік танытса екен» дейді Жәңгірхан атындағы БҚАТУ жанындағы жас сайлаушылар клубының мүшесі Алмас Тельманов.
Басқосуда сөз алған М.Өтемісов атындағы БҚУ жанындағы жас сайлаушылар клубының мүшелері Дархан Қуатов пен Мекен Қарғабаевтар да жастар елдің ертеңіне немқұрайлы қарамай, әркім өзінен бастап, қоғамның тыныс-тіршілігіне етене араласу мәселесін қозғады. Олар аға буын өкілдері өз отбасыларындағы дауыс беру құқығы бар ұл-қыздарын, немерелерін саяси науқанға қатысуға шақырып отырса екен дейді. Нұрлыбек Рахманов пен Жансұлу Сапашевалар сайлау мәдениеті мен саяси бәсеке барысы БАҚ өкілдерінің тұрақты тақырыбына айналуы қажеттігін айтты.
Дөңгелек үстелге қатысқан БҚО аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі Асыланбек Губашев, Орал қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Мұхтар Давлетжанов сайлау мәдениетін арттыру бағытында атқарылған бірқатар істерге тоқталып өтті. Қалалық аумақтық сайлау комиссиясы электоралдық науқанның өзекті мәселелеріне арналған кездесулерді жалғастыратын болады.
Орал қалалық аумақтық сайлау комиссиясы