8.08.2023, 11:45
Оқылды: 371

Өзге ұлт өкілдері қазақ тілін қалай үйренді?

Қазақша үйреніп, қазақша сөйлейтін өзге ұлт өкілдері жылдан-жылға көбейіп келеді. Олардың арасында біздің отандастарымыз да, шетелдіктер де бар. Қазақ тілін өз бетімен меңгерген азаматтардың бірқатарын әңгімеге тартқан едік. Олардың ой-пікірі әлі күнге дейін өз ана тілін білмейтін қандастарымыздың намысын қайрайды деген үміттеміз.

Николай Жуменко,

Астанадағы Ақмола гарнизонына  қарасты №32039 әскери бөлімінің әскери қызметкері, майор:

ab0188bf-7f21-4935-9661-17a0d185b4f0

Ұлтым – орыс, 1990 жылы Талдықорғанда туғанмын. Ата-анам және ағам бар, отбасымда менен басқа ешкім қазақша сөйлемейді. Олар маған «Қазақ тілі саған ана сүтімен берілген» деп әзілдейді. Олай дейтін себебі, шешем мені босанғаннан кейін бастапқыда омырауынан сүт шықпапты. Сондықтан перзентханада анаммен бірге жатқан бір қазақ әйел мені үш күн бойы емізген екен. Бәлкім, қазақ тіліне бейімдігім, шынымен, мені емізген ананың сүтімен дарыған шығар.

Алты жасымда балабақшаға барып жүрдім. Бірақ карантин жарияланып, атаанам мені Сарқан ауданындағы ауылға, әжемнің қасына апарып тастады. 300 түтінді Ақтұма ауылында не бары 20-30 орыс бар еді. Олардың дені — қарт кісілер. Ал мен бала болғандықтан, ішім пысады. Өзімнің қатарластарыммен ойнағым келеді. Осыны сезген Ғалия деген көрші апай мені арнайы қонаққа шақырып: «Коля, сен менің ұлдарыммен ойна. Олар саған қазақша үйретеді, ал сен оларға орысша үйретесің» деді. Сөйтіп, қазақшаны меңгеріп кеттім. Атқа мінуді сол кезде үйрендім. Ал қаймақ-май, ас, қазы, бауырсақ пен қуырдақ менің біржола сүйікті дәм-тағамыма айналды.

Оқушы кезімде аралас мектепте оқыдым. Екі қазақ, екі орыс сыныбы болды. Өзім орыс сыныбында оқығаныммен, қазақша жақсы сөйлегеннен бе, қазақ сыныбының балаларымен дос болып, жақсы араластым.

Қазақша білудің пайдасын көп көрдім. Бір ғана қызықты оқиғамды айтып берейін. 12-13 жасымда футбол үйірмесіне қатыстым. Бір күні қазіргі Түркістан облысына жарысқа бардық. Автобус бір елді мекенге тоқтағанда, балалар маған ақша жинап беріп, дүкенге жіберді. Кезегім келген соң, «Апай, маған тоғыз сэндвич беріңізші» дедім. Сатушының көзі бақырайып кетті. Еңкейіп, маған қарап: «Өй, сен бе қазақша сөйлеп тұрған?» деп сұрады таңданысын жасыра алмай. «Иә, мен» дедім. «Әй, жарайсың! Мә, бәрін тегін ал» деп тоғыз сэндвичті тегін берді.

Мектептен кейін, 2008-2012 жылдарда Алматыдағы Құрлық әскерлерінің әскери институтында жоғары білім алдым. Бірге оқыған жігіттердің көбі орысша білмейтін ауылдың балалары еді. Біздің оқулықтарымыз негізінен орыс тілінде болды. Қасымдағы жігіттерге орысша материалдарды қазақшаға аударып, түсіндіретінмін. Біздің ротада 93 сарбаз болды. Соның екеуі орыс, төртеуі неміс еді. Қазақ балалар бізді ешқашан шеттеткен емес. Керісінше, жақын тартып, білмегендерге қазақ тілін үйретіп, қазақ халқының тарихына қатысты тағылымды әңгімелер айтатын.

Өзім отбасылымын. Жұбайымның есімі – Лика. Жеті жасар Матвей атты ұлым, екі жарым жастағы Ева деген қызым бар. Оларға да біртіндеп қазақша үйретіп жүрмін. Өйткені Германияға барсақ, бәрі немісше, Англияға барсақ, бәрі ағылшынша сөйлейді. Ал біз неге Қазақстанда тұрып, қазақша сөйлемейміз?! Мемлекеттік тілімізді өркендетуіміз керек. Бұл іс жас ұрпаққа қазақша үйретуден басталады. Балама: «Маған күн сайын 15-20 рет «папа» емес, «әке» деп айтсаң, кешке балмұздақ, шоколад алып беремін» деп уәде бергенмін. Сондықтан ол мені «әке» деуге дағдыланып кетті. Сондай-ақ көршілерге немесе дүкеншіге, жалпы қазақ кісілерге «Ассалаумағалейкум!» деп амандасады. Ұлымның балабақшаға барып жүргенде, бес жасында республикалық байқауда қазақша ән шырқап, бас жүлде алғаны бар. Ал әйеліме нан жаю­ды, ет асуды өзім үйреттім. Қазақтың ұлттық тағамдары дастарқанымыздан үзілмейді.

Сөзімнің түйінінде айтарым, қазақта «мәңгүрт» деген өте ауыр сөз бар. Менің ойымша, ана тілін білмейтіндер емес, білгісі келмейтіндер мәңгүрт. Ащы болса да, ақиқат – осы.

Бронислав Бугинас,

Астанадағы Оқушылар сарайында «Вокал» үйірмесінің жетекшісі, «Құрмет» орденінің иегері:

33f6f1bf-e197-40e5-b1af-e9149354aee8

— Ұлтым – литван, жасым 58-де.Үй­де сегіз баламыз, Ұлытау облысындағы Қарсақпай кентінде өмірге келдім. Мен жарық дүниеге көрінгенде әуелгіде анамның көкірегінен сүт шықпапты. Сондықтан перзентханада бірнеше күн қазақ әйелді еміппін. Қазақ тілін үйренуіме, ең алдымен, Қазақстанда тууым және тілді ана сүтімен сіңіруім әсер еткен шығар. Жас кезімде Алматыдағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің музыка-педагогикалық факультетінде оқыдым. Жатақханада қазақтармен бірге тұрып, аралас-құралас болып, қазақша сөйлей бастадым. Жоғары білім алған соң, Жезқазғанға барып, музыкалық колледжде қызмет істедім. Онда да әріптестеріммен қазақша сөйлесетінбіз. Яғни тілдік қорымды әрдайым байытып отырдым. Қазақша үйренгісі келетіндерге кеңесім, акцентіңіз болса да, қате-қате сөйлесеңіз де, еш қысылмаңыз. Тілді тек тәжірибе арқылы, яғни іс жүзінде сөйлеу арқылы меңгересіз. Сол себепті ештеңеге қарамай, ұялмай, қазақша сөйлей беріңіз. Кемшілік-олқылықтарыңыз бірте-бірте түзеледі. Өзге ұлт өкілдері қазақша қате сөйлесе, қазақтар күлмейді. Керісінше, жөнімен түзетіп, қолдау білдіреді, үйренуге көмектеседі. Жоғарыда айтқанымдай, мен кәсіби әншімін. «Қоғалы-ай», «Тобылғы сай», «Гүлдерайым», қазақтың тағы басқа халық әндерін, Абайдың «Көзімнің қарасын», Бәкір Тәжібаевтың «Туған жерін», тағы сол сияқты әндерді шырқаймын. Сондай-ақ домбыра тарта аламын. Қазір елордадағы Оқушылар сарайында вокал үйірмесінің жетекшісімін. Шәкірттерім бастапқыда еуропоидтық түріме қарап, қазақша ән салғаныма, күй тартқаныма таңғалатын. Қазақша білгенімнің пайдасы – оқушыларыма әннің мағынасын, шығу тарихын түсіндіріп бере аламын және қазақша сөздерді дұрыс айтуына ықпал етемін. Астанаға 10 жыл бұрын көшіп келдім. Осы аралықта 1000нан астам баланы өнерге баулыдым, ал қазір 100 шақты шә­кіртім бар. Маған келгенде олардың кейбірі қазақша бірауыз сөйлей алмайтын. Қазақ әндерін шырқап, мағынасын, тарихын жеткізгенімнің арқасында көбінің ана тіліне деген ынта-ықыласы артып, ақырындап қазақша сөйлей бастайды. Кей қазақ балалары «Маған қазақша сөйлеу қиын» десе, «Ал маған неге қиын емес?! Менің ұлтым қазақ емес қой» деймін күлімсіреп. Бұл оларды жігерлендіреді. Ұзақ жылғы педагогтік нәтижелі қызметім үшін биыл сәуір айында ел Президенті мені «Құрмет» орденімен марапаттады.

Қайхан Өзвардар,

Түркиядағы Диярбакыр қаласының тұрғыны:

80bc9632-0732-448b-9e1f-59f7bf08ba82

– 1989 жылы Түркияның Айдын қаласында өмір есігін аштым. Ержеткен соң Қаһраманмараш шаһарында мектепте бастауыш сыныбының мұғалімі болып 11 жыл қызмет істедім. Бірақ еліміздегі биылғы жойқын жер сілкінісінің кесірінен Қаһраманмараштың көп бөлігі  қирап қалды да, Диярбакыр шаһарына қоныс аудардым. Жуырда жеке кәсібімді ашуды жоспарлап жүрмін. Қазақ­станда болған емеспін, алайда қазақ тілін 2019 жылы өз бетіммен үйрендім. Бұған шамамен жарты жыл қажет болды. Қазақшаны меңгеру барысында «Balapan», «Qazaqstan» тәрізді телеарналарды қарадым, қазақ радиосының бағдарламаларын тыңдадым. Қазақстанның әнұранын және қазақша бірнеше әнді жатқа білемін. Қазақ­тарды өте жақсы көремін, сіздер бізге бауырсыздар. Біздің тарихымыз, дәстүріміз, дініміз, тіліміз ортақ. Қазақтарды жақын тартатыным сонша, өзіме Айбек Көктүрікұлы деген қазақша ат қойып алдым, руым Найман деймін. Болашақта Қазақ­стан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан секілді тәуелсіз түркі мемлекеттері мен Ресей құрамындағы Башқұртстан, Татарстан, Саха Республикасына және Қытай аумағындағы ұйғырлардың да мекендеріне аяқтай барып, олардың өмірін, күнделікті тыныс-тіршілігін өз көзіммен көруді армандаймын.

Стейн Ромбоут, бельгиялық студент:

4fce7058-8631-4609-a454-d136fa7c0169

— Мен 2001 жылы Брюгге қаласында өмірге келдім. Қазір «KU Leuven» университетінде қытайтану, яғни қытай тілі мен мәдениеті мамандығы бойынша жоғары білім алудамын. Менің ана тілім – нидерланд тілі. Сонымен қатар ағылшын, француз, қытай, албан, түрік тілдерін меңгергенмін. Әсіресе түркі тектес халықтардың тілдеріне ықыласым ерекше.

Осыдан бес-алты жыл бұрын Қазақстанға баруды жоспарладым. Сондықтан саяхат алдында қазақ тілін үйрене бастадым. Ютубтан қазақша бейнежазбалар көріп, сайттардан қазақша мақалалар оқыдым. Білмейтін сөздерді сөздіктен қарап, жаттадым. Сөйтіп, тілдік деңгейімді көтердім. Осындай дайындықтан соң, 2018 жылы Қазақстанның оңтүстік өңірлеріне барып, Алматы, Шымкент, Түркістан, Жаркент қалаларын араладым, барлығы да ұнады. Бірақ ең сүйікті шаһарым – Алматы. Қазақстан өте үлкен ел болғанымен, өкінішке орай, менің отандастарым бұл мемлекетті біле бермейді. Маған Қазастанның әсем табиғаты, асқақ таулары, кең байтақ даласы және сәулетті қалалары ұнады. Қазақтар қонақжай, жомарт халық екен. Көмек сұрасам, бәрі жәрдемдесуге дайын тұрады. Сондықтан болса керек, сіздің елде өзімді еркін, қауіпсіз сезіндім. Қазақтардың көбі «Стейн» деген атымды дұрыс айта алмағандықтан, өзіме қазақша «Сырым» деген есімді таңдадым. Өйткені дыбысталуы жағынан да «Стейнге» келеді әрі Сырым Датұлы деген қазақтың атақты батыры, өте ақылды тұлғасы болған екен. Қазақ тіліндегі «Мәссаған!» деген сөз ұнайды. Мұны түрлі жағдайларда қолданамын. Ал «Саңырауқұлақ» деген сөз алғашқыда күлкімді келтірді. Осындай өзім үшін қызықты сөздер қазақшамды жетілдіруге деген құлшынысымды арттыра түседі. Шетелде мұғалім немесе аудармашы болып істеуді бұрыннан армандаймын. Келешекте Қазақстаннан қызмет тауып, сіздің елде тұрғым келеді.

Кристина Барсигиян,

Батыс Қазақстан облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының дәрігері, анестезиолог-реаниматолог:

e7d96009-037c-4995-84a6-ca420fff29e8

— Туған жерім — Қызылорда қаласы. 1988 жылғымын,  ұлтым – армян. Орысша білмейтін көрші апай бар еді, сонымен сөйлесе жү­ріп, ауызекі қазақ тілін үйрендім. Бірақ 2012 жылы Ақтөбедегі М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетіне түсіп, студент болғаннан кейін қазақшаны ұмытып қалдым. Себебі Ақтөбеде бәрі орысша сөйлейтін. 2012 жылы оқуымды тәмамдағаннан кейін мені Оралға қызметке  шақырып, осында келдім. 2017 жылы қазақ жігітке тұрмысқа шықтым. Күйеуімнің аты-жөні – Тұрланов Арслан Серікбайұлы. Руы – Әлтеке. Қазір Имран атты 4 жасар ұлымыз бар. Жарты жыл бұрын қазақ тілін жетік меңгеруге деген құлшынысым оянды. Бұған екі себеп болды. Біріншіден, мемлекеттік бағдарлама бойынша білімімді жетілдіргім келеді. Ол үшін қазақ тілінен тест тапсыруым керек. Екіншіден, Ресей—Украина соғысы басталғаннан бері солтүстіктегі көршіміздің кейбір шенеуніктері де, ішінара кейбір тұрғындары да әлеуметтік желілерде Қазақстанға қатысты империялық көзқарасын ашық білдіре бастады. «Қазақстанның көп жері біздікі, өзімізге қосып аламыз» деп қоқан-лоқы жасайды олар. Бұл менің намысыма тиді. Қалайша тәуелсіз бір елдің территориясына бұлай ашықтан-ашық көз алартып, мемлекеттігіне тіл тигізуге болады?! Осындайларға ерегескенде қазақша үйреніп аламын деп шештім. Сондай-ақ біз әлемнің қай еліне барсақ та, сол жердің мем­лекеттік тілінде сөйлейміз. Ал Қазақстанда неге мемлекеттік тіл жетімнің күйін кешуі керек?! Осы елде тұрғандықтан, осы елдің тілінде сөйлеуіміз қажет. Мұны мен 35 жасқа келгенде бір-ақ түсіндім. Алайда ештен кеш жақсы емес пе?! Сондықтан репетитор жалдап, жарты жыл бұрын қазақ тілін тереңдетіп оқуға кірістім. Үй тапсырмаларын орындауға күйеуім көмектеседі. Енемнің ұлты – татар, өте жақсы адам. Қазақ тілін жетік біледі. Мектепте бастауыш сыныптарға сабақ береді, яғни ұстаз. Қазақшаны меңгеруге оның да септігі тиіп жатыр. Қазір ойымды еркін жеткізе алатындай үйреніп қалдым қазақшаны. Бірақ оқуды одан әрі жалғастыра беремін. Балам Имранның да қазақ тілінде сөйлегенін қалаймын. Қазақша сөйлегеннің пайдасын қызмет бабында көп көремін. Дәрігермін ғой, алдыма қай тілде сөйлейтін науқас келсе де, еш қиналмай, түсінісемін. Қазақша сөйлегенге қазақша, орысша тіл қатқанға орысша жауап беремін. Мен ислам дінін қабылдағанмын, отбасымызбен мұсылмандық қағидаларын ұстанамыз. Үйде ет асамын, бауырсақ, кеспе, сірне, лағман т.б. тағамдарды пісіремін. Етті тұздауды, сүрлеуді  үйреніп алдым. Енді қазы айналдыруды үйренгім келіп жүр. Сондай-ақ қазақша әндер тыңдағанды жақсы көремін. Әсіресе Абайдың «Көзімнің қарасы» әні қатты ұнайды. Кішкентай кезінде ұлымды осы әнмен әлдилеп, ұйықтататынмын.

Юрий Казанин, Орал қалалық мәслихатының депутаты, байдарка мен каноэ және академиялық есуден Батыс Қазақстан облыстық федерациясының президенті:

bedb2384-83c0-475b-9c47-f1d196035031

— Мен осыдан 61 жыл бұрын Орал қаласында өмірге келген кісімін. 1900 жылы туған әжем Антонина Денисқызы қазақ, татар тілдерін жақсы білетін еді, жарықтық. Менің қазақ тілінде сөйлеуім сол кісіден бастау алады. Біздің бала кезімізде ата-анамыз Құрмет аға, Зоя апа деген көршілерімізбен етене араласты. Сол көршілердің Болат, Марат, Сәуле деген ұл-қыздары болды. Біздің үйдің балалары қазақ көршілердің балаларымен бірге ойнап өстік. Сосын, әкемнің Мақсот аға деген керемет досы болды. Оның балаларымен де бірге ойнайтынбыз. Мектепте, студент кезімде де қазақ достарым көп болды. Жас жанұя кезімізде қазақ достарымыз қонаққа шақырғанда бастапқыда жұбайым Ольга қазақша әңгіме-дүкеннен түк түсінбей отыратын. Бүгіндері оның да қазақшасы әжептәуір. Төрт қызымның төртеуін де қазақ мектебіне бердім. Екі үлкен қызым — Виолетта мен Антонина мектептен кейін жоғары білім алып, бүгіндері өмірден өз жолдарын тапты. Ал кейінгі екеуі әлі мектеп оқушылары. Нақтырақ айтқанда, Екатерина келер жылы мектеп бітіреді, ал жеті жасар Василиса енді үш аптадан кейін Оралдағы №19 мектептің қазақ сыныбына барады.

Менің Ғайса Қапақов, Серік Мерғалиев, Табылғали Сапаров, Қайдар Қошанов, Аман Ермекқалиев, Ерлан Шомбалов деген көптеген қазақ тамырым бар. Бұл азаматтардың қай-қайсысы да Жайық жұртына, Оралдың орыс-қазағына кеңінен танымал тұлғалар.

Менің түпкілікті ұстанымым, қазақ елінде тұрғаннан кейін қай ұлттың өкілі де мемлекеттік тілді меңгеруі, білуі тиіс. Бұл, біріншіден, өзің азаматы болып табылатын мемлекетке шынайы құрмет, екіншіден, ұлтаралық сыйластықты, ұлтаралық жарасымды нығайта түсетін өте маңызды фактор.

Алпамыс Файзолла,

ақын, аудармашы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале