Сот саласындағы үлкен өзгерістің бірі – жаңадан қабылданған Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі. Азаматтарымыз билік құрылымдарының шешімдері мен әрекеттеріне қатысты шағым түсіру кезінде көбіне теңсіздікке қалып жататыны мәлім. Олардың мүмкіндіктерін мемлекеттік аппараттың ресурстарымен салыстыруға келмейді. Сондықтан осындай теңсіздіктердің алдын алу мақсатында әрі дауларды шешудің ерекше тетігі ретінде әкімшілік әділет құрылымы енгізілді. Яғни биыл 1 шілдеден бастап мамандандырылған әкімшілік соттар құрылып, өз жұмысын бастады. Онда негізінен жалпы юрисдикциялық, сондай-ақ экономикалық және азаматтық соттарда қаралып келген мемлекеттік құрылымдар мен азамат арасындағы жария-құқықтық даулар қаралады.
Былайша айтқанда, ендігі жерде азаматтар мен заңды тұлғалар мемлекеттік құрылымның, лауазымды тұлғаның шешімімен келіспесе, осы сотқа талап-арызбен жүгініп, өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғай алады. Сондай-ақ аталмыш сот әкімшілік үдеріске қатысушылардың түсініктемелерімен, олардың ұсынған дәлелдемелерімен және әкімшілік істің өзге де материалдарымен шектеліп қана қоймай, өз бастамасымен әрекет жасай алады. Мысалы, тараптардың ұсынған дәлелдемелері істі шешуге жеткіліксіз болса, сот жеке немесе заңды тұлғадан іске қажетті маңызды құжаттарды сұратап алып, оларды зерттейді, сараптама тағайындайды, мамандарды қатыстырады.
Тағы бір айта кетер жайт, төреші әкімшілік істегі негіздемелер бойынша алдын ала өзінің құқықтық пікірін білдіре алады. Алдын ала құқықтық пікір дегеніміз – тараптардың дәлелдемелерін зерделеу нәтижелері бойынша судьяның қалыптасқан құқықтық пікірі. Яғни даудың осы санаты бойынша сот практикасын, оны шешуге қажетті дәлелдер базасын айтады. Әрі ол құқықтық қатынасқа қолданылатын заңды терең түсіндіру болып табылады. Әрине, бұл соттың алдын ала шешімі емес, мұны сот талқылауының сапасын арттыруға бағытталған және тараптардың сотқа жақсы дайындалуына нұсқау беру деп түсінген абзал.
Айта кетелік, аталмыш кодексте процестік мәжбүрлеу шаралары да қарастырылған. Ол – тәртіп бұзатын әкімшілік үдеріске қатысушыларға әсер ету құралы. Онда ескерту, сот отырысы залынан шығарып жіберу және ақшалай өндіріп алу түрлері көзделген. Процестік мәжбүрлеу шараларын қолданудың негіздері мен тәртібі Кодекстің 124-бабында нақты жазылған. Аталған ескерту шарасын сот залында тәртіп бұзушыға төрағалық етуші судья ауызша жариялайды және онысы қайталанған жағдайда, неғұрлым қатаң мәжбүрлеу шарасы қолданылатыны түсіндіріледі. Егер әлгі адам ескертуден кейін тәртіп бұзуын жалғастырса, төрағалық етуші судья оны әкімшілік істі қараудың барлық кезеңінде немесе оның бір бөлігінде шығарып жіберуге құқылы. Ал басқа қатысушы адамдар тәртіп бұзған жағдайда, ескерту жарияланбастан сот залынан шығарылып жіберілуі мүмкін. Ақшалай өндіріп алу мен мәжбүрлеу шарасы жеке тұлғаға, лауазымды адамға, заңды тұлғаға не оның өкіліне 10 айлық есептік көрсеткіштен 100 айлыққа дейінгі мөлшерде қолданылады. Мәселен, процестік құқықтарды теріс пайдаланып, негізгі міндеттерді орындамайтын тұлғаларға, сот белгілеген мерзімде дәлелсіз себептермен құжаттарды ұсынбайтындарға 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ақшалай өндіру салынуы кәдік. Ал енді соттың талабын, сұрау салуын ескермесе, әкімшілік іске қатысушы адам сотқа келмесе, отырыста төрағалық етушінің өкімдеріне бағынбаса және оны құрметтемегені анық куәландырылса, жиырма айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде ақшалай өндіріп алу құқығы қолданылады.
Жасыратыны жоқ, азаматтық іс жүргізуде сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін талапкерге немесе сот орындаушыға жолданады, сөйтіп оның уақтылы және толық орындалуы соттың қадағалауынан тыс қалады. Әкімшілік сот болса, өз шешімдерінің орындалуын қатаң бақылауда ұстайды. Жауапкер соттың шешімі заңды күшіне енген күннен бастап бір ай мерзімде немесе сот белгілеген уақытына оны орындауға міндетті және ол туралы сотқа хабарлауға тиіс. Шешім орындалмаған жағдайда сот жауапкерге 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ақшалай өндіріп алу ұйғарымын шығарады. Ол тиісті адамға табыс етілген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде толық орындалуы тиіс. Орындалмаған жағдайда даусыз тәртіппен он айлық есептік көрсеткішке ұлғайтылған мөлшерде қайталап ақшалай өндіріп алуға алып келеді. Аталған заңның осынау талаптары мемлекеттік құрылымдардың, лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін арттыра түсері хақ.
Иә, әрбір шағым әділдіктің жоқты ғынан немесе биліктің азаматтарға немқұрайлы қарым-қатынасынан пайда болады. Жалпы әкімшілік рәсімдік-процестік Кодекс екі бөлімнен тұрады: біріншісі – мемлекеттік құрылымдардың ішкі әкімшілік рәсімдерінің жалпы ережелері; екіншісі – әкімшілік сот ісін жүргізу. Мемлекеттік құрылымға әкімшілік рәсімді қозғауға азаматтардың жолданымы негіз болып табылады. Әкімшілік құрылым, лауазымды тұлға осы жолданымды дұрыс қарау үшін маңызы бар нақты мән-жайларды жан-жақты, толық және объективті зерттеу үшін заңмен көзделген барлық шараларды қабылдауға міндетті.
Ерлан Османов,
облыстық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы