17.08.2023, 16:00
Оқылды: 113

Өзінің қара басынан халық тұрмысын жоғары қойған батыр кім?

Біле жүріңіз!

Азаттық! Теңдік! Еркіндік! Адамзат баласының ғасырлық ұлы арманы. Француздар ұлт азаттығын, қоғам теңдігін, халық еркіндігін атақты «Мерселезамен» жырласа, орыс халқы қоғам теңдігін, халық еркіндігін «декрабристердің» ерлігімен әлемге паш етті. Сонда қазақтар ұлт азаттығын, қоғам теңдігін, халық еркіндігін аңсамады ма? Әрине, армандады! Махамбет біздер үшін алдымен осындай күрескер тұлға. Алайда біздер кешегі кеңестік тар түсініктен шыға алмадық, әрі кеткенде, Махамбетті қазақтың өр ақыны, берісі халық батыры дедік.

fef657d7-7ffe-4987-854f-b80900249277

Фото: faktiler.kz

Кім ұтты, кім ұтылды?! Бұл тарих үшін Махамбетке таңылған тар ұғым, Махамбеттің күрескерлігіне жасалған қиянат еді. Шындығында Махамбет көзінің тірісінде ғасырының күрескері, қазақ халқы үшін азаттық пен еркіндіктің символы болған күрескер тұлға. Махамбеттің қоғамдық күрескерлік жолы да, өзгелерден ерекше, оның ең бастысы Махамбеттің халықшыл күрескерлікті таңдауы. Бұл - бір. Екіншіден, Махамбет өз ғасырында қоғамы мен халқының идеялық күрескері болды. Бұл екі. Үшіншіден Махамбет өзі өмір сүрген феодалдық қоғамның зиянды реформаларына саналы түрде қарсы шыққан күрескер. Бұл - үш. Төртіншіден, Махамбет өзінің жеке басынан, халқының ауыр тұрмысын жоғары қойған, халықшыл күрескер. Бұл –төрт. Бесіншіден, қазақ даласының ақиқаты, қазақ баласының ар-ұжданы үшін күрескен, халқының дала күрескері бола алғандығы. Бұл -бес. Ендеше, алдымен Махамбеттің идеялық күрескерлігі турасында әңгіме қозғасақ, ол-біріншіден, Махамбеттің өз идеясына сенімді болуы және соның жолында саналы түрде өзін тәрбиелеуі еді. Махамбет халқының ауыр тұрмысын жақсы білді, оның себеп-салдарын хан билігінен іздеді және солардың кінәсі деп ұқты. Бұл Махамбеттің ой күрескерлігін көрсеткендей. Мәселен, күрескер, Махамбет:

«Алтан тақты хандардың,

Хандығынан не пайда?

Қаріп пенен қасірге,

Туралық ісі болмаса» деп Жәңгір тұсындағы қоғам билігінің қайшылықтарын айыра білді. Махамбеттің идеялық күрескерлігінің тағы бір қыры, бағытын айқындай алуы дер едік. Айталық, күрескер Махамбет «Қара қазақ баласын, тірлігімде налытпан» немесе «Қара қазақ баласын, хан ұлына теңгердік»-деп, алғашында, өзінің бағытын анық та, ашық айқындай алса, соңында, қоғамның теңдігін, еркіндігін аңсаған күрескер ретінде толық ашылады. Махамбеттің күрескерлік жолының тағы бір қыры, ол заманының әлеуметтік-саяси ағымын салыстырмалы түрде саралай, байыпты ой қорыта алуы дер едік. Айталық, хан Жәңгірдің қоғамдық қызметі мен халқына істеген қылықтарын күрескер Махамбет:

«Шыға алмаған далаға-ай,

Қара қазақ баласын,

Атаңа нәлет Жәңгір хан,

Көзінен тізіп жіберді-ау,

Орынбор деген қалаға ай» деп момын да, жуас қазақты айбарымен қорқытқан ханың ісіне саяси баға береді. Осындай да еске түседі мексиканың қоғам қайраткері Идальгоға Испан үкіметі өз еркімен берілуін және оған кешірім беруге уәде етсе, оған Идальго «кешірім отанды қорғаған адамға емес, қылмыс жасаған адамға керек» деп жауап берген дейді. Неткен кемеңгерлік! Осы арада Исатай-Махамбеттің Орынбор губернаторы алдына бармай, Жәңгірге бас имей, «халық тілегін орындамаған ханмен бітім болмайды» деуін, қайраткерлік емес деп кім айта алар? Ешкім...

 

Зулхожа Шарафутдинов,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале