27.08.2025, 17:15
Оқылды: 494

Озық білімді игерген, жаңа технологияны меңгерген елдің ұпайы түгел

Оралдағы “Атамекен” өнер ордасында облыс педагогтерінің дәстүрлі тамыз конференциясы өтті. Аталған конференция «Білім келешегі: Адал азамат, кәсіби маман» тақырыбында ұйымдастырылып, білім саласындағы өзекті мәселелер сараланып, жаңа оқу жылындағы маңызды бағыттар айқындалды. Өзара тәжірибе алмасу, жауапкершілігі жоғары, адал азаматты тәрбиелеудің тиімді жолдарын бірлесе талқылауды мақсат тұтқан алқалы жиынға 800 адам жиналды.

DSC01672

Өнер ордасының фойесінде білім беру саласындағы жетістіктер мен инновациялардың интерактивті көрмесі ұйымдастырылды. Облыс әкімі Нариман Төреғалиев, ҚР Оқу-ағарту министрлігі білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Серік Әшіров және жиынға қатысушылар көрмені аралап, республикалық және өңірлік ІТ-компаниялардың білім саласындағы жетістіктерімен танысты.

DSC01700

Конференция басталысымен жас мамандар ардагер-ұстаздарға гүл шоқтарын табыс етіп, ыстық ықыластарын білдірді.   

–Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы республикалық Тамыз конференциясында: «Қазір – білім мен ғылымның заманы. Жаһандану дәуірінде озық білімді игерген, жаңа технологияны меңгерген елдің ұпайы түгел болады. Бүгін саналы ұрпақ тәрбиелей алсақ, ертең заман көшінің басында жүреміз» – деп атап өтті. Бұл – бізге, білім саласы қызметкерлеріне үлкен жауапкершілік жүктейді, – деді білім басқармасы басшысы Елдос Сафуллин өткен оқу жылының қорытындысы мен жаңа оқу жылының міндеттері туралы баяндамасында.

DSC01781

Өткен оқу жылы табысты аяқталды. Мектепке дейінгі ұйымдардың желісі кеңейіп, жеке инвесторларды тарту арқылы қадамдық жоспар 100%  орындалған. Өңірде 379 мектепте 124 992 оқушы білім алуда. Республика бойынша үздік 100 мектеп қатарына 6 мектеп енді. Оқушылар халықаралық және республикалық білім сайыстарында зор жетістікке жетті.  Қосымша білім беру жүйесінде 50 қосымша білім беру ұйымы бар. Олардың көпшілігі халықаралық деңгейде жұмыс істейді.  Мәселен, АҚШ-тың Вустер қаласында өткен робототехника олимпиадасында Оқушылар сарайының командасы 108 команданың ішінде үздік ондыққа енді. Қытайдың Макао қаласындағы “First Championship” чемпионатында «SubSquad» командасы III орын иеленсе, Италияның Рим қаласында өткен халықаралық олимпиадада балалар техникалық шығармашылығы орталығының тәрбиеленушілері 329 команданың ішінде үздік бестікке кірді. Бұл – шәкірттердің ғана емес, ұстаздардың да кәсіби шеберлігінің нәтижесі.  2025-2026 оқу жылында білім сапасы, тәрбие мен білімнің тұтастығы (осы мақсатта елімізде «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасы енгізіледі),   мектептің әр бала үшін ең қауіпсіз орын болуы (жаңа оқу жылынан бастап мектептер мен колледждерде «ДосболLIKE» бағдарламасы іске қосылады), цифрландыру мен жасанды интеллектіні меңгеру, ұстаздардың мәртебесін көтеру басымдыққа ие.

DSC01936

Конференцияның пленарлық бөлігінде  «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамының БҚО бойынша кәсіби даму институты» филиалының басшысы Софья  Ізмұханбетова мұғалімдерді аттестаттау қорытындысы туралы баян етіп, түйткілді мәселелерді саралады және келесі кезеңде біліктілікті арттыруға ұсынылатын бағыттарды айтты. Ұлттық Ұстаз онлайн Академиясының құрылтайшысы, экономика ғылымдарының кандидаты Гүлмира Қорғанбаева «Білім берудің жаңа дәуірі: жасанды интеллектпен серіктестік» тақырыбын қаузады. Ол цифрлық трансформацияның ешкімге қатер төндірмейтінін, қайта мұғалім рөлін қайта қарастыру мүмкіндігі екенін атап өтті. Өйткені болашақтың мұғалімі технологияны басқаруды білетін тәлімгер болуы керек, ал АИ оның бәсекелесі емес, одақтасы екенін атап өтті. «Q-VISION» ЖШС директоры Лесбек Әбдіқұлов жеке құндылықтарды қалыптастырудың маңыздылығына тоқталып, білім берудің әрбір  үдерісіне тәрбиені кіріктірудің қажеттігін айтты.  Оралдағы No51 мектептің директоры Жұмабай Жақсығали «Келешек мектеп – болашаққа серіктестік қадам» жобасын жүзеге асыру тәжірибесімен бөлісіп, қала мен ауылдағы білім беру мекемелерінің арасындағы алшақтықты жоюға бағытталған жаңа үлгідегі мектептер жайына тоқталды.   Облысымыздағы кәсіптік техникалық білім беру ұйымдарының жұмысы бойынша  Жоғары инженерлік-технологиялық колледжі директорының оқу-өндірістік жұмысы жөніндегі орынбасары Тасболат Серікқалиев  өз сөзінде колледждерді облыс экономикасына кіріктіру және жастардың бойында қолданбалы құзыреттіліктерді қалыптастыру қажеттігіне екпін түсірді. Оқушылар сарайындағы «Робототехника» үйірмесінің оқушысы Әлиислам Құрманғалиев роботтық техникамен айналысу тәжірибесі және болашақтағы армандарымен бөлісті. ҚР Оқу-ағарту министрлігі Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Серік Әшіров  жаңа оқу жылының міндеттері мен ерекшелігімен таныстырып, “Педагог мәртебесі туралы” заң нормаларының сақталуы туралы әңгімеледі.

–  Ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру – елдің болашағын айқындайтын ұлы міндет. Дені сау, парасатты, рухани бай тұлға тәрбиелеу – мемлекетіміздің іргесін берік ететін басты құндылық. Бұл орайда, ұстаздардың еңбегі – ұлттың тағдырын айқындайтыны сөзсіз. Сондықтан білімнің және тәрбиенің сапалы берілуі - ұлағатты ұстаздарымызға зор міндет жүктейді», – деді  облыс әкімі  жаңа оқу жылының стратегиялық бағыттарын айқындайтын тамыз педагогикалық конференциясының ашылуымен құттықтаған Нариман Төреғалиұлы.

DSC01811

Өңір басшысы шәкірттердің сапалы білім алуына барлық жағдай жасалғанын айтты. Соңғы үш жылда облысымызда 7526 орындық  26  мектеп салынды, соның ішінде «КПО» компаниясының әлеуметтік инвестициялық жобасы аясында 1344 орындық 16, жергілікті бюджет есебінен 1982 орындық 7, «Келешек мектептері» Ұлттық жобасы аясында 4200 орындық 3 мектеп пайдалануға берілді. Биыл 15 мектептің («Келешек мектептері» жобасы аясында 6 мектеп,  «КПО» компаниясы 8, жергілікті бюджет есебінен 1 мектеп) салу шаралары басталды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2025-2027 жылдары аралығында облыстың 86 мектебіне, 2026 жылы – 33 мектеп, 2027 жылы  47 мектепте жаңғырту жұмыстары  өткізіледі. 2022 жылмен салыстырғанда 2025 жылы білім саласына бөлінген қаржы көлемі 46%-ға артты, яғни 142,1 млрд теңгеден 207,4 млрд теңгеге дейін өсті. Әр мектеп оқушысына бөлінетін қаржы көлемі 1,3 млн теңгеге дейін жетті.

DSC01697

Салтанатты бөлім барысында өңір педагогтері мен білім беру ұйымдарына мемлекеттік және облыстық деңгейдегі марапаттар табыс етілді. «Құрмет»  орденімен еңбек ардагері Нәбия Тілепбергенова, «Ерен еңбегі үшін» медалімен Ақжайық ауданындағы Абай атындағы мектеп гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Әсел Ерментаева марапатталды. Биылғы оқу жылының қорытындысы бойынша ең үздік білім беру ұйымдары анықталды.  ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Үздік балабақша-2025» аталымы бойынша Орал қаласының №48 «Мұрагер» бөбекжай-балабақшасы (5 млн теңге сертификат және кәсіподақ ұйымынан 200 мың теңге), «Үздік ұйым-2025» конкурсының жеңімпазы Орал қаласының №7 ЖОББМ (68 млн теңге сертификат және кәсіподақ ұйымынан 200 мың теңге), «Үздік колледж-2025» Орал ақпараттық технологиялар колледжі (5 млн теңге сертификат,  кәсіподақ ұйымынан 200 мың теңге) марапатталды.

DSC01684

Ұстаздар қауымының 16 өкілі облыс әкімдігінің Алғыс хатымен, ҚР Білім және ғылым министрлігінің салалық марпаттарымен: 4 мұғалім «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен, әріптестік бастамаларды дамытуға қосқан үлесі үшін 23 адам министрліктің Алғыс хатына ие болды, білім беру ұйымдарының 26 ​​қызметкері – кәсіподақ ұйымынан «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында іске адалдығы үшін, сонымен қатар 23 қызметкер білім басқармасының марапатына ие болды.

Гүлбаршын Әжігереева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале