Деркөл кентінде орналасқан олимпиада резервінің облыстық мамандырылған мектеп-интернат-колледжінің спортзалында Әкелер күніне орай «Әке көрген оқ жонар» деген атаумен отбасылық сайыс өтті.

Сайыстың ашылу салтанатында сөз алған облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы бұқаралық спортты дамыту бөлімінің бас маманы Айболат Бақсан жарысқа қатысушы әкелерді мерекемен құттықтап, сәттілік тіледі.
– Бүгінгі сайыстың негізгі мақсаты – әке мен бала арасындағы қарым-қатынасты нығайту. Салауатты өмір салтын насихаттап, жас өрендердің спортпен шұғылдануға деген қызығушылығын ояту. Жарысқа Орал қаласындағы спорт мектептерінің әкімшілік қызметкерлері және олардың ұлдары қатысуда. Сайысқа қатысушылар екі кезең бойынша сынға түседі. Алдымен, қатысушы командалар үш топқа бөлініп, өз тобындағы қатысушылармен сайысып, топтың көшбасшысын анықтайды. Содан соң командалар өзара кім мықтыны анықтайды. Бұл спорттық жарыстар балалардың физикалық қабілетін жетілдіріп, ақыл-ой дамуына ықпал етеді, - деді бас маман.

Одан кейін мемлекетік Әнұран шырқалып, әкелер мен балалар сайысы басталды. Жарыстағы негізгі кезеңдерде әке мен баланың қарым-қатынасын нығайтатын эстафеталық ойындар болды. Сайыс қызықты әрі тартысты өтті. Жарыс қорытындысы бойынша ІІІ орынды облыстық мамандырылған олимпиадалық резервінің балалар-жасөспірімдер мектебінің командасы місе тұтса, ІІ орынды облыстық қысқы спорт түрлері балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің командасы еншіледі. Облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебінің командасы оқ бойы оза шауып, І орынды иеленді. Команда мүшелері – Лесбек Баймағамбетов пен Айқын Жақсылық. Сондай-ақ Әліби Ғарапша мен Самғат Әнуарбекке «Жеңіске деген жігерлік» аталымы берілді. Қазболат Құрмашев «Ардагер қатысушы» аталымын иеленсе, «Ең жас қатысушы» аталымы бойынша Әлирахман Бақытжан марапатталды. Жеңімпаздарға медальдар және алғысхаттар табысталды.
Нұр-Бақыт Тұрсынбаев,
Орал қаласы