28.12.2023, 9:00
Оқылды: 47

«Озық технологияларды қолданатын мемлекеттермен ынтымақтастыққа пейілдіміз»

Жуырда облыстық қоғамдық кеңестің кеңейтілген отырысы өтті. Оған кеңес мүшелері, мемлекеттік құрылымдардың басшылары, белсенді азаматтар қатысты. Күн тәртібінде алты мәселе қаралды. Соның ішінде ең бастысы, «Орал «Зенит» зауыты» акционерлік қоғамының шетелдік компанияның меншігіне өтуі мен кәсіпорынның бүгінгі тынысы кеңінен талқыланды.

2b3d77bd-3132-4242-a6c5-db00b8aef0ad

Алдымен көпшілік назарына БҚО бойынша мемлекеттік қызмет істері департаментінің тарапынан жүргізілген бақылау шараларының нәтижесі ұсынылды. Департамент мамандары жыл басынан бері 15 892 заңбұзушылық анықтаған. Заңбұзушылықтардың көбі жер қатынастары саласында орын алған екен. Бұған дейін өткен ведомствоаралық жұмыс тобының отырысында 20 мәселе қаралып, 60 ұсыныс әзірленген.
– Қоғамдық кеңес өкілдері облыстық, қалалық депутаттардың қатысуымен 27 қоғамдық бақылау іс-шаралары өткізілді. Нәтижесінде 33 заңбұзушылық анықталып, ұсыныстар берілді. Қоғам белсенділерімен 38 қоғамдық қабылдау ұйымдастырылып, 800-ден астам тұрғынға тиісті ұсынымдар мен кеңес берілді, – деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі БҚО бойынша департаментінің басшысы Мұрат Байсалов.
Қоғамдық кеңес мүшелері тұрғындардың мемлекеттік қызмет сапасы деңгейін анықтау үшін цифрлық жүйе әлеуетін тиімді пайдалану туралы ұсыныс-пікірлерін білдірді.
Жоғарыда айтқандай, жиында «Зенит» зауытының жайы да ұзақ талқыланды. Оған онлайн режімде қосылған ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Азамат Бейісбеков кәсіпорынды компания жекешелендіріп алмақ деген әңгімені жоққа шығарып, өндіріс орнының тапсырыссыз қалу қаупі бар екенін айтты. Өйткені осы күні Каспий жағасында кеме жасайтын заманауи зауыт салынуы мүмкін. Сондықтан зауыттың бәсекеге қабілетін арттырып, оның барлық мүмкіндігін пайдалану мақсатында халықаралық компаниялардың ұсыныс жобаларына да біржақты қарауға болмайтынын айтты министрдің орынбасары. Кеңес заманында дүркіреп тұрған зауыттың қазіргі жағдайы мүшкіл екенін мойындаған жөн. Дәл осы мәселеге келгенде кеңес мүшелерінің пікірі екіге айырылды. Бірі зауытты инвесторға беру керек екенін қолдаса, енді бірі кәсіпорын мемлекет меншігінде қалсын деген пікірде болды. Жиынға қатысқан кеңес мүшелерінің бірқатары шетелдік инвестордан қауіптенетінін жасырмаса, енді біреулер сырттан қаржы тарту арқылы озық технологиялармен жарақтану, бәсекелік қабілетті арттыру – әлемдік тәжірибеде бар екенін алға тартты.
– Елімізде зауытқа қаржы құятын инвесторлар жоқ па? Кәсіпорынды басқару құқығы Қазақстан азаматына берілгені жақсы. Біздің елден инвестор табылатынына сенімдімін. Неге бірден шетел инвесторы болуы керек? – деді облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Нұрлан Сәдір.
Облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Бақытжан Нұрбаев зауытты инвесторға бермес бұрын кәсіпорын ұжымының пікірін де ескеру керек екенін алға тартты.
– Менің пікірім былай – зауыт ұжымының пікірімен де санасайық. Олар жуық арада бәсекеге төтеп бере алмай, қызметкерлер жұмыссыз қалатын болса, одан кім не ұтады? Кәсіпорынды сақтап қалуымыз керек. Бізде бұрын дүркіреп тұрған талай зауыт-фабрикалар құрдымға кетті. Бұл өндіріс ошағын да солай жоғалтып аламыз ба? Инвестордың меншігіне өтпейді ғой, Үкіметтің үлесі басым болады. Ұсынысты қолдау керек сияқты. Кооперациядан қашпауымыз керек, – деді облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Бақытжан Нұрбаев.
Кеңес отырысына келген зауыт басшысы ұжым арасында бұл мәселе жан-жақты талқыланғанын айтты. Ол халықаралық серіктестермен бірлескен жұмыстың тиімді боларына сенім білдірді.
– Бүгінде зауытта 800 адам еңбек етеді. Жалақы уақытында төленеді. 30 жыл ішінде 34 кеме мен катер шығардық. Шын мәнісінде, біздің конвейерден шыққан кеме-катерлер қазіргі күштік құрылымдарды қанағаттандырып отыр деу де қиын. Әскери теңіз күштері мен жағалау күзетіне заманауи үлгіде жарақтанған кемелер қажет. Сондықтан озық технологияларды қолданатын мемлекеттермен ынтымақтастыққа пейілдіміз, – деді «Орал «Зенит» зауыты» акционерлік қоғамының бас директоры Қадыржан Мұқанов.
Қоғамдық кеңес мүшелерімен өзекті мәселеге байланысты үн қосқан өзге де азаматтар вице-министр мен зауыт басшылығына көкейдегі сауалдарын жолдады.
– Ұсыныстардың барлығы да ескеріледі. Министрлікке, қажет болса, Үкіметке ұсынуға жоспарлап отырмыз. Сондықтан қоғамдық кеңес мүшелері, белсенді азаматтар вице-министр мен зауыт басшылығынан қажетті ақпаратты алдық деп есептеймін, – деді облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Ербол Салықов.
Қоғамдық кеңес мүшелерінің көпшілігі зауыт игілігі жолындағы жобаны жан-жақты қарауға келісім берді. Жиында сондай-ақ жергілікті атқарушы құрылымдар ұсынған бірқатар қағидалар мен қаулы жобалары қаралып, тиісті қарар қабылданды.

Түгелбай Кенжеғалиұлы,
«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале