Бүгін Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің профессоры, техника ғылымдарының докторы Сәрсенбек Монтаевтың 63 жасқа толуына орай «Дара жол» сұхбат кеші ұйымдастырылды.
Университеттің коворкинг орталығында өткен кешке профессор-оқытушылар ұжымы, ғалым-ұстаздың шәкірттері және білім алушылар қатысты. Сәрсенбек Әлиакбарұлы 2005 жылдан бері Жәңгір хан университетінде жемісті қызмет атқарып, қазіргі «Индустриалды-технологиялық институты» директоры қызметін қоса атқарып келеді.
Кешті доцент міндетін атқарушы, PhD докторы Сәбит Жарылғапов жүргізіп, мерейтой иесіне балалық шағы, туған жері, шыққан отбасы, ғылым жолына келуі, студенттік жылдары туралы сауалдар қойды. Өз кезегінде Сәрсенбек Әлиакбарұлы өмір жолынан түрлі естеліктер айтып, білім-ғылымға жетелеген ұстаздары туралы да айтып өтті. Сонымен қатар Ұлы Отан соғысына қатысқан, ұлағатты ұстаз болған әкесі Әлиакбар Монтаевтың еңбек жолы, ерлігі туралы да деректермен бөлісіп, бүгінде Қызылорда облысындағы мектептердің біріне әкесінің есімі берілгенін жеткізді.
Басқосу барысында мерейлі жасқа толған туған күн иесіне Жәңгір хан университетінің басқарма төрағасы-ректор Асқар Наметовтің құттықтау хаты табысталды. Қасиетті Сыр өңірінен тарихы бай Жайық еліне келіп, көрнекті ғалым ретінде елімізге ғана емес, шетелге де есімі танылған Сәрсенбек Монтаевтың азаматтық тұлғасы, ғылымдағы дара жолы туралы әріптестері мен шәкірттері де сыр шертті.
Әріптестері атап өткендей, Сәрсенбек Әлиакбарұлының университетіміздің өркендеуіне, ғылыми әлеуетінің жоғарылауына қосқан үлесі зор. Ғылыми жобалары арқылы инновация, технология, коммерцияландыру бойынша бірқатар жетістіктерге қол жеткізді. Ал университет құрамындағы үлкен даму жолынан өткен «Индустриалды-технологиялық институттың» бүгінгідей дәрежеге жетуіне Сәрсенбек Монтаевтың сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Шәкірттері ұрпаққа бергенінен әлі де берері мол ғалым-ұстаздан тәлім алғандарына қуанса, әріптестері осындай білікті маманмен иық тіресе еңбек етіп жүргендерін мақтанышпен жеткізді.
Тағылымды кешті аталмыш институттың белсенді студенттері өз өнерлерімен көркемдеді. Іс-шарадан соң кеш қонақтары «Парасат» ақпараттық-білім беру орталығы ұйымдастырған «Байлығы – білім, еңбегі – ғылым, өнегесі – ілім» атты кітап көрмесін тамашалап, ғалымның республикалық, халықаралық деңгейдегі жұмыстарымен танысты.
БҚАТУ медиа орталығы