Батыс Қазақстан облысында биылғы 5 ай ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 87 қылмыс дерегін тіркеді. Парақорлыққа қатысты 60, ұрлық пен алаяқтық бойынша 21 іс қозғалды. Бұл жайында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары Камал Қабылбеков хабарлады.
Оның мәліметіне сүйенсек, жалпы өндірістегі 100 сыбайлас жемқорлық қылмыстық ісі тергеліп, 62 іс сотқа жолданған.
Аяқталған қылмыстық істер бойынша келтірілген залал мөлшері 516,5 миллион теңге. Жалпы шығынның 99,2 пайызы өтелген. Жемқорлық қылмыс жасаған 13 адам сотталды. Екі жемқор бас бостандығынан айырылса, 10 сотталушыдан 21 миллион теңгеден астам айыппұл сомасы өндірілмек.
Биыл аталған департамент пара беруге және делдал болуға байланысты сотқа дейінгі 25 тергеу ісін жүргізуде.
«Дәніккеннен құныққан жаман» дегендей, 20 адам тергеліп, оның сегізі сотталды.
Қаңтар айында Орал қалалық соты жүзіктің көзінен өтер жылпостығымен үш адамнан 2,2 миллион теңге жинап, Орал қаласы әкімдігінің лауазымды шенеуніктеріне пара беруге үгіттеген Багисованы жеті жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Бірнеше адамды қала әкімдігі шенеуніктеріне 800 мыңнан 3 миллион теңгеге дейін пара беруге тартқан Е. есімді делдалға қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Делдалдар «Дөкейлер арқылы жеделдетіп пәтер алуға көмектесеміз» деп сендірген.
Биыл пара беріп, мәселе шешпек болған 18 күдіктіге қатысты қылмыстық іс қозғалған. Олардың 7-уіне параның 10 еселенген мөлшерінде айыппұл салынды. «Пара берудің зардабы ауыр. Жең ұшынан жалғасуға бейім болудың дұрыс еместігі туралы қағидат қалыптастыру керек. Сыбайлас жемқорлық көрінісіне куә болған кей азаматтар шенеуніктердің өздеріне хабарласуды жөн көреді. Ал шенеуніктер өкілеттігін теріс пайдаланады. Сондықтан облыстағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің 98-47-20 телефон нөміріне немесе 1424 қауырт желісіне тәулік бойы хабарласып, қылмыс жөнінде алдын ала хабар беруге болады. Биыл жемқорлық фактілерін хабарлаған бес адамға жалпы сомасы 928 мың теңге көлемінде сыйақы берілді», – деді Камал Қабылбеков.
Нұртай Текебай
zhaikpress.kz