14.02.2023, 10:45
Оқылды: 68

Парасат мекені немесе Мұқырдағы мықтылық

Сонымен, Жаңақала ауданы орталығынан 35 шақырым ғана жер дегенмен, құмды аймақтың дөңбекшітіп, орғытып-қарғытып апаратын «асау» жолына сақына қарап «Мұқыр, қайдасың!» деп тартып келеміз. Алыстан «мен мұндалай» қол бұлғап көріне қоймайды құм қойнауындағы ауылдар.

IMG-20230204-WA0039Шиырлап келе жатасың да, үстінен топ ете түсесің. Ауыл төріндегі мектептің алдына осылай келіп қалдық. Әліби Жанкелдин атындағы мектеп. Мәссаған! Кіріп келсек, алдымыздан дәммен қарсылап, ән салып тұр мектеп. Дұрысы, әріптестер. Қуаныштан жарқыраған көздерді айтсаңызшы!
Мұнда «мектебіміз – андай, мектебіміз – мұндай!» деп қатты дабырлап әңгіме айтпайды екен. Мектептің өзі сөйлейді. Қарапайым да ұстамды ұстаздар рухы білінеді.
Тыныс бар. Қабырғада тізілген оқу озаттарының, «Алтын белгімен» бітірген түлектердің суреттері. Тағы бір фотоға бос орын қалдырып, астына «Бұл – сенің орның!» деп жазып қойған жып-жылы психологиялық ишара. Бұл мектепте көркемсөз оқу әбден жолға қойылған екен сосын. Облыс ақыны, кезінде айтыстарға қатысқан марқұм Мәрия Сидағалиева осы мектепте еңбек еткен. Ол кісі – ел таныған қаламгер, ақын Закария Сисенғалиға қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берген. Жалпы мектептің де, мектеп ұжымының да еңбектері бір, яки үш, тіпті бес жылмен де есептелмейді. Олимпиада, ғылыми жоба, ҰБТ дегендеріңіз аралық бақылау, баспалдақтар ғана. Мектеп атты кеменің өмір бойы сынақтардан қалай өтіп келе жатқаны арқылы бағаланса ғой! «Өрісі қандай, жемісі қандай, ат атандырып, сүйек сындырған жоқ па бұл мектептің түлектері?» деген сұрақтар ашық қалмауға тиіс. Көп жылдан кейінгі деректер де жинақталып, сарапталып отырса, нәтиже деген сол болар еді. Қоғам санасындағы жақсылыққа да, жамандыққа да педагогиканың қатысы, жауапкершілігі жоқ деп көріңізші, ал? Бұл жағынан келгенде, Мәстексай ауылдық округінің Мұқыр ауылындағы Әліби Жанкелдин мектебіне мін таға алмайды ешкім! Экономика ғылымдарының докторы, ҚазКСР Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, академик, профессор, ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы болған Ғабдолла Шоланов, Қазақстан Су шаруашылығы министрінің орынбасары болған, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Есен Өтеуов, Қазақстанға еңбегі сіңген құрылысшы, «Құрмет белгісі» орденінің иегері Мақсот Бекқұлов, академия бітіріп келіп, ауданда ұзақ жыл майталман мал маманы болған Сатыбалды Жұмашев, техника ғылымдарының докторы, профессор, академик Гамил Хожин, соғыс жылдарында даңқты барлаушы болып, Кеңес Одағының Батыры атағын алған Сәлім Айтқұлов деген мықтылардың барлығы құмның бір мүйісіндегі елеусіз ғана осынау қазақы ауылда оқып, тәлім-тәрбие алған! Аталмай қалғаны қанша бұл жерде, газет көлемі көтермейді.
Осыдан 18 шақырым жерде Наз ауылы орналасқан (ауданды 18 жыл басқарған Төлеген Тастайұлы Мерғалиевтің кіндік кескен жері). Наздың іргесінде – Қоскөл. Қоскөлде Мұқыр мектебінің негізі – Чапаев бастауыш мектебі болыпты. 50-жылдары Калинин мен Молотов колхоздары біріктіріліп, Калинин болып құрылады да, Мұқыр орталыққа айналады.

Дариға Мұштанова,
«Үзіліс» арнайы бетінің қоғамдық редакторы, «Парасат» ордені, «Ерен еңбегі үшін» медалінің,

«Ы. Алтынсарин» белгісінің иегері, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, ҚР Мәдениет саласының үздігі

Материалдың толық нұсқасын "Орал өңірі" газетінің 14 ақпандағы №13 санынан оқи аласыз

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале