Жуырда облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаев биылғы 10 айдағы өңірдің эпидемиологиялық ахуалы туралы кең көлемді ақпарат беріп, тұрғындарды аурулардың алдын алуға шақырды. Спикердің айтуынша, облыста санитариялық-эпидемиологиялық жағдай жалпы тұрақты сақталып отыр. Топтық аурушаңдық деректері тіркелмеген, аса қауіпті індеттердің бірқатары мүлдем анықталмаған. Дегенмен кейбір аурулар бойынша өсу динамикасы байқалып, тұрғындардың сақтық шараларын қатаң ұстануы қажеттігі ескертілді.

Нұрлыбек Мұстаевтың мәліметінше, облыста биыл тырысқақ, оба, құтыру, сібір жарасы, іш сүзегі, қызамық, дифтерия, полиомиелит, сіреспе, безгек, ботулизм сияқты аса қауіпті және екпемен басқарылатын аурулар тіркелмеген. Бұл көрсеткіш профилактикалық жұмыстардың жүйелі жүргізіліп отырғанын көрсетеді. Бұған қоса 16 түрлі инфекциялық ауру бойынша аурушаңдық деңгейінің төмендеуі байқалған. Мәселен, бактериалды дизентерия – 2,6 есе, көкжөтел 2,12 есе төмендесе, жіті ішек жұқпалары 31,6%-ға азайған. Вирусты гепатиттердің А және В түрлері бойынша тоғыз жағдайға азайса, эхинококкоз – бес жағдайға, педикулез – 1,3 есе, ЖРВИ – 23,2%, коронавирус 3,1 есе төмендеген. Туберкулез де бірқатар ауданда азайып, жалпы көрсеткіш 18,5%-ға кеміген. Алайда өсім байқалған аурулар да бар. Соның бірі – эпидемиологиялық паротит. Спикердің айтуынша, биыл екі жағдай тіркелді.
– Аурулардың алдын алудың ең тиімді жолы – вакцинация. Облыста 10 ай ішінде
профилактикалық екпемен қамту көрсеткіші 80,5%-ға жетті. Бұл – жоспарланған межеге сай нәтиже. Сондай-ақ ауа тамшы жолымен берілетін аурулар – скарлатина мен желшешектің көбейгені байқалады. Мұндай кезде тұрғындардың уақтылы дәрігерге қаралып, өздігінен емделмей, санитариялық тәртіпті қатаң сақтау қажет. Өңірде
әсіресе жіті ішек инфекциялары мен паразиттік аурулар бойынша өсім бар. Салмонеллез, ротавирустық энтерит, сондай-ақ аскаридоз, энтеробиоз, қышыма және дерматомикоз сынды аурулардың тіркелуі артқан. Эпидемиологиялық тергеу нәтижесі көрсеткендей, негізгі жұғу жолы – күнделікті тұрмыстағы байланыс. Сонымен қатар толық термиялық өңдеуден өтпеген тағамдарды пайдалану да инфекция таралуына әкелуде. Мұндай аурулардың алдын алуда жеке бас гигиенасын сақтау, көкөніс пен жемістерді мұқият жуу, су құбырының керме суын емес, қайнатылған немесе бөтелкедегі суды қолдану ерекше маңызды. Тағамдарды тоңазытқышта дұрыс сақтау, шикі және дайын тағамдарды бөлек қою, ет пен балықты кемінде 2,5 сағат термиялық өңдеуден өткізу секілді қарапайым ережелер де көп аурудың алдын алады, – деді Нұрлыбек Ермекұлы.
Қазіргі таңда өңірде сібір жарасынан өлген жануарлар көмілген 222 орын бар. Ал биыл аталған инфекция тіркелмеген. Алайда профилактикалық жұмыс тоқтаған жоқ. Инфекцияның алдын алу мақсатында мал өнімдерін тек ветеринарлық тексеруден өткен орындардан сатып алуға кеңес беріледі. Құтыру бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Бірақ жануарлардан зардап шегіп, медициналық көмекке жүгінетіндер саны өскен. Биылғы 10 айда 2266 адам тіркелген. Мұндай жағдайда дереу дәрігерге жүгініп, құтыруға қарсы екпе алу ұсынылады.
– Қазіргі таңда бүйрек синдромды геморрагиялық қызба індеті алаңдаушылық тудырып отыр. Биыл оның 22 жағдайы анықталған, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі үш жағдаймен салыстырғанда едәуір көп. Аурудың басым бөлігі Бөрлі, Бәйтерек, Теректі аудандары мен Орал қаласында тіркелген. Науқастардың көбіне кеміргіштердің залалы тиді, балық аулауға шыққан немесе шөп шабу жұмыстарына қатысқан. Сондықтан тұрғындар жұмыс барысында міндетті түрде респиратор қолдануы тиіс. Бүгіндері туберкулез бойынша да ауқымды жұмыс жүргізілуде. 205 науқас тіркеліп, аурушаңдық көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 29,5%-ды құраған. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай төмен көрсеткіш. Балалар арасындағы туберкулез көрсеткіші де 23,7%-ға азайды. Тұрғындарға жыл сайын флюорографиялық тексеруден өтуді, жаңа туған сәбилерді перзентханада БЦЖ вакцинасымен уақтылы вакцинациялауды, салауатты өмір салтын ұстануды ұсынамыз. Сарып (бруцеллез) індеті де биыл азайды. Он айда 26 жағдай тіркелген, бұл өткен жылмен салыстырғанда бес жағдайға кем. Ауру Ақжайық, Орал, Бәйтерек, Бөрлі, Сырым және бірқатар ауданда анықталды. Мал өнімдерін тексерілмеген жерден сатып алмау, малды уақтылы зертханалық тексеруден өткізу мұндай аурулардың алдын алуда шешуші рөл атқарады. Жедел респираторлық вирустық инфекциялар мен тұмау маусымының басталуына байланысты жағдай шиеленісе түсті. Биылғы эпидемиологиялық кезеңнің басынан бері облыста ЖРВИ-дың 24 291 жағдайы тіркелген. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар негізгі үлесті құрайды, яғни 16 683 жағдай. Жүктілігі бойынша есепте тұрған әйелдер арасында да 34 жағдай анықталды. Оқушылар арасында 177 мектептен 441 бала ауырған. Тұмаудың А типі – H3N2 штамы бойынша 24 жағдай тіркелген, оның жартысына жуығы – балалар, – деді баяндамашы.
Н. Мұстаевтың айтуынша, риновирус, аденовирус, бокавирус, парагрипп және пандемиялық емес коронавирус секілді тұмау тәріздес вирустар да облыс аумағында айналымда жүр. Спикер тұрғындардан ЖРВИ белгілері пайда болғанда өз бетімен
емделіп уақыт жоғалтпауды сұрады. Дереу дәрігерге жүгіну керектігін ескертті. Себебі аурудың таралмауы үшін жеке гигиена мен қоғам алдындағы жауапкершілікті сақтау өте маңызды. Мамандар үй-жайларды желдетіп, тазалау жұмыстарын жүргізіп тұруды, жөтеліп-түшкіретін адамдарға жақындаудан аулақ болуды, денсаулықты нығайту үшін дұрыс тамақтануды ұсынады. Эпидемиологиялық жағдай тұрақты болғанымен, сақтық шараларын естен шығармаған абзал.
Аружан Аманжол,
«Орал өңірі»