30.11.2023, 16:50
Оқылды: 56

“Парижде өлеңдер өлмейді…”

Ұстазымыз Рита Бекжанқызының “Әдебиет теориясы” сабағы бұл жолы ерекше өтті. "Қазақ тілі мен әдебиеті", "Филология: қазақ тілі" білім беру бағдарламасының  4-курс студенттері  поэзиялық кешке жиналды.

бку (1)

Бұл шара - басқа шаралардан өзгерек. Бұлай деуімізге бірнеше себеп те бар. Алғашқысы - кешке қатысушылар француз стилін таңдады, француз үлгісіндегі киім, сахна дизайны Париж қаласының  Эйфель мұнарасы орналасқан орталық ауданында жүргендей әсер қалдырды. Тағы бір ерекшелік - поэзиялық кеш бір мазмұнда,  тақырып ортақ, пішіні ғана  бөлек. Студенттеріміздің бірі таңдаған тақырыптары аясында "сезімдер өлеңде оянатынына" көз жеткізеді. Бірі өлеңнің асқақ үнімен махаббат мұнарасы Эйфельге шықса, енді бірі "Парижде өлеңдер өлмейтініне" куә болады. Әр топ "махаббат теңізінде" түрліше аталған кемеге мінгенімен, "жағалау мазмұны" бір-ақ нәрсе - поэзия құдіретіне жету болды. Әсерлі кештің басты мақсаты - студенттердің бойында эстетикалық талғам қалыптастырып, нәзік сезім иірімдерін өлең өрнегінен табуға үйрету. Өмірдің өзегі болған махаббат тақырыбы өлеңнен "мұнара тұрғызды", мәнді қойылым қойғызды, кештің сәнін кіргізді, өнерден бұрым өргізді.

бку (2)

Кеш шымылдығын ашқан ҚТӘ-43 тобы француз әнінің ырғағымен адам ғұмырының қайталанбас дәурені - студенттік шақ туралы өздері шығарған өлеңді әнмен әуелетті. Қалаға арман қуып келген жастар арасында бақыт, махаббат сынды мәңгілік тақырыптар мен жалпыадамдық мәңгілік құндылықтар аясында өрбіген полилог жас өрендердің өлеңімен өрілді.

бку (3)

Мәселен, мұзбалақ ақынның "Бақыт деген не?" өлеңін негізге ала отырып, бақытты дүниеден емес, жүректен іздеу керек деген үлкен ой тастады. ҚТӘ-41 тобы ХІХ ғасырдағы Париж қаласының тұрғындары - сан түрлі тағдыр иелерінің жан тебіреністерін көз алдымызға елестетті. Суретші, қос ғашық, адал достар, жолаушылардың құдіретті сезім туралы ойларын поэзия тілінде жеткізді. ҚТӘ-45-топ студенттері "Махаббат періштесі" қойылымы арқылы махаббаттың шырғалаңын көрсетті. Абай лирикасынан ән шырқап, әр көрерменнің жүрек пернесін басты. Фил-41 тобы өз қойылымдары арқылы махаббатқа еш кедергі тосқауыл бола алмайтынын, асылында ол адамды аялайтын да, аямайтын да ұлы күш екендігін танытты. Киелі қара домбырамен шырқалған "Махаббат деген қандай-ды" әні кештің әдемі нүктесін қойды. Шараның тағы бір ерекшелігі - осы аталғандардың барлығы кемел жасқа келген азаматтың атынан баяндалып, сол жанның өткен шағына "махаббат, қызық мол жылдарына" саяхат жасауда болды.

бку (4)

 Шараны қорытындылаған Рита Бекжанқызы кеш туралы пікірін білдіріп, өлең сөздің құдіретін тағы бір санамызда мәңгі сақталардай әдемі жеткізді.

Шынар Қажетерова,

М. Өтемісов атындағы БҚУ-дың 4-курс студенті

бку (5) бку (6)

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале