Жуырда белгілі әдебиеттанушы ғалым, Францияның халықаралық Конкорд ғылым академиясының мүше-корреспонденті, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Алпысбай Мұсаевтың Париж қаласында орналасқан ЮНЕСКО орталығындағы Жипто баспасынан таңдамалы еңбектерінің үш томдығы басылып шықты.
Кітаптардағы материалдар кезінде қазақ тілінде шыққанына байланысты тұпнұсқаны сол күйінде назарға ұсыну мақсатында жинақтың бірінші кітабына аутордың 1960-90 жылдардағы қазақ прозасында өзінің терең психологизмімен, өмірдің сан қырын жан-жақты ашуымен, адам жанының нәзік иірімдерін тап басып жарқырата суреттеуімен, жақсылық пен жамандықтың бітіспес тартысын нанымды көрсетуімен есте қалған шығармаларды талдауы топтастырылған.
«Жанды жүйе» монографиясы қазақ поэзиясының айтулы өкілдерінің бірі Жарасқан Әбдірашев шығармаларының көркемдік сипаты мен сан қырлы шеберлігіне арналған. «Рух бостандығының жыршысы» атты монографиясында жақында ғана 90 жасқа толған көрнекті жазушы, драматург Әкім Таразимен сұбхаты берілген.
Жинақтың екінші кітабына ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, белгілі жазушы Дүкенбай Досжанның қаламгерлік ерекшелігі, кейіпкерлерінің бітім-болмысы, шығармашылығындағы уақыт пен кеңістік, тілдік және стильдік ерекшеліктері зерттеу көзі ретінде арнайы қарастырылған. Сонымен бірге «Тарази тағылымы» монографиясында заман шындығын барынша толғап, адам жанының терең құпиясын айта білген сарабдал суреткер Әкім Таразидің туындылары талданған. Бұл тарауда қазақ прозасының көрнекті өкілдерінің бірі Молдахмет Қаназдың повестері мен әңгімелері, балаларға арналған айтулы шығармалары әр қырынан жан-жақты жүйелілікпен тұңғыш рет қарастырылып отыр. Ал жинақтың үшінші кітабына әр жылдары жазылған әдеби зерттеу, ғылыми мақалалары енгізілген. Кітапта рухани өмірімізде биік мәртебеге ие болған дара тұлғалар, сонымен қатар бұрын әдебиеттану ғылымында көп сөз болмаған ақын-жазушылар, әдебиет зерттеушілері және олардың еңбектеріндегі өздеріне тән ерекшеліктері сөз болады.
Бұл үш томдық басылымнан магистранттар мен ізденушілер, жоғары оқу орындарының студенттері мен оқытушы-мұғалімдер, жалпы әдебиет пен өнерсүйер қалың оқырман қауым әдебиеттану бағытында іздегенінің біразын табады.
Азамат Мамыров,
Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық
университетінің профессоры,
филология ғылымдарының кандидаты