Парламент Мәжілісінің пленарлық отырысында депутаттар ҚР "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Кодексіне Сенат енгізген түзетулермен келісті. Осылайша құжат қабылданды деп саналып, Президенттің қол қоюына жіберіледі, деп хабарлайды zakon.kz.
– Парламент Сенатының депутаттары "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Кодекске өзгертулер мен толықтырулар енгізді. Аталған өзгертулер мен толықтырулар Мәжіліс мақұлдаған Кодекс жобасы тұжырымын өзгертпейді. Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі комитет ҚР Парламенті Сенатының Кодекстің осы жобасына енгізген өзгертулері мен толықтыруларымен келісуді ұсынады, –деді Мәжіліс депутаты Зәуреш Аманжолова.
"ҚР денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы" туралы Заң жобасына тоқталған ол Сенат депутаттары бұл заң жобасына өзгертулер мен толықтырулар енгізгенін атап өтті.
– Құқықбұзушылықтардың кейбір санаттары Қылмыстық кодекстен алынып, Әкімшілік құқықбұзушылық кодексіне ауыстырылды, деп қосты Аманжолова.
Осылайша құжат пен түзетулер қабылданды деп саналып, Президенттің қол қоюына жіберіледі.
Кодекске Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың дәрігерлердің қателіктері үшін қылмыстық жауапкершілікті жеңілдету туралы тапсырмасына сәйкес түзетулер енгізілді.
Медициналық қызметкердің клиникалық зерттеулер мен профилактика, диагностика, емдеу және медициналық сауықтырудың жаңа әдістерін қолдану тәртібін бұзуы ауыр салдарларға әкеп соққаны үшін жауапкершілік Қылмыстық кодексте қалады. Салдары ауыр болмаған және лауазымды тұлға жасамаған осындай әрекетті Әкімшілік кодекске ауыстыру ұсынылған. Сонымен қатар дәрігерлік құқықбұзушылық бойынша қылмыстық іс қозғалуы үшін өкілетті орган жүргізген тиісті тексеру мен ревизия актілері ұсынылуы тиіс болады. Бұған дейін ондай норма болмаған: дәрігердің әрекетіне байланысты кез келген арыз бойынша қылмыстық іс қозғала беретін.
Сонымен бірге Сенат ата-аналардың екпеден бас тартуы бойынша түзетулер енгізді. ҚР азаматтары емдеуден және өзге де медициналық шара жүргізуден, оның ішінде профилактикалық екпемен келісу немесе одан бас тарту туралы өз ықтиярын білдіре алады деген нақтылау мүмкіндігі пайда болды.
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер