23.04.2022, 19:00
Оқылды: 56

Партиялық идеологияны күшейту керек

М.Өтемісов атындағы БҚУ-де «AMANAT» партиясы БҚО филиалы жанындағы Азаматтық қоғам және мәдениетті дамыту бойынша «MIRAS» қоғамдық кеңесінің көшпелі мәжілісі өткізіліп, оған кеңес мүшелерімен қатар әлеуметтанушылар мен саясаттанушылар, профессорлар, ұстаздар, партия депутаттары қатысты.

IMG-20220423-WA0055

Мәжілісте «MIRAS» қоғамдық кеңесінің төрағасы Қуандық Мәдір «AMANAT» партиясының саяси тұғырнамасын талқылау, оны жаңарту бойынша ұсынымдар әзірлеу туралы айта келіп, осы ретте партияның облыстық филиалына аудандар тарапынан түскен ұсыныстарды атап өтті.

IMG-20220423-WA0057

– Осыған байланысты аудандардан тарапынан берілген ұсыныстарды толықтырып, нақтылауға сіздердің пікірлеріңіз бен ұсынымдарыңыз маңызды болып саналады. Сондықтан өздеріңіздің пайымдауларыңызды, нақты тілектеріңізді айтуыңызды сұраймын,-деді Қуандық Насихатұлы.

Алғашқы сөз кезегін алған кеңес мүшесі, облыстық мәслихат депутаты Жаңабек Жақсығалиев қазақта «Алаш» партиясының деңгейінде партия болмағанын айтып, осы партияның тұғырнамасын зерделеуді ұсынды. Ол сондай-ақ бүгінгі таңдағы идеология мәселесінде үлкен кемшіліктер бар екенін, кезінде Кеңес одағы компартиясының ұстанымдары күшті болғанын, билік пен бұқараның арасында мықты байланыс орнағанын, компартияның көбіне-көп зиялы қауымға арқа сүйегеніне тоқталды.

– Зиялы қауымның да сөзі халыққа өтімді болды. Мәселен, компартия үстемдік құрып тұрған шақта оның жанындағы партияның үгіт және насихат бөлімдерінің бір бөлімшесі іспеттес облыстық, қалалық, аудандық «Білім» қоғамынан лекторлар шығып, қала мен ауылдарда коммунистік идеологияны насихаттады. Қазір зиялы қауымның пәрмені тым бәсеңдеп қалғандай. Қазір олардың орнына ілеуметтік желі пайда болып, блогерлер шықты. Блогерлер мен журналистер өздерінің ойына келгендерін айтып, жазады. Халық оларға сенеді.  Бүгінгі таңда идеология мәселесінде жақсартуды, жетілдіруді қажет ететін тұстар көп. Бізде ұлттық мәселелерді көтеріп жүрген жігіттер бар. Олардың ұлтқа жаны ашитын үлкен жобаларын іс жүзінде пайдаға асыруды батыл енгізу керек. Ұлттық құндылықтардан ажырамау қажет. Қазақ тұлғаға, батыс заңға қарап бой түзейді. Бүгінде еліміз  рухани көсемге зар. Бұрынғы Абылай ханның қасындағы Бұхар жырау сияқты рухани көсемдер қазір Президенттің жанында болуы керек,- деді Жаңабек Жаңабайұлы өз сөзінде.

Кеңес төрағасының орынбасары Болат Жексенғалиев  халық пен билік арасында диолог болу қажеттігін , ұлттық қауіпсіздік тілден  басталатынын көпшіліктің назарына салды.

– Орталықшылдық деген бұрынғыны қайталау болып саналады. Қазір ұлттық мүдде дегенді ашып айту керек. Қазақ ұлтының рухани құндылығын дамыту қажет,- деді ол.

Мәжілісте қалалық мәслихаттың депутаты Аида Маратова бүгінгі жастардың басым көпшілігінің сана-сезімдерінің бөлек,  идеологиядан бейхабарлығын, сондықтан  ұжымдарда қазіргі заман тынысынан  жіті хабардар, тәжірибесі мол адамдар жастар арасында идеологияны түсіндіріп,  жүргізу керектігін мәлім етті.

IMG-20220423-WA0056

–Кеңестік идеологияның шет жағасын көре қалдық. Идеология балабақшадан, партадан басталады. Отыз жыл ішінде жастардың бойына жалпы адамзаттық,  ұлттық құндылықтарды сіңіре алмай, үлкен олқылықтар мен қателіктерге орын бердік. Енді соның өтеуін қайтаруымыз қажет,-деген пікірді алға тартса , қалалық мәслихаттың тағы бір депутаты Азима Ғұбашева бүгінгі таңда беріліп отырған мүмкіндікті пайдаланып, партия мүшесінің жауапкершілігіне зор көңіл бөлу, мән беру, сонымен қатар арандатушылардың сөзіне ермей, халықтың бірлігін сақтау қажеттілігін баса көрсетіп айтты.

Кеңес мүшесі Жанат Танабаева Елбасы мақалаларының құр науқаншылдыққа, даңғазалыққа айналып кететінін, сол мақалалар бойынша жасалған жобалардың ғұмыры ұзақ болмайтынына айқын мысалдар келтірді. Ол сондай-ақ елімізде жастар арасында неке бұзу, ажырасушылық өте көбейіп отырғандығын, бұл тұрғыда өкініштісі сол, Орта Азия елдерінің ішінде көш бастап тұрғандығын баян етті. Ол  үш айда облысымыздың Бәйтерек ауданынан 100 жас адам ажырасуға арыз берсе, соның ішінде некеде тек бір-екі ай тұрғандардың баршылығын және сол ажырасатын  келіншектердің  көпшілігінің  нәресте күтіп жүргендігіне қынжылыс білдірді. Сол сияқты жиында «АMANAT» партиясы облыстық филиалының партиялық бақылау инспекторы Афиза Семғалиева, кеңес мүшелері Олжас Сейтимов, Ахмедияр Батырханов, Қанатқали Қожақов  сөз сөйлеп, балалар мен жастар арасындағы тәрбиенің нашарлығын, жастар партиялық идеологиядан гөрі діни уағыздарға көбірек ден қоятынын, көпшілік бүгінде қазақтың «Алаш» деген ұранын бетке ұстау керектігін, сондай-ақ билік пен халық арасындағы байланысты нығайту, депутаттардың белсенділігін арттыру сықылды мәселелер баса назар аударуды қажет ететінін атап өтті.

IMG-20220423-WA0059

Мәжілісте айтылған ұсыныстар мен пікірлер талданып, сараланған соң жинақталып, партияның орталық аппаратына жіберілетін болып келісілді.

Нұрым Нұрманов,

zhaikpress.kz 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале