31.03.2022, 17:50
Оқылды: 108

Патент туралы пайым

Өнеркәсіптік өнертабыс үшін алғашқы патентті Филиппо Брунеллесчи 1421 жылы Флоренцияда алған деп саналады. Ол кеменің айналмалы шүмегін ойлап тапқан. Патенттік құқық тарихындағы маңызды оқиғалардың ішінде 1474 жылғы Венеция патенттік заңын, 1623 жылғы ағылшын монополиялары туралы заңын, 1790 жылғы АҚШ патенттік заңын және 1791 жылғы Француз патенттік заңын атап өтуге болады. Қазіргі уақытта әлемнің көптеген елдерінде патенттік заңнама пайда болды. Әрбір елде ұлттық заңнама техникалық жетістіктер мен әлеуметтік-экономикалық даму ерекшелігіне қарай өзгертілуде.

05

Фотосурет: stopfake.kz

Патенттер саласындағы алғашқы халықаралық келісім 1883 жылы қабылданған Өнеркәсіптік меншікті қорғау жөніндегі Париж конвенциясы болды. Одан кейін бірқатар халықаралық келісім пайда болды. Оларға 1970 жылғы Патенттік кооперация туралы шарт (PCT), 1977 жылғы патенттік рәсім мақсаттары үшін микроорганизмдерді депозиттеуді халықаралық тану туралы Будапешт шарты, 1994 жылғы зияткерлік меншік құқықтарының сауда аспектілері жөніндегі келісім (ТРИПС бойынша келісім) және 2000 жылғы Патенттік құқық туралы шарт (PLT) жатады.

Ең алдымен, патент дегеніміз не екенін түсініп алайық. Алдымен өнертапқыш Ұлттық зияткерлік меншік институтына патенттік өтінім беруі тиіс. Егер өтінім қолданыстағы заңнамада белгіленген талаптарға сәйкес келсе, институт патент береді. Бұл – патенттелген өнертабысқа айрықша құқық беретін заңды құжат, белгілі бір әрекетті орындаудың жаңа тәсілі болып табылатын немесе белгілі бір мәселенің жаңа техникалық шешімін қамтитын өнім немесе процесс. Патент берілгеннен кейін ол өнертабысты егер патент иесі басқа тұлғалардың пайдалануына келіспесе, басқа тұлғалар патент берілген елде шектеулі уақыт кезеңі ішінде пайдалана алмайды. Басқаша айтқанда, патент өнертабысты қорғайды және оның иесіне патенттелген өнертабысты шектеулі мерзімде кімнің пайдалана алатынын  шешуге айрықша құқық береді. Көпшілікке жария болған патенттік құжатта өнертабыстың толық сипаттамасы болады.

Өнертабыстың мысалдары ретінде электр үтігі, түйреуіш, шарикті қалам, телефон және т. б. құрал-жабдықты атауға болады. Патенттің мақсаты – қандай да бір нысанда технологиялық жетістіктерді қорғауды қамтамасыз ету. Әдетте, патенттік қорғау жаңа өнертабысты жасау үшін ғана емес, сонымен бірге бар өнертабысты аяқтау үшін де сыйақы алуға мүмкіндік береді. Патент алу үшін өтініш беруші өзінің өнертабысы туралы ақпаратты жариялауға міндетті. Бұл қоғамның технологиялық білім алуға, инновацияны жандандыруға ынталандырады Осылайша, патенттік қорғау шығармашылық белсенділікті тездетеді және өнертапқыштар мен олардың жұмыс берушілерін жаңа технологияларды дамытуды жалғастыруға шақырады. Патенттер жаңашылдық, өнертапқыштық деңгей және практикалық құндылық критерийлеріне сәйкес келетін өнертабыстарға беріледі. Алайда патенттелген өнертабыстар нарықта сұранысқа ие бола ма, жоқ па, соны анықтау қажет. Коммерциялық сұраныс негізінен көптеген басқа факторлармен, атап айтқанда өнімнің дизайнымен және нарықты жылжыту стратегиясымен қалыптасады. Патенттік қорғау шектеулі мерзімге беріледі. Ол әдетте өтінім берілген күннен бастап 20 жылды құрайды. Патенттің қолданылу мерзімі өткеннен кейін өнертабыс қоғамдық игілікке айналады. Яғни кез келген тұлға оны тиісті елдегі патентті бұзбай коммерциялық мақсатта пайдалана алады.

 

Алтай Маштаков,

облыстық әділет департаментінің бөлім басшысы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале