Ол ЖТС тек мүліктің қымбаттаған бөлігіне ғана салынатынын еске салды.
- Құн өсімі дегеніміз – мүлікті сатып алған бағадан қымбат бағаға сату. Мысалы, пәтерді 10 млн теңгеге сатып алып, 15 млн теңгеге саттым делік. Сонда айырма – 5 млн теңге, және осы сомадан 10% ЖТС төленеді, – деді ол.
Мәселен, егер пәтер 2025 жылдың ақпанында сатып алынып, қарашада сатылса, яғни бір жылдан аз уақыт иелікте болса, онда сатушы құн өсімінен 10% ЖТС төлеуі керек. Ал 2026 жылдан бастап, салық төлемеу үшін мүлік екі жылдан кем емес мерзімде иелікте болуы тиіс.
Алайда бұл талап тек 2026 жылдан кейін сатып алынған жылжымайтын мүлікке ғана қолданылады.
- Егер мүлік 2025 жылы сатып алынған болса, жаңа Кодекс күшіне енгеннен кейін де бір жылдық мерзім қолданылады. Яғни, 2025 жылы сатып алып, 2026 жылы сатсаңыз, екі жыл өтпесе де салық төлемейсіз. Өйткені өтпелі норма бар – 2026 жылға дейін алынған мүлікке бұрынғы бір жылдық ереже сақталады, – деп нақтылады МКК өкілі.
Ал 2026 жылдан кейін сатып алынған барлық мүлік – пәтерлер, жер учаскелері, саяжайлар, гараждар, жеке қосалқы шаруашылық нысандары, автотұрақ орындары – екі жылдан астам уақыт иелікте болуы керек, сонда ғана салық төленбейді.
Бұдан бөлек, құрылысы жүріп жатқан тұрғын үй кешендеріндегі үлес (долевое участие) сатылған жағдайда, құн өсімінен салық салу мерзімі үш жыл болады.
- Себебі мұндай жағдайда азамат дайын пәтер емес, тұрғын үй құрылысына қатысу үлесін сатып алады. Ал баға жыл сайын өсіп отырады. Сондықтан жаңа Кодексте үлес сату немесе қайта тапсыру мерзімі үш жыл деп бекітілді, – деді Аббасова.
Қазақстанда жеке табыс салығының мөлшерлемесі 10%. Алайда 2026 жылдан бастап жаңа Салық кодексі күшіне енеді, оған сәйкес прогрессивті салық жүйесі енгізіледі: жылдық табысы 8 500 АЕК-ке дейінгі (2025 жылы шамамен 33,4 млн теңге) азаматтар үшін мөлшерлеме 10%, ал осы сомадан жоғары табысқа 15% салық салынады.
