«ҚазТрансГаз» АҚ өкілдері «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының қызметкерлерімен бірігіп, қоғамдық қабылдау өткізді.
Қоғамдық қабылдау кезінде жергілікті тұрғындар газ саласының мамандарына көптеген сұрақтар қойып, оған тиісінше жауап алды. Мысалы, қала тұрғыны Борис Чебаков сала мамандарынан тариф бағасының қалай белгіленетінін сұрады. Бұған жауап ретінде Павел Климов тариф бағасын ҚР Экономика және Энергетика министрліктері белгілейтінін айтты. Оның сөзінше, тариф көтерме баға арқылы әр аймаққа әр түрлі белгіленеді. Мысалы, Батыс Қазақстан облысында газдың 1 шаршы метрі үшін 16,85 теңге болса, Шымкентте 31 теңге.
-Тариф бағасы бірнеше жағдаятты есепке ала отырып, белгіленеді. Біріншіден, бұл газды тасымалдау мәселесіне байланысты. Екіншіден, кәсіпорынды жаңғырту жұмысында немесе жөндеген кезде, не болмаса жаңа құрал-жабдық сатып алғанда жұмсалған шығынның орнын толтыру үшін тариф бағасын көтеруге тура келеді. Баршаңызға белгілі, бүгінде еліміздегі газ саласына қатысты кәсіпорындарда құрал-жабдықтардың бірқатары ескірді, солардың қайсыбірі өндіріс қажеттілігіне байланысты жаңартылуда. Осы өңірде Қарашығанақ кеніші бар, ол жерден мұнай-газ өндіріледі. Осыған орай, кейбір жергілікті тұрғындар өз өңірімізде өндірілетін газ бізге арзан жетуі керек деп есептейді. Бірақ, біз газды жер қойнауынан тікелей алып, қолдана алмаймыз. Сіз бен біз қолданып жүрген газ Қазақстан жерінен өндірілгенімен, ол өңделмеген. Біз өңделмеген газды бірден газплитаға жібере алмаймыз. Тұрмыста пайдалануға жарамды ету үшін біз газды алдымен Орынборға жіберіп, оны тазартып, өңдетеміз. Өйткені, өзімізде газ өңдейтін зауыт жоқ. Содан кейін өңделген газды Ресейден өзімізге қайта сатып аламыз. Яғни, қайта өңделген газ бізге Ресей айналып, тұрба арқылы қайтадан келеді. Осы жұмыстың бәрі қыруар ақша тұрады. Міне, осыдан келіп, газдың бағасы көтеріледі. Газдың көтерме бағасы 80 пайыз және тариф бағасы 20 пайызды құрайды. Бұл жұмсалған шығынның шағын ғана бөлігін жабады, -деді Газ саласы ардагерлерінің Республикалық Кеңесінің төрағасы Павел Климов. Астаналық мейманнан кейін сөйлеген Әзімбек Асаров бүгінде облыс бойынша 200 000-дай адамның (87 пайыз) газбен қамтылғанын айтып, қазіргі уақытта өңірімізде ескірген құрал-жабдықтарды жаңғырту бойынша инвестициялық бағдарламалардың жүзеге асырылып жатқанын айтты.
Бұдан кейін қабылдауға Айнагүл Оразғалиева дейтін азаматша келіп, тұрғын үйлерге газ тарттырған кезде оның бағасына нысанның орналасу аумағының әсері бола ма деп сұрады. Оның бұл сұрағына мамандар «Газ тарттыру бағасына нысанның қай аумақта орналасқаны әсер етпейді. Газ өткізу құны әр нысанға жасалған жұмысқа, газ жүйесінен қанша қашықтықта орналасқанына және нысанға неше құрылғы қойылғанына байланысты есептеледі және бұған тағы басқа да факторлар әсер етеді» деп жауап берді.
Бұдан кейін қабылдауға кірген Медет Есләмғалиев деген азамат «Газ саласының мекемелерінде арыз-шағым кітабы бола ма? Және бүгінде «ОралГазТрансАймақ», «БатысТрансГазАймақ» деген мекемелер көп. Бұл мекемелер сіздерге қарай ма?» деп сұрады. Бұл сұраққа «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Батыс Қазақстан өндірістік филиалының директоры Әзімбек Асаров нақты жауап қайырды. Оның айтуынша, ҚазТрансГазАймақ» АҚ Батыс Қазақстан өндірістік филиалына қарасты мекемелердің барлығында арыз-шағым кітапшасы бар. Және сала басшылығына арыз-шағым да жазуға болады, бұған 15 күн ішінде жауап беріледі. Ол, сондай-ақ, «ГазТрансГазАймақ» деген сөзді жалғап алған жекелеген шағын мекемелердің шынынында да көбейіп кеткенін айтып, олардың бәрі бірдей «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-на қарамайтынын айтты. Оның пікірінше, тұрғындарға газ саласы бойынша қызмет көрсетушілерден, ең алдымен жеке куәлігі мен келісім-шарт қағазын сұрау керек.
«Газды қандай жағдайда айырып тастауға болады?» деген сұраққа мамандар заң бойынша газды қауіпсіздік ережесі бұзылғанда және газға төлем төлемеген жағдайда айыруға болатынын айтты. Олардың айтуынша, газды айыру үшін тұтынушыға алдын ала ескерту керек. Сондай-ақ, Элмира дейтін қала тұрғыны өзінің саяжай аумағында тұратынын айтып, өзінің мекенжайына техникалық жағдайды қалай алуға болатынын сұрады. Мамандар техникалық жағдайды алу үшін алдымен мекеме басшысының атына өтініш жазып, содан кейін мекемеге белгіленген құжаттарды әкеліп тапсыру керектігін айтты. Бұл тақырыптағы мәселені қорытындылаған «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Гүлназ Құлжанова, қай сала болмасын, жұмысты ашық жүргізу керектігін қаперге салды. Оның сөзінше, сапасыз жұмыс жөнінде басшыларға бұрынғыдай хат жазып отыру тиімсіз, уақыт кетеді, одан да арыз-шағымды басшыларға электронды нұсқамен жібере салу әлдеқайда тиімді. Партия өкілі тұрғындарға газ саласының жұмысы бойынша ұсыныс-пікірлер болса, оларды жинап, тиісті министрліктерге шығып, депутаттар арқылы шешуге болатынын жеткізді.
Жиын соңында «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Батыс Қазақстан өндірістік филиалы мен «Газ саласы ардагерлерінің Республикалық Кеңесі» қоғамдық бірлестігінің өкілдері ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласын талқылады. Сондай-ақ, газ саласының мамандары газбен жабдықтау жүйесінің нысандарын аралап, жастар арасында шеберлік сағатарын өткізді.
Айша ӨТЕБӘЛІ,
«Орал өңірі»
zhaikpress.kz