8.04.2026, 14:45
Оқылды: 7

«Педагогикалық идеялар панорамасы – 2026» байқауының өңірлік кезеңі басталды

IMG_5312.jpg

Қазақстанда педагогтердің кәсіби шеберлігін арттыруға бағытталған маңызды байқаулардың бірі – «Педагогикалық идеялар панорамасы» республикалық байқауының 2026 жылғы кезеңі басталды. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі қолдауымен 2018 жылдан бері тұрақты ұйымдастырылып келе жатқан бұл байқау жыл сайын педагогтердің үлкен қызығушылығына ие болуда.
Аталған конкурсқа еліміздің барлық өңірлерінен мектепке дейінгі, орта, қосымша білім беру ұйымдарының, сондай-ақ техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының педагогтері қатыса алады. Байқау екі кезең бойынша өткізіледі: аймақтық және республикалық. Өңірлік кезеңде қатысушылар өз педагогикалық идеяларының мазмұны мен өзектілігін жазбаша түрде негіздеп ұсынады. Әр педагог бір бағыт бойынша бір ғана жұмыс тапсыра алады. Ұсынылатын материал авторлық, бұрын жарияланбаған және өзге байқауларға ұсынылмаған болуы тиіс. Ал бейнематериал тек республикалық кезеңге өткен жұмыстар үшін талап етіледі.
Байқау келесі бағыттарды қамтиды:
1. Оқу сауаттылығы
2. Математикалық сауаттылық
3. Жаратылыстану-ғылыми сауаттылық
4. Цифрлық сауаттылық
5. Экологиялық сауаттылық
6. Мәдениетаралық сауаттылық
7. Қаржылық сауаттылық
8. Жаһандық құзыреттер
Соңғы бағыт шетелдік қатысушыларға арналған. Соңғы бағыт шетелдік қатысушыларға арналғанымен, бұл жаңашылдық байқаудың халықаралық деңгейдегі ықпалдастығын арттыруға жол ашады.
Өтінімдер «Өрлеу» БАҰО АҚ ppi.orleu.edu.kz платформасы арқылы 2 наурыз бен 30 маусым аралығында қабылданады.
Байқау материалдарын сараптауға «Өрлеу» мамандарымен қатар TALDAU, British Council, ЮНЕСКО және Қазақстан Ұлттық Банкі өкілдерінің қатысуы байқаудың ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз етеді.
Айта кету керек, 2025 жылы байқауға қатысушылар саны 3 есеге артып, 16 мыңнан астам өтінім тіркелген болатын. Республикалық кезең қорытындысы бойынша Батыс Қазақстан облысының педагогтері жоғары нәтиже көрсетіп, өңір мерейін асқақтатты. Атап айтқанда, жеті қатысушының үшеуі І орын иеленіп, бір педагог ІІІ орынға қол жеткізсе, тағы бір қатысушы арнайы номинацияға ие болды. Бұл – облыс ұстаздарының кәсіби деңгейінің жоғары екенін дәлелдейтін айқын көрсеткіш.
Осыған орай, 2026 жылғы «Педагогикалық идеялар панорамасы» байқауына Батыс Қазақстан облысының барлық педагогтерін белсенді қатысуға шақырамыз. Бұл – өз тәжірибеңізді республика көлемінде танытып қана қоймай, кәсіби дамуға жаңа серпін беретін, шығармашылық әлеуетіңізді шыңдайтын бірегей мүмкіндік.

Индира Бадакова,
«Өрлеу» БАҰО» АҚ «БҚО бойынша КДИ»
филиалының баспасөз хатшысы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале