14.04.2025, 16:15
Оқылды: 370

Педагогтердің кәсіби қауымдастығы – ауыл мектептері дамуының алтын көпірі

Орал қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде білім мен тәжірибе, идея мен ынтымақтастық тоғысқан үлкен алаң — «Педагогтердің кәсіби қауымдастығы: ауыл мектептерінің табысты дамуы үшін ынтымақтастық» атты IX аймақтық ғылыми-практикалық конференция өз жұмысын табысты жүргізді.

IMG_9987

 Бұл алқалы жиынға еліміздің батыс өңіріндегі білім беру саласының майталмандары — Атырау, Ақтөбе, Ақтау қалаларындағы Назарбаев Зияткерлік мектептерінің басшылары, облыстық маңызы бар жалпы білім беретін мектептердің директорлары мен тәжірибелі ұстаздар қауымы онлайн және офлайн форматта қатысты.

 Конференция аясында өткен секциялық отырыстар кәсіби пікір алмасудың, тәжірибе бөлісудің, заманауи педагогикалық әдістерді насихаттаудың маңызды алаңына айналды. Ұстаздар білім беру жүйесіндегі өзекті мәселелер мен олардың шешу жолдарын ашық талқылап, ауыл мектептерінің мүмкіндіктерін арттыру жолындағы ұсыныстарын ортаға салды. Күннің екінші жартысында мектеп қабырғасында жүздескен мұғалімдер кәсіби секцияларға қатысып, білім мен біліктің бәсекесіне айналған мазмұнды шараларға белсене қатысты. Атап айтқанда, Орал НЗМ-нің 8 тірек мектебі арасында ұйымдастырылған педагогикалық кәсіби сайыс қатысушылардың құзыреттілігі мен шығармашылық әлеуетін айқындап берді.

 Постер сессия, пленарлық отырыс, «Педагогикалық дуэт» және шеберлік сыныптары сынды мазмұны терең, форматы түрлі алаңдарда педагогтер өздерінің тың жобаларын ұсынды. Ұстаздар тек тәжірибе бөлісіп қана қоймай, болашақ білім беру ландшафтын қалыптастыруға бағытталған инновациялық бастамаларын ортаға салды. Бұл конференция ауыл мен қала мектебі арасындағы алшақтықты қысқартып, мүмкіндіктер кеңістігін теңестіруге бағытталған ұтымды қадамдардың бірі. Педагогтер қауымдастығының ынтымағы мен өзара қолдауы — білім беру саласының жүйелі дамуы мен сапалы өзгерістердің бастау бұлағы екені тағы да айқындалды.

 

 

Орал қаласындағы

физика-математика бағытындағы

Назарбаев Зияткерлік мектебінің

баспасөз қызметі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале