Екі америкалық альпинист 22 жыл бұрын Перудегі Анд тауларында қар көшкіні салдарынан жоғалып кеткен ер адамның денесін тапты, деп хабарлайды CNN. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі жазды.
Фото: Pixabay.com
Ағайынды Райан Купер мен Уэсли Уоррен Билл Стампфлдың денесін 27 маусымда Уаскаран тауынан тапты.
Альпинистер ер адамның денесін Перудегі Кордильера-Бланканың 6 768 метрлік шыңына барар жолда, шамамен 5 030 метр биіктікте тапты.
Купер CNN-ге ландшафтқа сәйкес келмейтін нысанды байқағанын және оны зерттеуге шешім қабылдағанын айтқан. Оның айтуынша, Стамплдың денесі мен заттары, соның ішінде неке сақинасы, дулыға, альпинистік етік және күртешесі мұз арасында жақсы сақталған.
Ағайындылар америкалық альпинисті денесіне бекітілген сөмке арқылы анықтай алды, оның ішінде оның жеке куәлігі, камерасы, төлқұжаты, әмиян және көзілдірігі – бәрі де бүтін болған.
«Біреу оны жақсы көрді және оның үйге оралуын қалады. Мен оның америкалық альпинист екенін білгенде, біз оның отбасын тауып, оларға жаңалықты хабарлауымыз керек екенін түсіндім», - деді Купер.
Стампфл және оның екі альпинист досы Стив Эрскин мен Мэттью Ричардсон 2002 жылы 24 маусымда Уаскаран тауында қаза тапты, деп хабарлады қызы Дженнифер Стампфл.
Сол кезде Эрскиннің денесі ғана табылды, деді ол. Стампфл қаза болған кезде 58 жаста еді.
Оның денесі 5 шілдеде таудан түсірілді.
АҚШ Мемлекеттік департаменті АҚШ азаматының Перуде қайтыс болғанын растады.