5.04.2022, 10:30
Оқылды: 249

Пестицидтер – минералды тыңайтқыштар

Ауыл шаруашылығы өнімдерін түрлі зиянкестерден қорғау үшін пестицидтер қолданылады. Өйткені оларды пайдаланбаса, зиянкестер  көбейіп кетеді.

050

Пестицидтер улы химиялық заттар болғанмен, фермерлер оларды мол өнім алу үшін қолданады.

Өйткені пестицидтер – минералды тыңайтқыштар. Сонымен бірге  олар өсімдіктер зиян­кестерімен, арамшөптермен күресу, түрлі өсімдік ауруларынан қорғау үшін қажет. Жалпы, зиянкестер химиялық қоспалардың бір түріне тез бейімделеді. Сондықтан оларды зиянкестердің түріне қарай таңдап алу керек. Мәселен, инсектицидтер  зиянды жәндіктерді құртуға арналған. Гербицидтер арамшөптерді жоюға, фунгицидтер аурулардан қорғау үшін, родентицидтер  кеміргіштерге қарсы қолданылады. Айта кету керек, жеке тұрғын үйлерде, ғимараттарда жәндіктерге қарсы (тышқан, тарақан т. б.) дезинфекция жасау үшін родентицидтерді  пайдаланады. Ал кейбір пестицидтерді  елді мекендер мен үй-жайларда пайдалануға болмайды. Өйткені  адамның өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді.

1980-1990 жылдар  аралығында ауылдық жерлерде дуст жиі ұшырасатын еді. Сұрғылт ұнтақты қойдың құрттаған жеріне себетін-ді. Шегіртке мен масаға, басқа да зиянкестерге қарсы қолданды. Алайда қазір дихлордифенилтри­хлорметилметанды (ДДТ), яғни  дустты  пайдалануға болмайды. Себебі оның ыдырауына бірнеше жыл керек.  Әрі  құстарға, жануарларға, адамға  зиян  деп  есептеледі.

– 1940 жылы швейцария химигі  Пауль Мюллер ДДТ-ны ең алғаш синтездеу жолымен тапқан. Препаратты ауыл шаруашылығының зиянкестерімен күресуге пайдалануды ұсынған. Осы жаңалығы үшін ғалым  Нобель сыйлығын алған. Алғашқы кезде бұл затты кесіртке мен көптеген зиянкес бунақденелілерді жою үшін пайдаланды. Әсіресе, ауру таратушы масаларды өлтіріп, миллиондаған адамды безгек ауруынан құтқарды. Кейінірек ДДТ-ның  тірі ағзаға  өте қауіпті екені анықталды. Ол  барлық тірі ағзаларға тіпті балдырларға да зиян. Оның миллиардтан бір бөлігі фотосинтездің жылдамдығын баяулатады. Осылайша атмосфераны таза ауамен қамтамасыз ететін өсім­діктерді жояды. Яғни уланған өсімдікпен қоректенген  жануарлар мен аңдар да жапа шегеді деген сөз, –  дейді ҚР АШМ АӨК МИК БҚО  АИ* өсімдіктерді қорғау  жөніндегі мемлекеттік инспекция бөлімінің бас маманы Данияр Базаров.

Елде  өсімдіктерді қорғау саласы «Өсімдіктерді қорғау туралы» ҚР заңына сай реттеледі. Бүгінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үйірлі шегірткелерден басқа аса қауіпті зиянды ағзаларға қарсы химиялық өңдеуді өз қаражаты есебінен жүргізеді. Себебі соңғы 3-4 жылдан бері қаражат республикалық бюджет есебінен  үйірлі шегірткелермен күресуге ғана беріледі. Ал егістіктерде болатын және ауыл шаруашылығы өнімдеріне зиян келтіретін зиянды бақашық, астық қоңызы және қоңыр тат ауруына,  басқа да зиянкестерге қарсы іс-шараларға қазынадан қаражат бөлінбейді.

– Осы салада ҚР АШМ-ның «Өсімдік шаруашылығы өнімін өндіруді, өткізуді дамыту үшін жағдай жасау»  бағдарламасы қолданысқа енді. Соған сәйкес ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер­дің препараттарды сатып алу шығындары құнының  50%-ы субсидияланады. Яғни демеуқаржы саны зиян тигізудің экономикалық шегінен жоғары және аса қауіпті ағзаларға, карантиндік нысандарға қарсы өңдеу жүргізуге кеткен шығынының тең жартысы үшін беріледі. Алайда кейбір шаруашылықтар қажетті пестицидтерді алуға қаражаты болмағандықтан, өңдеу шараларын жүргізбейді, – дейді  бас маман.

Ел аумағында қолдануға рұқсат етілген  пестицидтердің  тіркелген тізімі туралы анықтама бар. Бұл тізім жаңартылып отырады. Қолдануға рұқсат етілмеген  және жарамсыз болып қалған пестицидтер мен  олардың ыдыстары жойылады.  Жыл сайын облыс аумағына республикалық бюджет есебінен шегірткелерге қарсы түрлі пестицидтер келеді. Аталмыш пестицидтердің бос ыдыстарын жою үшін БҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы арқылы облыстық бюджет есебінен ақша бөлінеді екен. Бас маманның айтуынша, өңірде зиянды ыдыстарды жоятын арнайы орындар (могильники) немесе оларды қабылдап, қайта өңдейтін кәсіпорындар жоқ. Сондықтан босаған ыдыстар басқа облыстардағы көмбелерге тасымалданып, жойылады.

Фитосанитарлық  iс-шаралар адамның денсаулығы мен қоршаған ортаға зиянын тигізбеу керек. Улы химикаттар экологиялық қауіпсіздік, құрылыс және санитарлық-эпидемиологиялық ережелер мен нормалардың талаптарына жауап беретін арнайы қоймаларда сақталады. Оларды белгіленген үлгідегі арнайы санитарлық паспорты бар көлікпен тасымалдайды. Жеке және заңды тұлғалар пестицидтерді аэрозольдік және фумигациялық тәсілдермен қолдануы үшін арнайы лицензиясы болуы қажет.

Пестицидтердi қолдану, сақтау,  тасымалдау кезiндегi қауiпсiздiк талаптары сақталуы тиіс. Бекітілген талаптарды орындамағандар «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» ҚР кодексінің 377-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Облыста  қызметі өсімдіктерді қорғау саласымен тығыз байланысты 298  ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші  бар. Олар  өздеріне тиесілі аумақтарда фитосанитарлық  мониторинг пен iс-шаралар жүргiзуге, зиянкестердің  дамуы мен таралуына жол бермеуге міндетті. Маңызды фитосанитарлық іс-шаралардың бірі – фитосанитарлық есепке алу және оның нәтижесін  уәкілетті құрылымға тапсыру. «Аудандардағы ауыл шаруашылығы құрылымдары басшыларының көпшілігі фитосанитарлық есепке алуға жауапкершілікпен қарайды. Алайда аталмыш іс-шараның қорытындысын  тапсыруға немқұрайлы қарайтын да шаруашылықтар бар», – дейді Данияр Ермекұлы.

Айна Имашева, 

*ҚР АШМ АӨК МИК БҚО АИ – Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі

Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің  Батыс Қазақстан облыстық аумақтық инспекциясы

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале