13.12.2022, 21:57
Оқылды: 36

Петропавлда 47 жастағы жұмысшы құрылыс басында қаза тапты

Оқыс оқиға 5 желтоқсан күні Петропавлдағы Чкалов-Уәлиханов-Мүсірепов-Назарбаев көшелерінің бойында салынып жатқан 126 пәтерлі тұрғын үйдің құрылыс алаңында сағат 15.30 шамасында болған.

Тас қалаушы болып жұмыс істейтін Қалел Маденов жоғарыдан құлап кетіп, ауыр жарақат алды. Зардап шегуші емдеу мекемесінде 6 желтоқсан күні қайтыс болды.

СҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы осы оқиғаға қатысты түсінік берді.

«Қайтыс болған ер адам плита жабындысының үстіне түскен. «Құрылыс-Сервис-СК» ЖШС директоры Еңбек инспекциясына қызмет көрсету шартын қоса бере отырып, жазатайым оқиға туралы хабарлама берді. ҚР Еңбек Кодексінің 186-бабына сәйкес «қызметкерлердің еңбегіне байланысты және еңбекке жарамсыздыққа, не өлімге әкеп соққан денсаулығына зиян келтіру жағдайлары тергеледі». Қайтыс болған Маденов пен «Құрылыс-Сервис-СК» ЖШС арасында азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт жасалғандықтан, бұл құқықтық қатынастар ҚР Азаматтық кодексімен реттеледі. Жоғарыда айтылғандардың негізінде бұл жазатайым оқиға ҚР Еңбек кодексінде көзделген арнайы тергеуге жатпайды», - деп жауап берді мемлекеттік еңбек инспекторлары.

Петропавл қалалық полиция басқармасының мәліметінше, ҚР ҚК 156-бабының 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі материалдар тергеліп жатыр.

Ер адамның қайтыс болуына байланысты қылмыстық іс ҚР ҚК 156-бабының 3-бөлігі бойынша қайта сараланды.

Қазіргі уақытта істің мән-жайын зерделеуге бағытталған тергеу жүргізілуде. Оның нәтижесі бойынша түпкілікті процессуалдық шешім қабылданбақ.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале