Петропавлда қуатталып тұрған телефон өрттің шығуына себеп болды. Салдарынан 56 жастағы ер адам ауруханаға түсті.
Сурет: voskresensk.nethouse.ru
Солтүстік Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға бүгін таңертең болған. Петропавлдағы үш қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатындағы пәтерлердің бірінде өрт шыққан.
«Өрт 5 шаршы метр аумақта болып, жиһаз жанды. Өрт сөндірушілер оны 8 минут ішінде толық сөндірді.
Пәтерде болған 1968 жылғы ер адамға иіс тиіп, уланған екен. Емдеу мекемесіне жеткізілді», - делінген ведомствоның баспасөз хабарламасында.
Мамандардың айтуынша, өрттің шығуына ұялы телефон қуаттағышы себеп болуы мүмкін.
СҚО Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, зардап шеккен ер адам қазір Петропавл қалалық көпбейінді ауруханада ем алып жатыр. Жедел жәрдем көлігімен жеткізілген қала тұрғынының жағдайы өте ауыр.
Жансақтау бөлімінде комада жатыр, өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған.