2.05.2019, 16:28
Оқылды: 75

Пітір садақа мөлшері – 300 теңге

Биыл Рамазан айы 6 мамырда басталып, 4 маусымға дейін жалғасады. Өңірлік коммуникациялық қызметтің баспасөз алаңында өткен брифингте ҚМДБ-ның БҚО бойынша өкіл имамы Еркебұлан Қарақұлов қасиетті айдың шарапаты жайында, ораза ұстау ережелері мен пітір садақаның белгіленген мөлшері туралы әңгімеледі.

 br

Кездесу барысында өкіл имам Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораздың қасиетті ай қарсаңында жасаған үндеуіне тоқталды.

-Биыл Айт мерекесі 5 маусымға тура келеді. Ал қасиетті Қадір түні мамырдың 31-інен 1 маусымға қараған түнге сәйкес келіп отыр. Азық-түлік, әсіресе, бидай мен ұнның орташа бағасын есепке ала отырып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы ғұламалар кеңесі Рамазан айында берілетін пітір садақаның мөлшерін кісі басына 300 теңге деп бекітті. Қасиетті айда жерлестерімізден той-томалақ пен арақ-шараптан, зиянды әдеттерден шектелуді, ораза кезінде берілетін еске алу астарының уақытын ауызашар кезіне қарай ыңғайлауды және қайырымдылық іс-шараларға белсенді атсалысуларын сұраймын. Облыстағы және аудан-ауылдағы әр мешіттің ұжымы жыл сайынғы дәстүр бойынша ауыз бекіткен мұсылман бауырларымыз үшін дастарқан жайып, ауызашар ұйымдастыруды іске асырмақ, - дейді Еркебұлан Ыбырайымұлы.

Мұсылманның бес парызының бірі саналатын оразаны ұстауға ниет еткен жандар арнайы кестемен және қасиетті айға қатысты мәліметтермен muftyat.kz сайтына кіру арқылы таныса алады. Айта кетерлігі, сәресі ішу, яғни ауыз бекіту таң намазының кіруіне 10 минут қалғанда тоқтауы тиіс. Ал ақшам намазының уақыты келгенде ауыз ашылады.

Исі мұсылман үшін қасиетті саналатын Рамазан айы кезінде ораза ұстау тек астан тыйылу ғана емес, сонымен қатар арам ойдан, жамандық жасаудан аулақ болу, нәпсіні тыю және Аллаға бар игілігі үшін құлшылық етіп, алғыс айтуды білдіреді.

Аяужан Кереева,

zhaikpress.kz

oral

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале