23.02.2021, 14:58
Оқылды: 188

Подполковник Бақыт Алазов: «Тәрбиемен шыңдалған патриотизм – Отанды қорғау сәтінде өз жемісін береді»

Жер бетінде Отанын, елін, жерін сүймейтін халық жоқ. Соның ішінде қазақ жұртында да, жалпы шығыс, оның ішінде түркітілдес ұлттарда Отанын, жерін, суын, табиғатын сүюге жастарды тәрбиелеу – көне заманнан бері жалғасып келеді. Отансүйгіштік – қай елдің болмасын алтын босағасы. Адам тәнін жан билесе, Отан тәнін халқының оған деген сүйіспеншілігі билейді. Бұған ешкімнің күмәні жоқ.

Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында «Өз бойымызда және бабаларымыздың бойында жаңа қазақстандық патриотизмді тәрбиелеуіміз керек. Бұл ең алдымен елге және оның игіліктеріне деген мақтаныш сезімін ұялатады» деген сөзінің өзі «Балам деген жұрты болмаса, жұртым дейтін бала қайдан болсын» деген Ахмет Байтұрсынұлының сөзімен үндесетіндей.

Ал патриотизм, алдымен, бұл – отаншылдық, әр адамның өз елi мен туып-өскен жерiне, тiлi мен дiнiне, мемлекетiне деген шынайы сүйiспеншiлiгi. Өз Отанын, өз елiн құрметтеп, қадiрлеу – бiздiң қасиеттi борышымыз, оны қорғау – мiндетiмiз. Отан-Ана деп бекер айтылмаған. Анамызды қалай құрметтесек, Отанымызды да солай құрметтеп, әрдайым оны қорғауға әзiр болуымыз керек. Айтайын дегенiмiз, әскери тәртіп пен  тәр­биенiң адам бойына патриотизмдi сiңiруге үлкен үлес қосатын сала екендiгi.

Ер мінезді болу – тәрбиеден. Осы ретте «Батыс» өңірлік қолбасшылығының әскери бөлімдерінде жауынгерлерді батылдыққа баулып, әскери тәрбие беру жөніндегі ерекшеліктер туралы «Батыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстары жөніндегі орынбасары, подполковник Алазов Бақыт Мағауұлымен сұқбаттасқан едік.

IMG-20210222-WA0070

– Бақыт Мағауұлы, әңгімеңізді осы әскери қызметке келу  жолыңыздан бастасаңыз?

– Бұл мамандықты мектепте оқып жүргенде таңдадым, бұған еліміздегі ерлік дәстүрінің тінінің беріктігі, кішкентайымыздан отаншылдық рухта тәрбиеленгеніміз әсер еткені анық. Өмірде сан ал­уан мамандық болғанымен, адамдардың сарбаздар мен сардарларға құрметпен қарайтыны жасырын емес. Шын мәнінде, әскери қызметкер ерлік пен өрліктің үлгісін көрсете білуі тиіс.

Мен Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданы Ново-Александровка ауылында 1977 жы­лы 4 сәуірде көпбалалы отбасында дүниеге келіппін. Әкем Мағауя Алазов мамандығы диканшы, тың игеруші,  Социалистік еңбек ері, Ленин орденің екі мәрте иегері, Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы, анам Райхан Алазова бала тәрбиесімен айналасты. Отбасында сегіз баламыз, бес ұл, үш қыз.

Өзім 1997-2001 жылдары Петропавл қаласындағы Ішкі әскерлерінің  Жоғарғы әскери училищесінде оқыған кезімде алдымнан өзге әлем ашылғандай болды. Әскери жарғыны қатаң сақтау, әскери антқа адал болу, бұйрықтар мен өкімдерді бұлжытпай орындау – мен үшін айнымайтын қағидаға айналды.

Әскери оқу орнын тәмамдағаннан кейін 2001-2006 жылдар аралығында Шымкенттегі ішкі әскерлердің Оңтүстік құрамасына қарасты әскери бөліміне келіп, патрульдік рота командирінің орынбасары, рота командирі, батальон командирінің тәрбие және әлеуметтіқ-құқықтық жұмыстары жөніндегі орынбасары қызметін атқардым.

Сонау Оңтүстіктен кейінгі қызметім елордасы – Нұр-Сұлтан қаласында жалғасын тапты. Бұнда Ішкі əскерлер комитетінде тəрбие жəне əлеуметтік-құқықтық жұмыс басқармасында қызмет жасадым. Кейін 5512 əскери бөлімінде батальон командирінің орынбасары, 6679 əскери бөлімінде тəрбие бөлімінің бастығы, 6679 əскери бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстары жөніндегі орынбасары қызметтерін атқардым.

2010-2012 жылдары Щучинск қаласындағы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Ұлттық қорғаныс университетінде оқыдым. Ал 2013 жылдан Өскемендегі «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы колбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстары жөніндегі орынбасары лауазымына тағайындалдым. «Шығыс» өңірлік қолбасшылығында екі жылдай болып, 2015 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық бас басқармасының саяси тіл және ақпарат бөлімінің бастығы, содан соң бас басқармасының әлеуметтік-құқықтық бөлімінің бастығы болдым.

2017 жылы Петропавл қаласында Əскери институт бастығының тəрбие жəне əлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық бас басқармасының орынбасары қызметін атқардым.

2019 жылдың  қаңтар айында осы еліміздің батыс өңіріндегі «Батыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тəрбие жəне əлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары қызметіне кірістім

IMG-20210222-WA0112

- Мінезіңізге, өміріңізге әскер қатарында болу әсер етті ме?

- Адам армандай білу керек екен. Жастық шағымда, дәлірек айтқанда мектеп қабырғасында «военный» болуды армандадым. Бірыңғай орыс тілінде оқытатын мектепте білім алдым. Спорттың біраз түрімен айналыстым.

Әскери салада болғаным өміріме, мінезіме айтарлықтай әсерін тигізді. Біріншіден, уақытты бағалайсың, жоспарлап жүруді үйренесің, артық сөйлемеуге тырысасың. Сөзге, уәдеге берік боласың, тәртіпке бағынасың.

– Қазіргі кезде Ұлттық ұлан әскерінің рухын көтеру бағытында қандай жұмыстар атқарылады? Бұл бағытта қандай да бір бағдарламалар бар ма?

–  Әрине, онсыз болмайды. Әскери адам үнемі қадағалауда болуы қажет. Ол үшін сарбаздарымызға патриотизм бағытындағы әңгімелер әрдайым айтылуы қажет. Мұндай ортада өз кезегінде жамандықтың орын алуы кемде-кем. Біз құқық бұзушылықтың алдын алу үшін ол жайлы тым-тырыс үндемей қоюдан гөрі, керісінше сол туралы ұдайы айтып, көрсетіп отырсақ ұтарымыз көп болады.Әскери патриоттық рухта тәрбиелеу аса маңызды.

Естеріңізде болса, бала кезімізде ата-аналармыз бізге «жамандық жасама», «біреудің ала жібін аттама», «олай істеме, былай істе» деп айтып тәрбиелеп еді ғой...

 Родители

- Енді патриотизм туралы әңгімемізді жалғастырсақ. Қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету – патриотизмнің басты көріністерінің бірі? Сіздің ойыңызша, патриотизмнің бастауы неде?

– Әскери жарғылардың негiзгi идеясы — патриотизм, әрбiр жауынгердiң Отанды қорғаудағы жауапкершiлiгi, әскери боры­шына, әскери антына шексiз берiл­гендiгi. Әскери жарғылар барлығы бiр мақсатқа бағыттал­ған. Олардың мақсаты – әскер қатарында темiрдей берiк тәртiптi сақтау, жауынгерлердi оқыту мен тәрбиелеудi бiр жүйеде жүргiзу, әскери iстi осы заманғы әскери өнер мен ғылым талаптарына сай ұйымдастыру және жүргiзу.

Әскери орта – нағыз ер аза­маттарды, патриоттарды тәр­биелеп шығаратын орын. Әскери құрылымда әр адам жан-жақты шыңдалып шығады. Жас ұрпаққа сапалы бiлiммен бiрге, саналы тәрбие беру қай кезде де өзек­тiлiгiн жоғалтқан емес.

Менің пікірімше, патриоттық тәрбиені бойына сіңіре алмаған, бала кезінен батырлар туралы ертегілер тыңдап, елдікті, ерлікті ұлықтайтын өлеңдер жаттап, аңыз-эпостық шығармаларды етене қабылдамаған, былайша айтқанда ұлттық рухты қанына сіңірмеген жігіттің бойында мейлі бес кісінің қайраты болса да, ол патриот атана алмайды.

Ең басты күш – тәрбие. Тәрбиемен шыңдалған патриотизм – Отанды қорғау сәтінде өз жемісін береді. Сондықтан патриотизм отбасынан басталады деп сенемін. Туған жерге деген сүйіспеншілік туған табалдырықты құрметтеуден басталады. Жоғары сөздер мен пафоссыз біз өз отбасымызда ұл-қыздарымызға Отанның және патриотизмнің аса қажетті сезімін дарытуға тиіспіз. Онсыз адам жоқ.

- Подполковник мырза, «Батыс» өңірлік қолбасшылығының әскери бөлімдерінде тәртіп пен тәрбие мәселесі төңірегінде қандай игілікті істер жүзеге асуда?

- Ата-бабамыз қай заманда болмасын, кейінгі жас ұрпақтың тәрбиесіне ат үсті қарамаған. Керісінше, оларды ұлттық үрдіске ұйытып, ең негізгісі жүректеріне отансүйгіштік қасиетті қалыптастыра білген. Міне, дәл осындай терең мәнді тәрбиенің арқасында, сан қилы тағдырдың талауына түссе де атамекенін және туған халқын жаудан қорғап, ұлан-ғайыр жерге ие бола білгеніне тарих күә.

Ата-бабамыздың ұлағатты ісін жалғастырып, кең байтақ елімізді көздің қарашығындай сақтай білу – Қазақстан Республикасының әрбір азаматының басты парызы. Бүгінгі заман талабына  сай оның  ішкі  қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртібін қадағалау – құқықтық әскерлер  қызметінің  негізігі міндеті.

Ұлттық ұлан жауынгерлері қашан да темірдей тәртіп пен сапалы тәрбиеге баса назар аударады. Сонымен сіз қойған сауалдың түп-төркініне көшейік. Әрине, біз де басқа өңірліктегі әскери бөлімдер секілді тәртіп пен тәрбиеге ерекше мән беру үстіндеміз. Патриоттық тәрбие беру, келешек  ұрпақты отансүйгіштік рухта тәрбиелеу – баламен, жастармен жұмыс  жасайтын әр педагогтың, лауызымды тұлғаның басты міндеті. Қоршаған ортадан алған тәрбиесі оның бүкіл ғұмырына азық болады. Сол секілді біз де әскерге келген жастарға дұрыс бағыт-бағдар береміз.

Негізінен әскери тәртіп – кез келген әскери орындардың ішкі және сыртқы заңнамаларына сәйкес қабылданатын бірыңғай қабылдану және орындалу міндеттемесі. Әскери тәртіптің ішкі түріне әр сарбаздың дұрыс киінуі, ерте жатып, ерте тұруы, тамақтануы, уақытқа жұмыс жасауы және тазалық жатса, сыртқы тәртіпке қару-жарақты дұрыс пайдалану, әскери технологияларды меңгеру сынды әрекеттер жатады.

Әскери тәртіптің адам баласына әсер ету маңыздылығы жоғары. Біріншіден, жеке тұлғаның өзіне-өзі жауап бере алуы. Әрбір сөз бен іске жауап беру кез келген адамның бойында болатын қабілет емес. Ал әскери адамдардың бұл қасиетке жақын болуы – ішкі тәртіптің күштілігінде.

Екіншіден, тазалық мәселесі. Адамның өзіне ғана ұқыпты болуы аздық етеді. Әскери орындарда көйлектің жағасын жуу, үтіктеу – ең алғашқы талаптардың бірі болса, оған қоса төсек-орынды дұрыс жинау міндеттері де бар. Әскерге барып борышын өтеген әрбір азаматтың бойында жігіткен тән сабырлы мінезбен қатар, адами құндылыққа сай жақсы қасиеттер қалыптасады.

Үшіншіден, сөзден іске көшу. Патриоттық тәрбие жолында жасақталған сарбаздың бойында қалыптасатын тағы бір қасиет – іске көшу. Сөздің бос екенін түсіну, әрекет болмай қарекет болмайтынын сезіну.

Әскери тәрбие біз айтып өткен тәртіптердің орындалуын және дұрыс жағынан қалыптасуын қадағалайды. «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деп Бауыржан Момышұлы айтып кеткендей, патшасына бағыну, еліне бағыну, халқына бағыну – қасиет.

Әскери орындардағы азаматтың санасына сіңіретін патриоттық тәрбиенің ең басты екі талабы: тәртіп пен тәрбие. Ал қалған әрекеттер – әскери адамның ырқынан тыс орындалу керек міндеттер.

Өңірліктен ротаға дейінгіәрбір әскери құрылым командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстары жөніндегі орынбасары лауазымы енгізілген. Сонымен қатар әскери бөлімдерде командирдің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөнідегі бөлімшелері жұмыс жасайды.

Біздің қызметтің өзге әскери салаларға қарағанда өз ерекшеліктері бар. Түзеу мекемелеріндегі сотталғандарды күзету, қала көшелеріндегі қоғамдық тәртіпті сақтау – барлығының да өзіндік қиындығы бар. Қолбасшылық тарапынан осы қиындықтарды жеңуге жағдай жасалып қана қоймай, тәрбиелік жұмыстардың да ойдағыдай жүруіне мән беріледі. Сондықтан әрбір сардар жеке құрамның арасында тәрбие қызметін талапқа сай жүргізуге тырысады. Жеке құрамның мемлекеттік-құқықтық, жауынгерлік дайындық барысында жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуіне тәрбие жұмыстарының қосар үлесі зор. Кеңес Одағының маршалы, төрт мәрте Кеңес Одағының  Батыры Г.Жуковтың «Тәртіп – жеңістің анасы» деген  сөзі біздің ұранымыз іспеттес.

Біздегі әскери бөлімдердегі әйелдер кеңесінің әрбір мүшесі жауынгерлермен жиі араласып және күнделікті тұрмыс-тіршілігін көзден таса қалдырмайды. Қысқасы, дәл  осылай түбегейлі жұмыс істеу арқылы жауынгерлердің тәртібін нығайтып, тәрбиесін тереңдетуді көздейміз.

– Сіз қалай ойлайсыз? Бүгінгі күні тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстарды жүргізетін әскери қызметшілердің жұмыс жүйесінің нақты механизмі қалыптасқан ба?

- Әрине. Бүгінде тәрбие және идеологиялық жұмыстардың  барлық бағыттарында  қолайлы механизмдер жеткілікті. Мемлекеттік-құқықтық даярлық, ақпараттандыру, өзіндік шығармашылық, бұған қоса  жеке құраммен жұмыс  жасаудың жаңа түрлері де енгізілуде. Әскери қызметтің сапасын  арттыруға бағытталған көптеген іс-шаралар атқарылуда. Әсіресе, психологиялық қабілетіне қарай жүздіктерге бөлінеді. Қарауыл мен жауынгерлік кезекшілікке түсетін қызмешілерге аса мұқият көңіл бөлінеді. Психологиялық тестілеуден өтпеген әскери қызметшілер қарауыл мен жауынгерлік кезекшілікке түсуге жіберілмейді.

– Әскердегі тәрбие жұмысын одан әрі жетілдіруге қатысты өзекті  мәселелер қандай?

- Ашығын айтқанда, әскери ұжымда болып жатқан жағдайларды үнемі біліп отырамыз. Барлық санаттағы әскери қызмешілермен үнемі жасырын  сауалнама өткізіледі. Осындай сауалнамаға әскери қызметшілер толықтай қамтылады. Өзекті мәселелер лауазымды тұлғаларға жеткізіледі. Бірінші кезекте маңызды сұрақтар шешіледі. Әскери тәртіпті бұзуға жақын әскери  қызметшілер демалыс және мереке күндерінің алдында бір топқа жинастырылады. Оларға Қазақстан Республикасының Заңдары түсіндіріледі, саптық жарғы мен басқа да жарғылар бойынша сабақтар  ұйымдастырылады. Казармалық үй-жайларда «Жауынгерлерге – Заң  туралы» бұрыштамалар жасақталады. Онда  әскери қызметті өтеуге байланысты қолданыстағы заңнамаларға түсініктемелер беріледі. Барлық казармалар мен штабттарда бөлім басшыларының ұялы телефондарының нөмірлері жазылып тұр. Әскери қызметшілер көкейде жүрген сауалдарын СМС-хабарлама арқылы да жолдай алады. Хабарламада баяндалған фактілердің анық-қанығы шұғыл тексеріліп, тиісті шаралар қабылданады. Осындай тәсілдердің көмегімен болып жатқан жағдайлар зерттеліп, жеке құрамның моральдық-психологиялық  ахуалының  мониторингі  жасалады.

- Алға қойып отырған жоспарларыңызбен бөліссеңіз?

- Мақсатымыз – үстіміздегі жылды жоғары көрсеткіштерімізбен табысты қорытындылау. Бұған қолдан келгенше барлық күш-жігерімізді аямай жұмсаудамыз. Қалай болған күнде де, біздерге босаңсу құқы берілмеген. Себебі біз еліміздің ішкі тыныштығын қадағалайтын тәртіптің  әскеріміз.

- Әңгіме соңында өз отбасыңыз жайында айтсаңыз? Сіз бос уақытта немен айналысқанды ұнатасыз?

- Мен 2003 жылы отбасын құрдым. Жұбайымның есімі –Жанна. Жұбайыммен бір сыныпта бірге оқыған едім. 2014 жылы Айлана атты қызымыз дүниеге келді. Айлана мектепте оқиды. Зайыбым қазір үйде бала тәрбиесімен айналысады, оған дейін ішкі істер органдарында қызмет атқарды. Офицерлік шені «аға лейтенант».

Бос уақыт көп емес, бірақ қолым босағанда айналысатын екі хоббиім бар. Отбасыммен табиғатта серуендегенді жақсы көремін және қыста шаңғы тебемін. Сондай-ақ соғыс, ерлік, қарапайым адамдардың батылдығы, ұлы батырлар мен қолбасшылар туралы шығармалар оқығанды ұнатамын. Әсіресе, Бауыржан Момышұлы, Георгий Жуков, Константин Рокоссовский жайындағы кітаптар мен деректерді оқимын.

- Бақыт Мағауұлы, мазмұнды сұхбатыңыз үшін рахмет!

 

Сұхбаттасқан:

Ерболат Сұлтанов,

подполковник

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале