Бүгін Теректі ауданының Подстепное ауылында жаңғыртылған балалар кітапханасы ашылды. Бұл игі іске облыс әкімдігі, «Қазақстан халқына» және «Тана» қоғамдық қоры қолдау көрсетті. Облыста «Ауыл кітапханаларын модернизациялау» жобасы аясында 25 кітапхананы жаңғырту жоспарланып отыр.

Жап-жаңа, әдемі безендірілген кітапхананың ашылуына облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының білім, мәдениет және спорт саласындағы бағдарламалар мен жобаларды басқару орталығының басшысы Бауыржан Оразғалиев, «Тана» қоғамдық қорының басшысы Камила Лұқпанова және Теректі ауданының әкімі Әлия Мұхамбетжанова, облыстық, қалалық, аудандық ОКЖ директорлары, кітапханашылар, оқырмандар, оқушылар қатысты.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда берген тапсырмасына сәйкес облыста кітапханаларды жаңғыртып, көпшілік бас қосатын мәдени орталыққа айналдыру бағытында жұмыс атқарылуда. Бұл «Қазақстан халқына» және «Тана» қоғамдық қорларының, облыс әкімдігінің қолдауымен жүзеге асуда. Жуырда Бәйтерек ауданында төрт кітапхана жаңғыртылды. Бүгін түске дейін осындай кітапхана Жаңақала ауданында ашылды. Подстепное ауылындағы балалар кітапханасы – жоба аясында ашылған алтыншы нысан. Жергілікті тұрғындарға қуаныш сыйлаған қос қорға алғысымды білдіремін. «Ауыл кітапханаларын модернизациялау» жобасының мақсаты – тұрғындардың кітап оқуға деген қызығушылығын артыру, ауыл кітапханаларын заманауи қауымдастық орталықтарға айналдыру. Мұнда бос уақытты тиімді өткізуге жағдай жасалған, – деген облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Хаберұлы кітапхананың ел игілігіне қызмет ететініне сенім білдірді. Қуанышқа ортақтасқан қор басшылары да жылы лебіздерін білдірді.

Бұдан соң келген қонақтар кітапхана ішін аралап, жан-жақты қызметімен танысты. Кітапхананы жаңғырту үшін «Қазақстан халқына» қоры қаржы құйса, «TANA» қоғамдық қоры заманауи технологиялармен жабдықтаған. Яғни мұнда жастар білім алып, шығармашылық қабілеттерін дамытып, жаңа идеяларды жүзеге асыра алады. Сол үшін саз әлемі, шығармашылық шеберхана, ІТ кеңістік, балаларға арналған шығармашылық алаң, кинозал бөлімдері бар.

Толығырақ «Орал өңірі» газетінен оқи аласыздар.
Айна Имашева
Сурет авторы: Мәди Салық
«Орал өңірі»