1.06.2017, 10:16
Оқылды: 53

Полицей қызметтен қуылды

Pokicei jymistan kuildiБҚО ІІД жанындағы консультативтік-кеңесші органның отырысы өтті. Онда 18 мамырда «Уральская неделя» газетінің сайтында бейнежазбасымен бірге жарияланған «Кричал, что он хозяин в поселке...» мақаласындағы «басты кейіпкер» Бөрлі ауданының Успенов ауылының учаскелік полиция инспекторы Самат Жаймағамбетовтың дөрекі әрекеттері талқыланды.

        Мақалада жазылғандай, биылғы сәуір айында ақсайлық Эльдар Мұқашев отбасымен бірге көлігімен Успенов ауылынан Ақсайға келе жатқанда артынан патрульдік көлік қуып жетіп, жолын бөгеген. Көліктен үстінде азаматтық киімі бар жігіт түсіп, өзін таныстырмастан Э.Мұқашевтің көлігінің моторын сөндіріп, кілтін тартып алған. Сосын өз көлігімен кетіп қалып, біраз уақыттан кейін полиция формасын киіп қайтып келеді де дөрекілік танытып, күш көрсетіп, қолына кісен салады. Оның айық еместігін дәлдеу үшін Ақсайдағы медициналық тексеріске алып барам деген желеумен күштеп патрульдік көлігіне мінгізеді. Сосын далаға апарып ұрып-соғады. Артынан ешқайда апармастан Ақсайдағы жақын маңдағы аялдамаға тастап кеткен. Учаскелік полицейдің күш көрсетіп, Э.Мұқашевтің қолына кісен салып жатқан сәттері ұялы телефонның бейнекамерасына түсіп қалған. Осы бейнекадр көпшілікті аяғынан тік тұрғызды.

-Бүгін біз консультативтік-кеңесші органның жиынын өткізуге мәжбүр болып отырмыз. Оған газет сайтындағы мақала түрткі болды. Бұл мақаланы жұртшылық оқып, әркім өздерінше пайымдап, сыни пікірлерін білдіруде. Полиция қызметкерлерінің тірнектеп жинаған абыройын Бөрлі аудандық ішкі істер бөлімінің учаскелік полицейі өзінің тұрпайы іс-әрекетімен көпшілік алдында айрандай төкті. Осындай оқиғалардан кейін қоғамда полицияның оң имиджі қалай қалыптасады, ішкі істер органдарына деген сенім қалайша артады?! Ол қызметкердің тікелей басшылары қайда қарады? Мұндай келеңсіздіктерге алдағы уақытта жол бермеу үшін не істеуіміз қажет? Кеңес барысында осыларды талқылайтын боламыз. Құрметті консультативтік-кеңесші органның мүшелері сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіз, айтар ақыл-кеңестеріңіз полиция қызметкерлеріне, соның ішінде жастарға игі ықпал етер деп сеніммен осы мәселені талқыға салып отырмыз,- деді жиынды ашқан БҚО ІІД бастығы, полиция генерал-майоры Мақсотхан Әблазимов.

Жиында баяндама жасаған БҚО ІІД бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Бағдар Әбуовтың айтуынша, мақала жарияланғаннан соң облыстық ішкі істер департаментінің бастығы Мақсұтхан Әблазимовтің өзі Бөрлі ауданына арнайы барып, жеке құраммен жиын өткізді. Департаменттің өзіндік қауіпсіздік басқармасымен тергеу амалдары жүргізіліп, нәтижесінде полиция қызметкері тарапынан заңға қайшы әрекет орын алғандығы анықталды. Тергеудің қорытындысы көрсеткендей, демалыс күні С. Жаймағамбетов қызметтік көлігінде 2012 жылы туған ұлымен келе жатқанда жол апатына себепші болатын жағдай туғызды деген желеумен Э.Мұқашевтың көлігін тоқтатқан. Қызметтік куәлігін көрсетпестен дөрекі сөйлесіп, заңсыз іс-әрекеттер жасап, Э.Мұқашевтың зайыбының, сәбиінің көзінше негізсіз күш қолданған. Артынан аудандық ішкі істер бөліміне апармастан, ешқандай шешім қабылдамастан босатып жіберген. Бұл жөнінде кезекшілік бөлімге не тікелей басшылыққа хабарламаған. Ал Э.Мұқашев болса полиция қызметкерінің келтірген дене жарақатына байланысты емдеу орнына қаралып, шағым түсірген. Бұл тергеу қорытындысы департаменттің тәртіптік кеңесінде қаралып, қызметтік өкілеттілігін өрескел бұзғаны үшін С. Жаймағамбетовті ішкі істер органы қатарынан шығару туралы шешім қабылданды.

Айта кету керек, жыл басынан бері аталмыш аудандағы тәртіп сақшыларының өрескел қылықтарына байланысты орын алып отырған бұл екінші оқиға. Біріншісі, Ақсай қаласында ішімдікке сылқиы тойып алған полиция қызметкері күндіз жалаңбас күйінде қоғамдық көпшілік орында дәрет сындырып тұрғаны әлеуметтік желілерге шықты. Жиын барысында сөз алған Бөрлі аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы, полиция подпоковнигі Арман Мұхамедьяров бұл екі деректе де өзінің кінәсінің бар екенін мойындады. Алдағы уақытта мұндай келеңсіздіктерге жол бермейтінін айтып ант-су ішті. Деген де департамент басшылығы бұл істерге байланысты қатаң шара алынатынын жеткізді.

Жиын барысында консультативтік-кеңесші органның мүшелері ауылға учаскелік полицейлерді тағайындағанда халықтың пікірін ескеру қажеттілігін, ішкі істер органдары қызметкерлері арасында тәрбие жұмысын күшейту, ішкі тәртіпті қатайту турасында өз ой-пікірлерін ортаға салды.

Отырысты қорытындылған Мақсотхан Әблазимов егерде болашақта осындай оқиғалар орын алса, олар да консультативтік-кеңесші органда қаралып, кінәлі қызметкерлерге әділ жазалар берілетінін мәлімдеді.

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале