Бүгін «Nur Otan» партиясы облыстық филиалында партияішілік іріктеудің, яғни праймериздің бірінші кезеңінің аяқталуына орай салтанатты жиын өтті. Шараға облыс әкімі Ғали Есқалиев қатысып, үміткерлер мен ұйымдастырушылардың бірқатарына алғысхат табыстады.
– Бәріңізге мәлім, партиямыздың көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасымен еліміздің партиялық-саяси даму тарихында бірінші рет «Nur Otan» партиясының праймеризі өтті. Бұл – Елбасының бастамасымен қолға алынған «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам» партия жұмысын «қайта жандандыру» бағдарламасының қорытынды кезеңдерінің бірі. Аймақтарда көптеген жас буын өкілдері саяси сайыстың не екенін сезінді, көрді. Аудан, қала, облыс деңгейінде саяси аренаға жаңа тұлғалар шықты. Елімізде саяси мәдениет қалыптастырудың институты жанданды. Осы саяси шараға қатысып, белсенділік таныттыңыздар. Облыс бойынша тіркелген 460 үміткерден, дауыс беру кезеңіне 421 үміткер өтті. Үш күн қатарынан онлайн дауыс беру жүрді. 85 пайыздан астам партияластар өз таңдауын жасады. Жоғары рейтингке ие болған үміткерлерді келесі жауапты кезең күтіп тұр, – деді облыс әкімі Ғали Есқалиев.
Сондай-ақ шарада өңір басшысы диалогтарға белсенді қатысқан үміткерлерге алғысхат табыстады.
Гүлсезім Бияшева,
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер